Бұл дүрмектен кім ұтпақ?
Бұл дүрмектен кім ұтпақ?
Апта басын дүрлігіп қарсы алдық. Brent маркалы мұнай бағасы тоқсаныншы жылдардан бері құлдырап көрмеген деңгейге бір-ақ түсті. Рас, 30-32 доллар ешкім күтпеген баға еді. Ал кеше 36-37 долларға өсті деп сүйінші сұрап отырмыз. Себебі алдағы уақытта мұнай бағасының бұрынғы деңгейге көтерілуі қиындау болмақ, онсыз да коронавирустың өршуі қара алтынға сұранысты азайтты. Ал енді Ресей мен Сауд Арабия­сының баррель бағасына келісе алмауы – жығылғанға жұдырық болып тиді. https://www.youtube.com/watch?v=E4iVku6AEy8 Дүйсенбіде Президент шұғыл жиын өткізді, Ұлттық банк пен Үкімет бірлескен мәлімдеме жасады. Жалпылама сипаттағы мәлімдеме кей сарапшыларды сендіре қоймады. Ал Үкіметтің отырысында нақты қандай жұмыстардың қолға алынатыны айтылды. Бірінші кезекте әдет­тегідей бюджеттің шығынын азайтып, әлеуметтік міндет­те­мелерді толық орындаймыз деп уәде берді. Ал бұған күмәнмен қарайтындар аз емес. Экономикалық саясат инс­титутының директоры Қайыр­бек Арыстанбековтің айтуын­ша, мәлімдемеде квазисектор­дың үлесін азайту, көлеңкелі эконо­миканың көлемін қыс­қарту секілді маңызды міндеттер ай­тылмаған. Яғни, ұлттық ком­па­нияларды бюджет есебінен асырау жалғаса береді деген сөз. Сондай-ақ мәлімдемеде импорт алмастыру саясатын ұстану, Еу­разиялық экономикалық одақ­тағы сауда жағдайымызды түзеу туралы да ештеңе жазылмаған. «Бізде дәстүрлі функция бо­йынша қыруар қаражат көз­дел­ген. Ең алдымен соларды қыс­қарту керек. Бұл – мемлекеттік аппарат, құқық қорғау орган­дары, қорғаныс саласы. Бұдан басқа да қаражат көп жұмсалып жатқан баптар бар. Соларды қысқарту қажет. Екіншіден, мемлекеттің көлемін қысқарту керек. Мемлекеттің көлемі деген макроэкономикалық тұрғыдан, елдің аумағы немесе халқының саны емес. Бұл – Ұлттық банк, Үкімет және жергілікті бюджет­тердің барлық шығынының жиынтығы. Соны қысқарту керек. Егер осындай жауапты бюджет саясаты жүргізілсе, әлеуметтік міндеттер, әлеуметтік нысандарды қаржыландыру мәселесі болмайды», – дейді ол. Бір қарағанда, Үкіметтің ке­шегі отырысы оптимизмге толы. Олар тіпті доллардың қымбат­тауы азық-түлік бағасына әсер етпейтініне сенімді. «Азық-түлік бағасына маусымдық жағдайлар, тауарлық кедергілер, бәсекенің болмауы әсер етуі ықтимал», – дейді. Яғни, доллардың құны емес. Бірақ доллар бағасы ша­рықтаса, шетелден келетін же­міс-жидек, ірімшік, шұжықтың бағасы қатар өсетінін біздің ха­лық жақсы біледі. Өйткені олар­ды долларға сатып алады. Біздің билік мұнай бағасы бензин бағасына да әсер етпейді дегенге сендіріп жатыр. Бензин бағасы еркін айналымда, бағасы тұрақты, қажет жанар-жағармай қоры жеткілікті дейді. Әрине, сенгің келеді, бірақ экономист Қуаныш Оңалбаев мұнай бағасы 35 доллардан төмендесе болды, бюджет пен ұлттық қорға түсетін салық азаяды, мұнай компания­ларының табысы төмендеп, жұ­мыссыздық артады, тіпті теңге құлдырауы мүмкін дейді. «Экономикада «Голланд ау­руы» деген термин бар. Пайдалы қазбаға бай елдерде кен өндіру саласы қарқынды дамиды да, бас­қа секторлардың табысы аза­йып, дамуы бәсең жүреді. Қазақ­станда осы картинаны байқауға болады. Мемлекеттік бюджетте мұнай бағасының бір баррелі 55 доллар болады деп жоспарланған, ал қазіргі бағасы 36 доллар. Бүгінде бюджетіміздің 44 пайызы мұнай-газ секторынан құралады. Ендеше ортақ қазынамыз қанша шығын көретінін жобалай беріңіз», – дейді Қ.Оңалбаев. Ұлттық банк баға тұрақтылы­ғын қолдап, теңгенің құнын қор­ғау мақсатында бүгіннен бастап базалық ставканы және пайыздық дәлізді жылдық 12 пайызға дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Теңгенің еркін өзгермелі айырбастау ба­ғамы режимін ұстанады, алайда қандай да бір күтпеген өзгеріс­тер болса, қаржы жүйесінің тұрақты­лығын қамтамасыз ету үшін валюталық интервенция жүр­гізіледі. Ұлттық банк бұған дейін де интервенция жасағаны есімізде. Мәселені шешудің басқа тетігін қарастырмай, интервенцияға иек арту шарасыздықты білдірсе керек. Басқаша айтса, теңге бағамын ұстап тұру үшін алтын қорын ысырап ету деген сөз. 2015 жылы осы мақсатта 28 млрд доллар шығындалды. Бірақ со­ңынан теңге бәрібір еркін айна­лымға кетті. Яғни, валюталық интервенция да тығырықтан шығар жол емес, өйткені нарық бәрібір өз дегенін істейді. Бір қызығы, Экономикалық зерттеулер институты мұнай баға­сының кешегі мен бүгінгі бағасын сараптай келе, бұл про­цесті қысқамерзімді құлдырау деп бағалады. Себебі жағдайға ОПЕК+ аясындағы Сауд Ара­биясы мен Ресейдің келіспеуші­лігі ықпал етті. Ал арзан мұнай Ресей мен Сауд Арабиясына тиімсіз. Сондықтан тараптар көп ұзамай бір мәмілеге келеді деп санайды. Әр істің қайыры бар дейтін халықпыз, мұнай бағасының түсуі халықты талапшыл етіп тәрбиелейді деген пікірді де құптағымыз келеді. Бәлкім, бұл жағдай Үкіметтің ширауына сеп болып, мұнай-газ секторынан басқа салалардың да дамуына жол ашылар. Сондықтан Үкімет­тің экономикалық шаралары өз нәтижесін береді деген көңілді нотамен нүкте қойғымыз келеді.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ