Кейбіреулер бұл заң «ерлердің бәсін төмендетеді», «әйелдер құтыратын болды» десе, кейбіреулер жылдар бойы тұншығып, зорлық-зомбылыққа төзіп келген әйелдер мен балалардың құқығын қорғайды, әйел мен еркектің тең құқықтылығына қызмет етеді дейді. Әсілінде, заң баршаға ортақ, әрі Конституция да адамды ер немесе әйел деп бөлмейді.
Дегенмен өзі де жарылайын деп тұрған сыздауықтың жарасын тырнағандай-ақ, соңғы уақытта шаңырақтың шайқалуына қатысты мәселе қоғам талқысына жиі ілігіп жүр. «Ел құлағы елу» дегендей, интернет заманында «отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге» ауызды жапқанша жалпақ жұртқа жайылып үлгереді. Бишімбаев кейсі, Салтанат заңы, Әйтеновтер әпербақандығы секілді шулы мәселелер де тақырыптың «дәмін келтіріп», «тұздыққа» жарап тұр. Ал көзге көрінбей, айташысы келіспей, жабулы күйінде соңы қайғылы аяқталған отбасылық кикілжіңдер қаншама?!
Біз олардың бірін білсек, бірін білмейміз де. Себебі шаңырақтан шыққан шатақ кейде «ұят» күйінде бүркемеленіп, әмбеге аян бола бермейді. Бірақ шыдам шегінен шыққанда, кімнің болса да жанайқайы жаһанға жар сала мемлекеттік деңгейде шешімін күткен мәселеге айналады. Әлеуметтанушы мамандардың айтуынша, қазіргі отбасылар кризис кезеңінде, ол бірнеше факторларға байланысты. Мысалы, нарықта жұмыссыздық болса, ол отбасыға әсер етеді және барлық ауыртпалықтың салмағы отбасыға түседі. Кез келген саладағы тұрақсыздық, мысалы, урбанизация, инфляция, сонымен қатар жұбайлардың отбасылық және бала алдындағы жауапкершіліктен қашқақтауы, тәлім-тәрбиенің кемшіндігі түбінде отбасы құндылығының құлдырауын тездетеді.
– Қоғам тұрақты болсын десек, барлық саланы тұрақтандыру керек. Экономика, саясат, әлеумет, құқық, білім, медицина сияқты барлық сала тұрақты болуы керек. Егер олай болмаса, міндетті түрде ажырасуға, зорлық-зомбылыққа әкеледі. Сондықтан отбасыға көмек керек. Бірақ ол жеткіліксіз. Әлеуметтану ғылымы тұрғысынан қарайтын болсақ, көптеген зерттеулер де «басты құндылықтарымыз қандай» десек, ересектер де, жастар да «отбасы» деп жауап береді. Ары қарай «отбасы не үшін керек. Отбасы сізге қандай мүмкіндік беріп жатыр» деген сұрақтарға терең үңілетін болсақ, отбасын адамның қажеттілігі деп қарастыруға болады, – дейді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова.
Жастардың отбасын құруға құлқы жоқ
Классикалық түсінікте мықты әрі берік отбасы кез келген қоғам дамуының және тұрақтылығының кепілі саналады. Алайда қазіргі жағдайда отбасының мықтылығы емес, мемлекеттің мықтылығы, мемлекеттің, яғни дәстүрлі отбасы институтын қорғай алуы және қолдай алуы маңызды болып отыр.
Мәселесінің ушыққаны сонша, 2024 жылғы 4 наурызда жаңартылған Petrelli Previtera мәліметіне сенетін болсақ, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орында тұрған көрінеді. Десе де, Ұлттық статистика бюросының бізге берген ақпаратына сәйкес, соңғы жылдары ажырасу рекордтық төмен көрсеткішке жеткен: былтыр 16,8 мың жұп ажырасқан және бұл 2022 жылға қарағанда 5,3%-ға аз. 2024 жылдың үш айында ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 4,6-ны құраған. Салыстырар болсақ, 2023 жылы 120,9 мың жұп неке қиған болса, бұл 2022 жылға қарағанда 6%-ға төмен. Сондай-ақ соңғы бірнеше жылда отбасын құратын жұптар саны да кеміген. 2023 жылы қалаларда тіркелген неке саны – 6,4%-ға (80 мыңға дейін), ауылдарда 5,1%-ға (40,9 мыңға дейін) азайған. Ашық дереккөздерде әлемде 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады деген ақпарат айтылады.
– Қазақстанда ғана емес, әлемде отбасын құру статистикасы төмендеп жатыр. Мәселен, дамыған Оңтүстік Кореяда жастар өздерін дамытумен ғана айналысқанымен, отбасы құруға құлқы жоқ. Осы әлемдік тенденция бізге де келді, – деді Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазинова.
Мұның жақсы үрдіс емес екенін түсінген әлемнің мен деген елдері мәселеге алаңдап, тиісті шара қабылдап, түйінді түйткілді тарқатудың жолдарын үнемі жетілдірумен келеді. Сол сияқты «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова біздің қоғамда оң өзгерістерге қол жеткізу үшін күнделікті отбасы құндылығын насихаттайтын маңызды шаралар қажет дейді.
– Менің ойымша, отбасылардың ажырасуының басты себебі – жастардың некеге дайын еместігі. Бұл мәселе тиісті дайындықтың жоқтығынан және неке мен отбасы институтын дұрыс түсінбеуден туындайды. Көптеген жастар некенің маңызын түсінбей жатып үйленеді. Неке – бұл екі адамның заңды немесе ресми бірлестігі ғана емес, сонымен бірге өзара түсіністік, шыдамдылық пен күш-жігерді қажет ететін ұзақмерзімді міндеттеме. Алайда көбінесе жастар бұл жауапкершілік пен күрделілікті түсінбейді. Дәстүрлік салттарға сүйеніп отбасы құруға туысқандардың ықпалы да өзінің сәтсіздігін дәлелдеген қоғамымыздың түйіні. Керісінше, білім алып, өзінің тұлға ретінде қалыптасқан уақытында отбасы құратын жанұялар әлемдік статистикаға сәйкес ажырасудан бас тартады, – деді Әлия Қалқаманқызы.
Біздің елімізде де мемлекет тарапынан отбасы иститутын сақтап қалуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және құрметтеуге бағытталған бірқатар әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық қолдау шаралары қолға алынған. «Мерейлі отбасы» секілді басқа да көптеген жоба-жоспарлар бар. Мемлекет жасап жатқан бұл жұмыстардың нәтижесі әзірше көңіл көншітпей отыр. Осы орайда америкалық психиатр Морган Скотт Пек: «Ешнәрсе идеал болмайды, екі шикі болмыс бір шаңырақ астында өмір сүргенде ұрыс-керістің болуы заңды. Өйткені екі түрлі тәрбиені, танымды көрген азаматтар. Демек, үйленгенге дейін, отау құрмас бұрын алдын ала бір-бірінің осал тұстарына талдау жасап, бағдарлау қажет», – дейді.
Үйлену – рулық, елдік мәселе
Отбасын жоспарлау және модельдеу, жастардың бірін-бірі жете тануы, бағалауы туралы түсінік қазақтың ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпында ертеден бар. Тарихшы-этнограф, профессор Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, қазақ «Тең-теңімен, тезек қабымен» деп текке айтпайды. Тарихи тұрғыдан қарасақ, отбасын табиғи, яғни сезімге бағындырып құру дәстүрлі қазақ қоғамына тән емес, ол жерде үйлену – жеке адамның шаруасы емес, әулеттің, тіпті рудың араласуымен іске асатын күрделі мәселе. Бізге махаббатты дәріптеген батыс қоғамының да отбасы институтына өте салмақты қарайтыны үйленуші жұптың арасында жасалатын екіжақты келісімшарттан көрінеді.
– Әрине, қазіргі күні жаңа қазақ отбасы табиғи (стихийно) құрылып жатыр, дау жоқ. Екі жас кездесті, көзге көз түсті, қолға қол, махаббат, яғни табиғаты оянып кетті, үйленді, бірақ осы табиғи үйлену жақсы отбасын құруға қаншалықты кепіл? Менің ойымша, он пайыздай ғана кездейсоқ бір-біріне әлеуметтік, мәдени тағы басқа сәйкестігі барлары тұрақты, үлгілі отбасын құрады, отыз-қырық пайызы ұрыс-таласпен өмір сүре береді, қалған жартысы біраз уақыт төбелесіп, ажырасып кетеді, – дейді ғалым.
Жамбыл Омарұлы отбасын әуел бастан, сонау үңгір кезеңінен қалыптастырған және осы күнге дейін ұстап келген әйел адам екенін айтады. Ғалымның айтуынша, әлемнің озық халықтары сияқты қазақ та әйел құқығына ерекше қараған, тіпті қазақ заңдары мен дәстүрі әйелге батыстан да көп еркіндік берген. Бұл мәселе туралы В.Радлов та жазған.
– Қазақ ортасында үй құру үшін сіз 47 жылқы қалың мал төлеуіңіз керек, бұл сіздің шаруашылық жүргізе алатын отбасының өкілі екендігіңіздің кепілі. Екіншіден, келіншек өзінің отауымен, үй жиһазымен, тіршілікке қажет дүниесімен, яғни жасауымен келеді. Үшіншіден, жаңа түскен келін көп ұзамай атасы отауға деп еншіге бөлген ұсақ малдың, яғни қой-ешкінің жеке-дара иесі құқығын алады. Қазақ ортасында бір қара шұнақ тоқтыдан он отар өсірген бәйбішелер де, он отарды бір қара шұнақ тоқтыға жеткізетін берекесіздер де болады. Меншік – отбасылық тіршіліктің экономикалық негізі! – дейді ол.
Яғни, жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтанушы мамандардың алға тартып отырған қоғамдағы экономикалық және басқа да салалардағы тұрақтылық (Отаннан басталған отбасы тұрақтылығы) және отбасындағы бақыт тұжырымдамасы осы идеямен тамырлас үндес десек болады. Әрі қазақ қоғамындағы «Отбасын еркек құрады, әйел ұстайды» деген ұғымның түп төркіні де осында болса керек. Сонымен қатар ұлттық ұғымдағы бақытты отбасының құпиясы «еркек басты, қатын басшы» деген тәмсілмен де төркіндес екенін айтады Жамбыл Артықбаев. Өйткені адам шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап орындалуға тиіс қазақ салтындағы ырым-жоралғылар жайдан-жай пайда болмаған. О бастан адам өмірінің «тал бесіктен жер бесікке» дейінгі өмірі жоспармен, санада қалыптасқан белгілі бір модельмен, жоспарлы заңдылықпен жүзеге асуы керек. Әйтпегенде, сезім жетегінде, тіпті бейсаналы түрде «ойнақтап жүріп от басып», «бесіктен белі шықпай» өмірге ұрпақ әкелетін, буыны қатпай отбасын құратын, ыстығы басылмай ажырасатын фактілердің шегі болмайтынға ұқсайды.
Мұқағали Мақатаев «Бақыт деген – сенің бала күндерің» дейді. Иә, ақын бақыт балалық шақта ғана болады деп отырған жоқ, жалпы «Бақыт деген – бірде шаттық, бірде мұң» дейді. Өкініштісі, қазір қоғамда бақыт үшін бірге қуанып, бірге күресетін жұптардың азайып бара жатқандығы. Жеке бас араздығы, арадағы түсініспеушілік жұбайлардың бірін-бірі сыйлау деңгейіне көтерілмеген қалпы, баланың бақытын ұрлауға дейін жетіп отыр. Ал баласы бақытты болмаған қоғамның соры қалың...
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ