Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, сенаторлар Әсем Рахметова және Ләззат Қалтаевамен бірге Солтүстік Қазақстан облысына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және мәслихат депутаттарымен кездесуде көктемгі су тасқынының салдарын жою, зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету, мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау және тағы басқа мәселелер талқыланды. Депутаттар Петропавлдағы облыстық перинаталдық орталық базасында ашылған «Қамқорлық» орталығында болды.
Сенат депутаты Андрей Лукин Астана қаласындағы «Сарыарқа» ауданы әкімдігінің басшылығымен кездесті. Кездесу барысында аудан халқының тұрмыс жағдайын жақсарту және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру туралы маңызды әлеуметтік мәселелер талқыланды. Сенатор халықтың осал топтарына әлеуметтік қолдауды күшейту, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ауданның инфрақұрылымын дамыту қажеттігіне назар аударды.
Сенат депутаттары Сұлтанбек Мәкежанов пен Нурия Ниязова Алматы қаласының тұрғындарымен кездесті. Сенаторлар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту жолында Парламент қабылдаған заңдар мен атқарылған жұмыс туралы айтып берді. Сондай-ақ кездесуде әлеуметтік қолдауды жақсарту, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі бастамалар да талқыланды.
Сенат депутаты Амангелді Толамисов Абай облысының Жарма ауданында болып, Боранбай би кесенесінің жанындағы «Батыр бабалар шайқастары жолымен» экспедициясының ашылуына қатысты. Шара барысында депутат аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, оларға биыл Сенат мақұлдаған заңдар туралы айтып берді.
Сенат депутаты Жанна Асанова Алматы қаласында Almaty Creative креативті индустрияны дамыту орталығында сала мамандарымен және Алматы қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Онда аталған саладағы жеңілдіктер, гранттар және қаржыландырудың басқа да нысандары сөз болып, осы бағытты дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың маңызды екені айтылды.
Сенат депутаты Нұрлан Бекенов Ақмола облысындағы аудандардың тұрғындарымен кездесті. Депутат Бұланды ауданындағы Қараөзек ауылының тұрғындарымен кездесу кезінде Аққайыңдағы су құбырын күрделі жөндеу және жаңғыртуға қажетті қаржы бөлудің ықтимал тетіктерін талқылады. Кездесулерде халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін осы мәселелерді жедел шешу қажеттігі атап өтілді. Сенатор Бурабай ауданында бірқатар маңызды жобаны іске асыру барысымен де танысты.
Сенат депутаты Сергей Ершов Қарағандыда қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Жүздесу қаланы дамыту, жолдар және әуе қатынасы мәселелеріне арналды. Онда қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында көлік және инфрақұрылым саласындағы қаланы дамыту проблемаларын шешудің маңыздылығы айтылды. Депутат Приозерск қаласындағы әскери бөлімде болып, әскери дайындық барысымен танысты және бөлімнің әскери қызметшілерімен кездесті.
Сенаторлар Советбек Медебаев пен Серік Шайдаров Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады. Олар кездесу барысында қоғам қайраткерлерімен және мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөнінде өз пікірлерімен бөлісті. Сенаторлар Жезқазған қаласындағы ауызсу тазарту-шаруашылық құрылысын жаңғырту жобасымен де танысты
Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысында болған кезде ұзындығы 6,138 шақырым болатын М-1 жылу жүйесін жаңғырту жұмысымен, Төле би даңғылындағы 11 үйдің қасбеттері мен шатырларын жөндеу және 24 көпқабатты үйдің кескін-келбетін жаңарту барысымен де танысты. Сенатор Тараз қаласындағы 2023 жылы 7 256 үй сумен қамтамасыз етілген «Құмшағыл», «Шөлдала» және «Казарма» саяжайларындағы магистралдық су құбырының құрылысында болды. Байзақ ауданындағы 45 орындық емдеу мекемесін, Сарыкемер ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені мен Көптерек ауылдық округіндегі 90 орындық мәдениет үйінің құрылысын аралады.
Сенатор Жанна Асанова Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі әңгіме барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тетіктерін іздеу мәселесі басты тақырып болды. Кездесуге департамент басшылығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекші мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың, сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері және Алматы қалалық мәслихатының депутаттары қатысты.
Сенат депутаты Евгений Больгерт Солтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарында болды және өңірдегі кәсіпорындар мен қауымдастықтардың өкілдерімен кездесті. Петропавлдағы Б.Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжінде, Достық үйінде болып, «Жомарт жан» өңірлік орталығының өкілдерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және өңірдегі этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен кездесті.
Сенат депутаттары Геннадий Шиповских пен Алишер Сатвалдиев Қызылорда облысындағы Қазалы ауданында болды және құрылыс жұмысымен, кейбір әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Сондай-ақ сапар барысында аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады және ағымдағы мәселелерді талқылады. Әйтеке би ауылындағы халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап салынып жатқан үйдің құрылысымен танысты.
Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысында жергілікті тұрғындармен, мәслихат депутаттарымен және аймақ басшылығымен кездесті. Жүздесуде өңірдегі медицинаны, білім беру мен өнеркәсіпті дамыту мәселелері және жолдардың жай-күйі талқыланды. Риддерде көпсалалы аурухана салу мәселесіне ерекше назар аударылды. Сенатор Булавкина республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бұл жобаның сақалды құрылысқа айналмауы маңызды екенін атап өтті. Депутаттар сондай-ақ өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен де кездесті.
Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы Баянауыл ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының барысымен танысты. Депутат құрылыс алаңындағы кездесуден кейін Баянауыл ауда-
нының ақсақалдары және активімен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын талқылады. Ол Мұса Шорман ауылының тұрғындарымен де кездесті. Жүздесу кезінде Сенат қызметінің қорытындылары, сондай-ақ академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған шараларды іске асыру барысы туралы айтып берді.
Сенат депутаты Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы Астрахан және Бұланды аудандарының тұрғындарымен кездесті, бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралады. Астрахан ауданындағы Старый Колутон ауылында ауыл тұрғындарымен кездесіп, суға шайылып кеткен кіреберіс жолды жөндеу және дәрігерлік-амбулаториялық пункт салу мәселелерін талқылады. Бұланды ауданындағы Капитоновка және Иванковка ауылдарында тасқыннан зардап шеккен азаматтарға арнап салынып жатқан үйлер құрылысымен танысты.
Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Талдықорған қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, Қоғамдық кеңестің өкілдерімен және мәслихат депутаттарымен кездесті, жаңадан салынған «Жетісу Арена» спорт кешенінде болды және волейбол мен үстел теннисіне арналған оқу-жаттығу кешендерінің құрылысымен танысты.
Ғалиасқар Сарыбаев осы өңірде орналасқан 5 514 әскери бөлімде де болды. Кездесу барысында жауынгерлік дайындықты арттыру, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету және әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды. Әскери қызмет жағдайын жақсарту, оқыту, кәсіби даму және білім беру гранттарын беру тақырыптары да қозғалды.
Сенат депутаттары Айгүл Қапбарова мен Алишер Сатвалдиев Шымкенттегі №1 және №2 қалалық ауруханалардың жұмысымен танысты. Дәрігерлер органдар донорлығына қоғамда оң көзқарас қалыптастыру, донорлар тапшылығының алдын алудың заңнамалық тетіктерін жетілдіру жөнінде пікір алмасты. №2 қалалық көпсалалы ауруханада сенаторларға нейрохирургия орталығының жұмысы туралы айтылды. Ұлттық нейрохирургиялық орталықта инсульт алған пациенттердің жан-жақты қалпына келуіне мүмкіндік беретін ангиографиялық құрылғы орнатылған, онда білікті дәрігерлер жұмыс істейді.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласының сот және полиция өкілдерімен кездесу өткізіп, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Соттағы кездесуде заңнамадағы сот жүйесін реформалау және құқық қолдану жөніндегі өзгерістерді талқылады. Кеңес барысында Полиция департаментінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері сөз болды. Полиция департаментінің бастығы сенаторға қаладағы қылмыстың 24,8%-ға төмендегені туралы баяндады.
Сенат депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті. Сенатор қаладағы кейбір әлеуметтік маңызды нысандарда да болды. Кездесу барысында өңірдің 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыру, Балқашта туристік кластер құру және Приозерск қаласында туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Депутат сондай-ақ Приозерск қаласын сапалы жылумен жабдықтаудың маңыздылығына назар аударды.
Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысының тұрғындарымен, облыстық және қалалық әкімдіктердің басшылығымен, сондай-ақ мәслихат депутаттарымен бірқатар кездесу өткізді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жақында болған су тасқынының салдарын жою және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері – кездесулердің негізгі тақырыбы болды. Онда облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда биліктің барлық деңгейлері арасындағы үйлестірілген іс-қимылдың маңыздылығы айтылды. Сенатор кездесулер барысында инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жақсарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру мәселелеріне баса назар аударды.
Сенатор Сәкен Арубаев Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында болды және өңірдегі инфрақұрылымды жақсартуға арналып салынып жатқан бірқатар нысанды аралады. Ол аудан тұрғындарымен кездесу барысында ауылдарға сапалы ауызсу жеткізуге баса назар аударды. Тұрғындар ауызсуы жоқ Түктібай және Ақтөбе ауылдарына таза су құбырын жеткізу мақсатында былтыр жобалық-сметалық құжаттар әзірленгені туралы депутатқа айтып берді.
Н.Қосай