Бүгін 20 шілдеде тамыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10-15 тамыз аралығында өтеді.
Ғылым және білім министрлігіндегілер тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізілетінін атап өтті. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
Негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгерте алады.
Тамыз айындағы ҰБТ-ға биылғы және өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, қандастар (ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар), шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға, басқа мамандықтардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер және жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер қатыса алады. Сонымен қатар жоғары оқу орнына ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
Барлық бес ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балл жинай алмаған талапкерлерге ЖОО-ға шартты түрде ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі. Ары қарай олар 2025 жылы қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ-сына қатысып, жоғары оқу орнында оқуын жалғастыру үшін қажетті шекті балын жинай алады.