Жұқпалы ауру түрлері азаймай тұр
Жұқпалы ауру түрлері азаймай тұр
473
оқылды
Былтыр елімізде түй­неме (сібір жарасы) ау­руына байланысты 12 оқи­ға тіркелген. Ста­тис­тика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2018 жылы мұн­дай жағдай екі рет қана кездесіпті. Айта кетейік, сібір жарасы – мал және жабайы жануарларда кездесетін аса қауіпті әрі кең тараған инфекциялы ауру түрі. Төрт түлік атаулыға қатты тиетін індетті қазақ халқы әр түліктің атасына қарай әрқалай ат берген. Мәселен, қойда – топалаң, жыл­қыда – жамандат, сиырда – қа­расан немесе қараталақ, түйеде – ақшелек, қарабаз деп аталады. Ал малдан адамға жұқса түйнеме болады, күйдіргі шықты дейтін болған. Түймеше ауруы – еліміз оша­ғын түпкілікті жойып жібере алмай келе жатқан инфекцияның бірі. Жыл сайын Қазақстанда сібір жарасына қатысты қыруар қаражат бөлініп, малға екпе салынады. АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау коми­тетінің мәліметінше, 2019 жылы 35,4 млн вакцина бөлініп, төрт түлік 100% егіліпті. Алайда былтыр аталған ин­фекция республикада он екі адам­да тіркелгені мәлім болып отыр. Мамандар түйнеме адамға сібір жарасымен ауырған малды сойған кезде және оның өнімін ішіп-жеген кезде жұғатынын айтады. Сонымен қатар былтыр қаң­тар-желтоқсан аралығында жо­ғары тыныс жолдарының жұқ­пасы бойынша 539 228 жағдай тіркелсе, функционалды диа­рея – 12 382, тыныс органда­ры­ның туберкулезі – 8 438, жел­шешек – 41 841, тұмау – 2 213, қышыма – 669, қызылша – 576 және көкжөтел – 147 болған. Аталған ауру түрлері қауіпті инфекциялық сырқатқа жатады. Әйтсе де, елімізде ауруға қарсы шараларға бөлінген қара­жат та көлемді. Статистика ко­ми­тетінің дерегінше, 2019 жыл­дың төртінші тоқсанында ден­саулық сақтау қызметі саласына бөлінген қаражат 389,9 млрд теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,1%-ға (357,3 млрд теңге) жоғары. Осы қаржының 207,8 млрд теңгесі ауруханалар қызметіне жұмса­лыпты. Ал тұтастай алғанда был­тыр еліміздің денсаулық сақтау қызметі саласына бөлінген қаражат көлемі 1,3 триллион теңгеге жеткен. Жұқпалы аурулар таралуы­ның көрсеткішін өңірлер бо­йынша алып қарасақ, Қызылорда облысында функционалдық диарея (4 450 жағдай), Нұр-Сұлтан қаласында тұмау (232 жағдай) және нақтыланған басқа да бактериялық ішек жұқпалары (1 189 жағдай) тіркеліпті. Сон­дай-ақ Алматы облысында ты­ныс органдарының туберкулезі (889 жағдай) және мерез (412 жағдай), Шығыс Қазақстан облысында ротавирустық энте­рит (187 жағдай), Маңғыстау облысында битшеңдік (243 жағ­дай) анықталды. Ма­­ман­дар жұқпалы аурудан, әсіресе көктем, жаз мезгілінде барынша сақтанып жүруге кеңес береді. Ең алдымен қарапайым санитарлық нормаларды ұмыт­пау керек. Көшеде тамақтанудан барынша абай болып, көбірек су ішкен жөн.   Дастан ДУМАН