Коронавирусқа бола Қазақстанда мектептер босап қалуы мүмкін. Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин бұл індеттің кең таралуына тосқауыл қою үшін білім ордаларында қашықтықтан оқытуды енгізу мәселесі қарастырылғанын мәлімдеді. Білім және ғылым министрлігі елде Сovid-19 тіркеліп, таралған жағдайда қолға алынатын шаралардан тұратын құжаттар топтамасын әзірлепті. Ондағы ұсыныстардың бірі қашықтықтан білім беруді көздейді.
«БҒМ тиісті құжаттар пакетін дайындады. Ондағы ұсыныстардың бірі – техникалық мүмкіндік бар жерлерде қашықтықтан оқыту. Бұл тек жоғары оқу орындары мен колледждерді ғана емес, сонымен қатар мектептерді де қамтиды», – деді Жандарбек Бекшин.Ол кейбір университет бұдан бұрын да дистанциялық режимде оқытуды жүргізгенін хабарлады.
«Біз оған қарсы емеспіз. Бұл – қалыпты тәжірибе. Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар ұсынатын игілікті кең пайдаланған жөн», – деді еліміздің бас санитар дәрігері.Ол бүгінде айтылған ұсыныстар топтамасын мемлекеттік органдар талқылап жатқанын жеткізді. Ақпарат құралдарының мәліметінше, қазақстандық ЖОО-лар мен колледждер студенттерді аудиторияға жинамай-ақ сабақ өткізуге дайындығын пысықтап жатыр. Коронавирус 100-ден астам елде табылып үлгерді. Сондықтан Қазақстан оның алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізуде. Мысалы, M.Narikbaev atyndaǵy KAZGUU Universiteti өкілі, доцент Сергей Пен қажет болса, оқу орнының онлайн-форматқа көшуге толық дайын екенін білдірді. Университетте үш жылдан бері арнайы тұғырнама жұмыс істеуде. Оқытушылар мен шәкірттердің тілдесуі және талқылаулар сонда жүрмек. Бұл – халықаралық тәжірибе. Көрші Өзбекстанда да үш ірі университет шәкірттерін қашықтықтан оқытатын болды. Айхан ШӘРІП