Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ірі сауда орталығы салынады. «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының құрылысы туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook парақшасында жазды. «Жақын арада біз оңтүстік бағытында ауқымды сауда жобасы – Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының (ХСЫО) құрылысын іске асыруға кірісеміз. Бұдан екі жыл бұрын Мемлекет басшылары деңгейінде уағдаластыққа келген болатынбыз. Ал нақты шараларды біз әріптесіміз – Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаковпен талқыладық. Наурыздағы әйелдер мерекесіне қарамастан бiз онымен келешек ХСЫО орны – «Жібек Жолы – Гишт Куприк» шекара бекетінде кездестік» деп жазды министр. Б.Сұлтанов жазғандай, ХСЫО – Орталық Азия елдерімен сауда ынтымақтастықтың маңызды элементі. Мұнда тек көтерме-бөлшек сауда нысандары мен олардың инфрақұрылымы ғана салынып қоймай, маңызды көлік-логистикалық орталық та құрылады. Яғни, әлемдегі экономикалық тұрақсыздық, бағаның төмендеуі, коронавирустың халықаралық саудаға қатері, туризмнің бәсеңдеуі жағдайында көршілермен сауданы арттыру ең оңтайлы тәсіл. «Бүгінде Орталық Азия – 71 млн адамнан астам халқы бар серпінді өңір. Ішкі аймақтық еңбек бөлінісі үшін үлкен мүмкіндіктер бар, өңір елдері бір-біріне тиімді өткізу нарығы саналады. Және біздің елдеріміздің қазірдің өзінде өзара белсенді ынтымақтастық жасауының да маңызы зор», – деді ол. Айта кетейік, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 5,1 млрд долларды құрады. Бұл ретте Өзбекстан Қазақстанның өңірдегі ірі сауда әріптесі саналады. Қазақ елінің бауырлас елдермен өзара саудасының 60 пайыздан астамы Өзбекстанның үлесіне тиесілі. Сауданың өсу қарқыны 2017 жылдан бастап жалғасып, орта есеппен 30,7 пайызды құраған. Өткен жылы көрсеткіш төрт миллиардтық шектен асып, бес миллиардқа жақындап қалды. «Сондықтан ХСЫО құру – елдеріміздің экономикалық кооперациясын одан әрі күшейтуге әсер етеді және «Оңтүстік-Солтүстік, Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің маңызды жобаларының бірі болып табылады. Ол өңірден басқа елдерге бағытталған үлкен тауар құбырының бір бөлігі болмақ. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта Қазақстанда көтерме-тарату орталықтары мен агро-логистикалық орталықтар желісін қамтитын тауар өткізу жүйесін құру жұмысы жүргізілуде. Осыған ұқсас инфрақұрылым көрші Өзбекстан мен Қырғызстанда да құрылуда» деп атап көрсетті Б.Сұлтанов. Жалпы, ХСЫО жобасын іске асыру Қазақстан үшін оңтүстікке қақпа ашып қана қоймай, осы мемлекеттердің үшінші елдерге, бірінші кезекте Ресейге, Еуропа мен Қытайға тауарларды бірлесіп экспорттауы үшін бірыңғай тетік құруға мүмкіндік береді. Өйткені ХСЫО-ға өте жақын маңда 2 ірі агломерация – Шымкент пен Ташкент орналасқан. Тікелей жақын жерде ірі және дамыған инфрақұрылымдық тораптар – Сарыағаш теміржол стансалары, «Жібек Жолы» халықаралық өткізу бекеті, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы бар. Тәуекел ДУМАНҰЛЫ