Сальмонеллезден сақтан

Жыл басынан бері Алматыда саль­монеллез ауруына шалдыққан науқас­тар саны көбейген.

 Қазір ша­һардың Са­нитар­иялық-эпиде­мио­логиялық бақылау депар­таменті ауру­дың 2023 жыл­ғы көр­сеткішпен салыстырғанда екі есеге дейін ар­тқанын айтып дабыл қағады. Дәлірек айтсақ, биылғы ал­ғаш­­қы жарты­жыл­дық­та сальмо­нел­лезбен сырқаттан­ған науқастар көр­сет­кіші 100 мың тұр­ғынға шаққанда 1,40 пай­ызды құраған. Ал аталған ауру түріне кез­ік­кен науқастардың ара­сында 14 жа­с­қа де­й­­інгі балалардың үлес сал­мағы 25 пай­ызға жетіп отыр. Күн­делікті өмірде көпшілік біле бер­мейтін, бірақ адам ден­саулығы үшін аса қауіпті бұл қандай дерт? Оның адам бойын­да байқалатын алғашқы бел­гілері қандай?

Сальмонеллез – асқазан-ішек жолдарына әсер ететін жедел жұқпалы ауру. Инфекцияның қоздырғышы – Salmonella тұқымдасына жататын микроорганизмдер. Бұл ауру түрі қаламызда көбіне жаздың аптап ыстық мезгілінде ауа температурасының көтерілуіне, сондай-ақ азық-түлікті сақтау ережелерінің бұзылуына байланысты тіркеледі. Науқас адам, бактерия тасымалдаушылар және үй жануарлары – сальмонеллездің негізгі инфекция көзі саналады. Ауру негізінен нәрестелер мен егде жастағы адамдарда ауыр өтеді. Мамандардың айтуынша, инфекцияның берілу жолдары әртүрлі. Соның ішінде тамақ арқылы берілу жолдары жиі кездессе, екіншіден тұрмыстық қолданыстағы заттар арқылы таралады. Онымен қоса, тіршілік көзі саналатын су да – инфекцияның берілу жолының бір түрі. Дегенмен мамандар инфекцияның су арқылы таралуы сирек кездесетін жағдай екенін айтады. Қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық департамент мамандарының сөзінше, инфекцияның резервуары – ірі қара мал, шошқа және құс. Олардың арасында инфекциялық процесс жиі симптомсыз өтеді, сондықтан  ірі қара мал, шошқа, құс өнімдері адамдардың денсаулығы үшін қауіп тудырады.

Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы сауалнама қорытындысы бойынша сальмонеллезге шалдыққан науқастардың басым бөлігі үй жағдайында сапасыз өнімдерді  тұтынғанын, сонымен қатар дайындау технологиясы мен сақтау шарттарын бұзып, жеке бас гигиенасын сақтамағанын атап өтті. Департамент басшысы науқастың сальмонеллезге шалдығуын кей жағдайда қоғамдық тамақтану орындарында тамақ ішумен де байланыстырды.

– Адам сальмонеллезбен ластанған жануарлардан алынатын тамақ өнімдерін, кілегейлі кондитерлік өнімдерді, көкөністер мен жемістерді тұтыну, сондай-ақ ластанған су айдындарында шомылу, жеке бас гигиенасын сақтамаудың әсерінен ауырады. Жарамдылық мерзімінен тыс тез бұзылатын өнімдерді пайдалану аурудың ықтималдығын арттырады, әсіресе жазда ауа температурасының жоғарылауы – азық-түлік өнімдері сальмонеллалардың көбеюіне қолайлы орта болып келеді. Аурудың инкубациялық кезеңі 6 сағаттан 7 күнге дейін, көбіне бірнеше сағаттан 3 күнге дейін созылады, – дейді Қ. Алпысбайұлы. 

Қалалық СЭБ департаментінің басшысы балалар арасында аурудың алдын алуға ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Осы ретте дүниеге жаңадан сәби әкелген аналар балаларын күтіп, тамақтандыру бойынша дәрігерлердің ұсынымдарын мүлтіксіз орындауы аса маңызды екенін алға тартты. 

 – Сальмонеллездің симптомдары байқалғанда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет, науқастың өзін-өзі емдеуіне болмайды. Бактериялардың көбеюіне жол бермеу үшін тағамды тоңазытқышта төмен температурада сақтау, сондай-ақ пісірілген және шикі тағам үшін жеке тақтайлар мен пышақтарды пайдалану, тез бұзылатын өнімдердің жарамдылық мерзімін қадағалау маңызды. Шикі сүтті және одан жасалған сүт өнімдерін тұтынудан аулақ болыңыз, тек пастерленген немесе қайнатылған сүтті ішкен дұрыс. Құрамында кремді кондитерлік өнімдер мен торттарды тек балғын күйінде тұтыну қажет, оларды тоңазытқышта өндірілген сәттен бастап 24 сағаттан артық сақтауға болмайды. Тағы бір ескеретін маңызды жайт, рұқсат етілмеген сауда орындарынан ет және сүт өнімдерін сатып алмауға кеңес береміз, – деп сөзін түйіндеді қалалық СЭБ департаментінің басшысы Қ. Алпысбайұлы.

Жаздың шіліңгір шілдесінде көпшілік бойдағы ыстықты басу үшін су айдындарында шомылып, шөлін қандыру мақсатында салқын суды жиі ішетіні белгілі. Мұндай кезеңде адамның күнделікті тұтынатын су мөлшері де артады. Мамандар жаймашуақ жаз мезгілінде сальмонеллездің жедел дамитынын ескере отырып тұрғындарды аурудың белең алуына жол бермеуге шақырады. 

 

Алматы қаласы,

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ