Волонтерлік – отаншылдық үлгісі

Патриотизм – Ата Заңымызда бекітілген құндылық. Бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қабылданып жатқан шаралар да, заң жобалары да тікелей және жанама түрде отаншылдықты нығайтуға бағытталған. Ел басына күн туғанда, әртүрлі қиыншылық келгенде қоғам игілігі үшін еңбегін тегін арнайтын еріктілер отаншылдықтың бүгінгі қоғамдағы үлгісін паш етіп жүр.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумында еріктілерді бүгінгі адамзаттың элитасына теңеді. «Біз әлемде бұрын-соңды болмаған түрлі проблемаларға кездесіп отырмыз. Сондықтан қазір жарқын болашаққа деген үмітті өшіріп алмау үшін ымырашылдық өте қажет. Мен халықаралық волонтерлік бағдарламалар тиімді екеніне және жеке тұлғалар арасындағы дипломатияны ілгері­летуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Өз өмірін өзгелерге арнап жүргендерге, әсіресе мұны халық­аралық деңгейде істеп жүргендерге алғыс білдіргім келеді. Өйткені оларды адамзаттың элитасы, бейбітшілік пен мейірімінің нағыз елшілері деп айтуға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Президент волонтерлік қызметті экологиялық құндылықтарды ілгерілетуге пайда­лануға болатынын атап өтіп, волонтерлерді бүгінгінің батырына теңеді. 

Волонтерлік қозғалыс қазіргі күні бүкіл әлемде өзара риясыз көмек пен патриотизмнің, қоғамға және елге пайдалы адам болудың үлгісі ретінде жан-жақты дамып келеді. Әлем бойынша волонтерлік қызметке 150 млн адам өз еркімен араласады. Бұл – кәмелетке толмағандарды есеп-темегендегі көрсеткіш. Пандемия кезінде волонтерлердің маңызы мен өзек-тілігі артты. Осыдан кейін олардың қоғамдағы орны айшықтала түсті. Қазақ елі де еріктілер қозғалысына ерекше мән беріп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл елімізде Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Мәселен, пандемия кезінде волонтерлер қиын жағдайда қалған 1 млн 258 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетті. Олардың қатарында соғыс және еңбек ардагерлері, жалғызбасты қарттар, әлеу­меттік осал топтағы азаматтар, көпбалалы, аз қамтыл­ған отбасылар бар. Еріктілер аталған азаматтарға 93 мың азық-түлік себетін, 5,5 млн-нан астам бетперде таратты. Қоғамдық бақылау жүргізу үшін волонтерлер мен белсенділер тобы ел бойынша 397 волонтерден тұратын «Қоғамдық бақылау» тобын құрды.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, Қостанай облысындағы өрт кезінде мыңнан астам волонтер зардап шеккендерге 1 200 тоннаға жуық көмек жинап, алғашқы қажет заттар мен азық-түлігі бар 150 машина жіберген. Ал өткен қыста Екібастұз қаласында болған ТЖ кезінде 300-ден астам волонтер гуманитарлық көмекті қабылдау және іріктеу бекеттерін ұйымдастырды. Түркия­дағы зілзала кезінде бауырлас елге көрсетілген көмек – елдегі волонтерлік пен қайырымдылық дамуының ең жарқын кө-рінісінің бірі. Ұлттық волонтерлер желісі гуманитарлық көмекті жинау бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, Түркияға 500 тоннадан астам гуманитарлық көмек пен 150 киіз үй жіберілді. AFAD қорына қазақстандықтар 10 млн АҚШ долларынан астам қаражат аударды.

Мамандар әлемнің барлық аймағына экологиялық апат қаупі төніп тұрғанын, осы тұрғыда жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау, сол арқылы адамзат баласының да жайлы өмір сүруіне жағдай жасау күн тәртібінен түспейтінін еске салады. Экологияны сақтау мәселелері Қазақстан үшін зор маңызға ие. Сарапшылардың пікірінше, әртүрлі елдегі экологияны жақсарту және жануарларды қорғау бойынша жұмыс істеп жүрген волонтерлер осы бағыттағы ең белсенді адамдар болып есептеледі. Ал біздің елімізде тұрғындарды экология саласындағы волонтерлік қызметке тартуға бағытталған Birgemiz: Taza álem жалпыұлттық жобасы іске асырып келеді. 

 Көптеген дамыған елде волонтерлердің қоғам­дағы рөлі ерекше. Әлемдегі дерек бойынша еріктілер дүние жүзінде кең таралып, әлемдік қозғалысқа, белсенді топқа айналды. Мәліметтерге сенсек, әлем бойынша 1 млрд-қа жуық адам ерікті болып табылады. Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі орасан. Мысалға, әлемдік ішкі өнімнің 2,5 пайызы Еріктілер еңбегінің нәтижесі екен. Бірқатар елде ерікті болу – қалыптасқан жағдай, олар үлкен құрметке ие. Себебі жұрт оларды ерекше сыйлайды, құрметтейді. Келтірілген ақпаратқа қарағанда, Франция халқының жарты­сына жуығы волонтер атанған. Сонымен қатар Германия мен Жапонияда еріктілердің саны жыл­дан-жылға көбейіп келеді.

Айта кетейік, кейінгі үш жылда елімізде волон­терлердің саны үш есе көбейді. Мысалы, 2019 жылы волонтерлік ұйымдардың саны 50-ден астам болса, өткен жылғы есеп бойынша 680-ге жетіп отыр. Сонымен бірге волонтерлердің саны 2019 жылы 50 мың болса, 2023 жылы республика бойынша волонтерлер саны 200 мыңнан асқан. Иә, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоғамға қызмет ету – қашаннан қанымызға сіңген асыл қасиет. Осы отаншылдық қасиетіміздің арқасында еліміздің өркендеп, дами берері сөзсіз. 

Анарыс АҚЫЛМАН