Азаматтар партияға әртүрлі сұрақ пен мәселе бойынша келеді. Атап айтқанда, өткен аптада әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу, көпбалалы отбасыларға арналған жоғары оқу орындарына түсу квоталары, су құрылыстарының күрделі жөндеу мәселелері көтерілді. Мәселен, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щегловаға «Атырау. Кішкентай ел» қоғамдық бірлестік төрағасы Ерлан Күмісқалиев жүгінді. Ол өз орталығын мемлекеттік тапсырыс аясында әртүрлі оңалту бағдарламаларын әзірлеуге қатыстыруды сұрады.
«Атырау облысының аумағында Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік ауылды салдық. Біздің басты міндетіміз – жұлынның терең және кең зақымдануы бар балаларды оңалту. Әлеуметтік ауыл аумағында әртүрлі ауруларды емдеу үшін иппотерапия курстарын әзірлейміз», – деді ол.
Вице-министр иппотерапияның Қазақстанда да, әлемде де белгілі бір сұранысқа ие екеніне тоқталып, осы бағыт үшін бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды бөлу мәселесін Денсаулық сақтау министрлігінің немесе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері қарауы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар алдыңғы аптада Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов қоғамдық қабылдау өткізді. Азаматтарды қабылдау барысында Көкшетау қаласының тұрғыны Прохоров-Колоколов бөгетін қайта жөндеуді, сондай-ақ Бұланды ауданының «Иванковская» бөгетіне күрделі жөндеу жүргізуді жеделдетуді өтінді. Ал Целиноград ауданы Тастақ стансасының бір топ тұрғыны вице-министрден су құбырын салуға жәрдемдесуді сұрады. Өз кезегінде Семей қаласының тұрғыны Абай облысында «Қазсушар» РМК филиалын ашуды ұсынды. Ерболат Ибрайханов барлық айтылған мәселені жеке бақылауға алатынын айтты. Өткен аптада «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау алаңдарында бүкіл ел бойынша 1 мыңға жуық азамат қабылданып, 2 мыңдай өтініш түсті.
Дайындаған Берік БЕК