Әрине, Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қорғау мәселесінде дамушы елдер арасында көш ілгері екенін атай кету керек. Елімізде Кеңес кезінен қалыптасқан әлеуметтік-гуманитарлық практика бар. Тәуелсіздік алған 30 жылда да бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес, жыл санап жетілдіріліп келеді. Сонда да болса, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік оқшау қалу, кемсітушілік, инфрақұрылымның қолжетімсізділігі, еңбек нарығындағы тең емес мүмкіндіктер, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасының төмендігі және тағы да басқа мәселелер әлі де өзекті боп қалып отыр. Оларды шешу үшін мемлекет жүйелі шаралар кешенін дәйекті түрде қабылдауда.
Осы ретте ең бірінші кезекте, Қазақстанда «2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар» іске асырылуда екенін атай кету керек. Еліміз 2023 жылы БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факультативтік хаттама ратификациялады. Әлеуметтік кодекс қабылданды. Оның шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілді. Олардың ішінде мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау, әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, жұмысқа орналастыру сынды басты бағыттар бар. Сондай-ақ республикада мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасқан. Бірінші деңгей (базалық) – мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Оның мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты жәрдемақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне көтерілуге кепілдік беріледі.
«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақы мөлшері 7%-ға өсті. Мысалы, жалпы аурудан мүгедектігі бар адамдар үшін жәрдемақы мөлшері былтырғы жылмен салыстырғанда: бірінші топ үшін – 89,2 мың теңгеден 95,5 мың теңгеге дейін; екінші топ үшін – 71,4 мың теңгеден 76,4 мың теңгеге дейін; үшінші топ үшін – 48,7 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін өсті. Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жәрдемақы алушылардың саны 541,8 мың адамды құрайды, ал оның орташа мөлшері – 74 мың теңге. Бұл ретте соңғы 6 жылда мүгедектігі бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 2,3 еседен астам өсті», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Екінші деңгей – міндетті әлеуметтік қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер. Олардың мөлшері қызметкердің табысына, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты. Үкіметтің шешімдеріне сәйкес МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты көтеріліп отырады. Мәселен, биыл ол 7%-ға артты. Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алды, олардың орташа мөлшері 57 мың теңгеден асады. Үшінші деңгей – егер еңбек ету қабілетінен айырылу еңбек мертігуімен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және зардап шеккен жұмыскердің пайдасына жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты жасалған жағдайда сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері. Қазір 871 ұйым мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қаржыландыру енгізілуде, бұл жеке бизнесті тартуға ықпал ететін болады. Бұл шара арнаулы қызмет көрсететін ұйымдардың желісін кеңейтуге және оларды шалғайдағы ауылдық елді мекендерге жеткізуге мүмкіндік береді.
Осы және өзге де атқарылып жатқан шаралар мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қорғау бағытында атқарылып жатқаны белгілі. Соның бір парасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі де айтып берген еді.
«Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында «сыйымдылығы шағын үйлер» жобасы басталды. Оның мақсаты – тұрғылықты жері бойынша мүгедектігі бар балаларды күндізгі күтіммен және әлеуметтендірумен қамтамасыз ету, сондай-ақ ата-аналарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру. Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін 35 оңалту орталығы жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін ересектер мен балаларға арналған тағы 12 оңалту орталығын салу жұмыстары жүргізілуде. Орталықтар Семей және Тараз қалаларында ашылған. Биыл Кентау және Ақтөбе қалаларында орталықтардың құрылысы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар еліміздің алты өңірінде – Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Қостанай облыстары және Шымкент қаласында аутизм спектрі бұзылған және басқа да ментальдық бұзушылығы бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтары ашылды», – дейді ол.
Елімізде бірнеше жылдан бері мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушілер мен жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істеп келеді. Портал оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау көрсеткішін 93%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді ұсыну процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Есту және көру қабілеті нашар адамдар үшін Порталдың қолжетімді мобильді нұсқасы енгізілді. Одан бөлек, бірінші топтағы мүгедектігі бар 29 мыңнан астам адамға жеке көмекшілердің, 8 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылып отыр. Республика бойынша 147 инватакси қызметі жұмыс істейді, олардың қызметтерін 25 мыңға жуық адам пайдаланады. Осынау санаттағы жандарды жұмысқа орналастыру мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі.
«Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі, ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмыс орындары санының 2-ден 4%-на дейінгі мөлшердегі жұмыс орындарын квоталау. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 8 мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды. 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 4 мың адам жұмысқа орналастырылды. Екіншісі, жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жабдықтау бойынша жабдықтарды сатып алу, монтаждау және орнату шығындарын өтеу үшін субсидиялар беру. Осы тетік шеңберінде жұмысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл ішінде субсидияланады. 2018 жылдан бастап субсидиялау шеңберінде 600-ден астам жұмыс орны ұйымдастырылды. Үшіншісі, мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқытуды, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды, бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды көздейтін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту. Жыл басынан бері аталған шаралармен 11,6 мың мүгедектігі бар адам қамтылды, оның ішінде 8,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, 1,8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды», – деді министр.
Бұдан басқа 2023 жылдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына бизнесті дамытуға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде гранттар беріліп келеді. Қазір 702 мүгедектігі бар адам осындай қолдауға ие болды. Қазақстанның барлық өңірінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде екен. Қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген нысандарды бейімдеу бойынша 35 мыңнан астам басым нысандар анықталды. 2021-2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023 жылдан бастап 2027 жылға дейін жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуге тиіс. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2021-2022 жылдарды ескере отырып, 13 857 нысан бейімделді.
2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекстің қабылдануына орай елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру құзыретіне кіретін мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді. Былтыр әлеуметтік инспектор барлығы 1 127 тексеру, 2024 жылдың басынан бері 1396 тексеру жүргізді. Өңірлердегі әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде бейімдеу іс-шараларын жүргізуде оң динамиканы атап өткен жөн.
Нұрлан ҚОСАЙ