Quartz сайты Apple-дің тағы бір құпиясы туралы жазды. Бұл жолы бүктемелі iPhone шығарумен айналысып жатқан «алмалы компанияның» жаңалығы туралы америкалық сайттағы жазбаға сілтеме жасаған Aikyn.kz толығырақ хабарлайды.
Келесі iPhone-дар біздің бұрынғы бүктемелі телефондарымызды еске түсіретін болады. Бұндай модельдерді смартфондар нарығындағы Apple-дің барлық негізгі бәсекелестері шығарып үлгерді. Енді біраз үнсіздіктен кейін «алмалы компания» да бүктемелі нұсқаны байқап, бүктемелі iPhone шығаруды қолға ала бастады.
Сарапшылардың ақпаратына сәйкес, Apple соңғы айларда жаңа iPhone-ның құрамдас бөліктеріне тапсырыс беру үшін Азиядағы өндірушілермен байланысып жатыр. Және бүктемелі смартфонды 2026 жылдың басында нарыққа ұсынуы мүмкін.
Samsung Galaxy Z Flip және Google компаниясының Pixel Fold нұсқалары сияқты Apple iPhone телефоны да екіге бүктелетін түрде шығатынын құпия дереккөздер хабарлаған. Apple бүктемелі смартфон жасаудағы техникалық қиындықтарды жеңе алса, бұл Стив Джобс 2007 жылы алғашқы құрылғыны ұсынғаннан бергі iPhone дизайнындағы ең үлкен өзгеріс болмақшы.
Apple компаниясының iPhone сатылымы Қытайда (оның ең үлкен нарықтарының бірі) күрт төмендеп, өткен жылы қиындықтарға алып келгенін Aikyn.kz «Смартфондар 20% жеңілдікпен сатыла бастады» атты мақалада жазған болатын.
30 наурызда аяқталған 1-ші тоқсанда компанияның iPhone сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға төмендеді.
Қытайдағы құрылғы сатылымы компания ұсынған баға жеңілдіктерінің арқасында қалпына келе бастады. Сонымен бірге, Apple-дің Үндістандағы өсіп келе жатқан тұтыну нарығы да жақсы өсім көрсетуде.
Apple компаниясының келесі iPhone операциялық жүйесі iOS 18 де осы күзде шығарылады және жаңартылған Siri, OpenAI ChatGPT сияқты кіріктірілген ЖИ мүмкіндіктері жаңа смартфондарға орнатылады.
Apple-дің маусым айында өзінің дүниежүзілік әзірлеушілер конференциясында жариялаған Apple Intelligence, ЖИ бастамасы оған жыл басынан бергі сәтсіздіктерді жеңуге көмектесті.
Apple акцияларының бағасы үш ай бұрынғымен салыстырғанда 30%-дан астам қымбаттады.
Компания екінші тоқсандағы табысы туралы (30 маусымда аяқталған) 1 тамызда хабарлайды. Осы нәтижеге байланысты Apple табыстарының орнықты өсуін не құбылмалы екенін айта аламыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.