Түркістан облысында коронавирус бойынша жоғары деңгейдегі сақтық шаралары қабылданды. Атап айтқанда, кеден бекеттерінде төтенше жағдайдың жаңа деңгейінің жариялануына байланысты барлық өткізу пункттерінде санитариялық бақылауды күшейту мақсатында бекеттерге жергілікті аудандық санитариялық бақылау мамандары жұмылдырылып, мамандар тәулік бойы қызмет атқаруда. Бүгінде Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің кеден бекеттерінде барлық қызметкер бір реттік медициналық маскалармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар әр өткізу пункттерінде адамның дене қызуын қашықтықтан өлшейтін 3 дана құрылғы (тепловизор) жұмыс істеуде. Жалпы, облыстағы барлық өткізу пункттерінде 15 дана тепловизорлық бейне-камералар және қосымша 3 дана қолмен өлшеу құрылғысы бар. Бұл Karina.R.KZ деп аталатын жүйе толығымен автоматтандырылған. Дене қызуы көтеріңкі азаматтарды 15 метр қашықтықтан бірден анықтайды. Оны маман арнайы экраннан толық қадағалап отырады. Егер де жеке тұлғадан дене қызуы анықталған жағдайда, тепловизорлық камералар дабыл беріп, шара қабылдау үшін медицина қызметкерлеріне дереу хабарланады. Ағымдағы жылдың 31 қаңтары мен 6 наурыз аралығында Түркістан облысы бойынша МКД өткізу пункттерінен Қазақстанға 619 320 жеке тұлға кірген, олардан дене қызуы анықталмаған. Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы