6 айда 1 тонна 800 келі есірткі тәркіленді
Облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, ағымдағы жылдың 6 айында 1 тонна 800 келіден астам есірткі тәркіленген екен. Былтырдың осы кезеңінде 1 тонна 500 келі есірткі саудасының жолы кесілген. Яғни, биыл тәркіленген есірткі көлемі артып отыр. Бұдан бөлек, 79,7 гектар жерге егілген 90 тонна 845 келі жабайы қарасора жойылған. Оның ішінде Байзақ ауданы бойынша 74 гектар жерден 11 тонна 570 келі, Шу ауданында 22 гектар жерден 32 тонна 150 келі, Жамбыл ауданында 1,8 гектар жерден 2 тонна 150 келі, Меркі ауданында 2 гектар жерден 1 тонна 675 келі және Т. Рысқұлов ауданында 46,5 гектар жерден 43 тонна 300 келі есірткі шөбі жойылып отыр.
Бұдан бөлек, қарасораны қолдан өсірген 9 плантацияның жұмысы тоқтатылған. Оның ең ірісі күні кеше Жамбыл ауданындағы 61 жасар тұрғынның бақшасынан 100 келіден асатын есірткі шөбі тәркіленді. «Қарасора–2024» жедел профилактикалық шарасы барысында күдіктінің үйінің бақшасынан жалпы саны 1 520 түп көкнәр өсімдігі және 37 каннабис анықталған. Барлығы 100 келіден асатын есірткінің 54 келісі көкнәр болса, 53 келісі – марихуана.
– Ұсталған адам өз кінәсін толығымен мойындады. Жамбыл АПБ уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. «Қарасора–2024» іс-шарасы аясында есірткіні заңсыз өсіруге, транзиттеуге, алқаптарын
және есірткі зертханасын жоюға, ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс-шаралар одан әрі жалғасатын болады, – дейді облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Байқап тұрсаңыздар, өңірде жабайы қарасораны тасымалдаудан бөлек, оны үй жағдайында өсіру де белең алуда. Ал бұл құқық қорғау органдарының жұмысын қиындатып, қос бүйірден қысып тұрғаны анық.
Үш тәсілдің қайсысы тиімді?
Негізі, қарасора бұған дейін үш бағыт бойынша жойылып келген болатын.
Оның алғашқысы шабу болса, екіншісі – жерді аудару, ал үшінші бағыт – арнайы дәрі арқылы улау. Қарасораны дәрілеу 2020 жылы облысты басқарған Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен көтерілген. Сол тұста «Ураган Форте 4» дәрісі сынама ретінде 5 гектар жерге себілген. Алайда «қарасораның жапырағын сарғайтып, кейін тамырымен қуратып жібереді» деген дәрі құнының қымбаттығы айтылып, одан кейін оның қоршаған ортаға зияндығы талқыға түсіп, соңы «қарасора алқабын толықтай дәрілейміз» деген мәселе басылды. Жерді аудару жұмыстары да өз нәтижесін көрсеткен жоқ. Себебі аударылған жерден қарасора екі есе қалыңдықпен шығып, бас шайқатты. Бұны Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков те айтып, жыртылған жерден құрамында есірткісі бар шөптер керісінше қаулай түскенін нақты фактімен дәлелдеп көрсетті. Демек, қазір есірткі шөбін өртеу мемлекетке тиімді болып отыр. Одан басқа амал да болмауда.
Ауыл ақсақалдары не дейді?
Алайда осы қарасораны кәдеге жарату мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан азаматтар бар. Шу ауданының құрметті ардагері Қазақбай Байжұманұлының айтуынша, қарасораны өртеп, жоюға тырысудан еш пайда жоқ екен.
– Тарих бетіне көз салсақ, қарасораны Кеңес үкіметі кезінде кендір қурай ретінде өсірген. Соғыс жылдарының тұсында одан совхоздар арқан жіп жасаған. Кейін 1959 жылдары Қытай мемлекетінен Шу ауданына ұйғырлар жер аударылып, олар осы шөптің есірткілік қасиетін тапқан. Оған дейін бірде-бір жан оны білмеген. Негізі, қарасора – жойылмайтын шөп. Жауапты органдар бұған дейін Шудың шөбін құрту үшін қандай амал қолданбады. Өртеді де, аударды да, улады да. Алайда қарасора келер жылы одан да көп болып қаптап шығуда. Рас, қарасораның шулықтар үшін тигізіп жатқан зияны орасан. Әсіресе, жастарымыз есірткіге еліріп, от басуда. Егер осы шөпті мемлекеттік деңгейде кәдеге жарату тетігі табылса, жастарымыз заңсыз әрекеттен бойын аулақ ұстар еді, – дейді қария.
Бұл ойға ардагер ұстаз Несіпхан Қоңырбаев та қосылады.
– Қарасора да табиғаттың төл тумасы. Сондықтан оған сананы улайтын есірткі шөбі ғана емес, пайдаға жарату жағын да қарау керек. Бір жылдары биік мінберде отырған азаматтар қарасораны өңдейтін өндіріс орнын Шу ауданын ашу туралы бастама көтерген. Тіпті, өңірге арнайы мамандар келіп, қарасорадан 32 түрлі өнім шығаруға болатындығын дәлелдеген. Сол тұста бәріміз қуанып, «қарасораны медициналық бағытта пайдаланып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болды» деп бөркімізді аспанға атқанбыз. Алайда сол жоба тек жоба күйі қалғаны өкінішті. Негізі, егер қарасораны өңдейтін зауыт ашсақ, Шудың шөбі 25 жылға шикізат ретінде жететіндігін ғалымдар дәлелдеп отыр. Енді тек батыл қадам мен жүйелі жоспар керек. Сонда қарасораны сатушылармен күреспей, керісінше шулықтар үшін заңды табыс көзін ашамыз. Әрі бұл аудан, облыс ғана емес, ел экономикасына үлкен қаржы әкеледі. Одан ешкім ұтылмасы анық, – дейді ардагер.
Түйін: Иә, қариялардың сөзі орынсыз дей алмассың. Жылда қарасораны жоятын тың тәсіл іздеп алашапқын болғанша, неге оны кәдеге жарататын тетігін таппасқа? Бәлкім, биыл жанданып жатқан Солтүстік өңірдің пилоттық жобасының бір бағытын осы жаққа бағыттармыз. Жаңа жоба шаруашылық саласын несиелендіруді көздейтінін ойласақ, қаржысын қарап берсек, Шудың шөбін өңдеуге ниетті кәсіпкерлер де табылар. Бұны айтып жатқанымыз, несиелендірудің алғашқы кезеңінде шулық бір кәсіпкер жүн, тері мен сүйекке дейін өңдейтін зауыт ашу жобасын ұсынды. Ол бұл жобаны Қытай мемлекетінің өндіріс орындарымен келісе отырып жасаған екен. Осылайша, қытайлықтар жүн, тері, тіпті сүйекке дейін өңдеп, одан тыңайтқыш жасауды үйретуге ықылас білдіріп жатқанда, қарасораны да кәдеге жарататын бір жоба табылар. Тек қолынан іс келетін азаматтарға мүмкіндік берсек болғаны. Сонда жылда тәркіленген қарасора статистикасын түзбей, ел экономикасына түскен табысты санайтын боламыз.
Жамбыл облысы,
Саятхан САТЫЛҒАН