Ескінің орнын ауыстырған жаңашылдық әрдайым өркениеттік сипатқа ие, бірақ уақыт өте кейбір ескі құндылықтар жанданып, қайта қалпына келіп, жаңа өркениеттік талапқа сай көркемделіп, жаңашылдық санатына ие болады. Бұл – өркениет заңдылығы. Дегенмен өркениет көші ілгерілеп, заман дамып, технология қарыштаған сайын адамзаттың алдағы күндерге деген сенімі артады немесе керісінше қорқынышы үдей түседі. Бұл да заңдылық. Жаңа заманның жаңалықтарына еліге түсіп, алдағы уақыттан тек жақсы үміт күтетіндерді «технооптимистер» десек, заман дамыған сайын адами құндылықтар құлдырай түседі деп пайымдайтын жандарды «технопессимистер» дейді ғылымда.
Технопессимизм
Жалпы, жаһандану мәселелерін шешу жолдарын зерттеуде екі негізгі бағыт қалыптасты: технооптимизм, яғни жарқын болашақ бастауы және технопессимизм, яғни қасіретті болашақ болжамы. Алғашқысына ғылыми техникалық революция жетістіктерін өндірісте пайдалану арқылы жетілген өмір, ғылым мен техниканың қарыштап дамуын негізге алған Дж.Гелбрайт, Р.Арон, Д.Бэлл, Ж.Фурастье, А.Тоффлер сынды ғалымдар болды. Дәл осы негізге қарсы көзқарас ұстанған Г.Маркузе, К.Лоренц, Д.Гудмен және т.б. ғалымдар адамдарды техника мен ғылымның құлына балап, болып жатқан түрлі экологиялық, экономикалық, қаржылық, әлеуметтік, саяси және т.б. дағдарыстарды ҒТР нәтижесі деп көрсетті. Материалдық мәдениет пен руханилық арақатынасының көрсеткіші іспеттес өркениетті адамзат дамуының шыңы емес, керісінше, тығырыққа апаратын жол деп есептейтін Махаттма Ганди өркениет әлемінде өмір сүретін адамдар өмірінің мәні мен физикалық игілікті мақсат етеді деген тұжырымға келеді. «Бұрын киім ретінде тері, ал қару ретінде найза қызмет ететін, ал қазір шалбар киіп, түрлі басқа киімдерді денені безендіру үшін киеді, найзаның орнына бес, тіпті одан да көп бытыралы тапанша қолданады. Бұрын Еуропада адамдар жерді қолмен өңдеген, кейіннен бу қозғағыштың көмегімен адамдар кең ауқымды жерді игеріп, көп байлық жинай алды. Мұны өркениеттің көрсеткіштері деп атайды. Бұрын азғантай адамдар кітап жазатын, бірақ құнды болатын, ал қазір кез келген адам ойына келгенін жазып, адамдардың миларын уландыруда. Бұрын адамдар бір-бірімен соғысқанда, күштеріне сенетін, ал қазір бір адам төбешік астында жатып зеңбірекпен мыңдаған адамның өмірін жоқ етеді. Бұл – өркениет. Бұрын адамдар ашық аспан астында қанша қаласа, сонша жұмыс істейтін болған, ал қазір мыңдаған жұмысшы тіршілік етуге нәпақа табу үшін фабрикалар мен шахталарда бірігіп жұмыс істейді. Олардың жағдайы жануарлардан да төмен. Олар өз өмірлерін тәуекелге тігіп, ең қатерлі жұмыстарды миллионерлер үшін істеуге мәжбүр. Осының барлығы – өркениет өлшемі. Бұл өркениет не адамгершілікті, не дінді қабылдамайды, тіпті кейбіреулері дінді ырымшылдықтың өнімі деп те есептейді. Мен өзімнің жиырма жылдық тәжірибемнің нәтижесінде адамгершілік астарында өнегесіздіктің дәріптелінетініне көзім жетті. Өркениет адамдар үшін ыңғайлылыққа қызыға ұмтылу, бірақ бақытқа емес, себебі мұнда ол масқара сәтсіздікке ұшыраған болар еді», – дейді ол.
Жаһанданудың ең басты техникалық құралы – ғаламтордың пайда болуы еді. Оның алғашқы даму баспалдағының өзі адамзаттың ақпараттық потенциалын айтарлықтай дамытып, әлемнің барлық бұрышындағы миллиардтаған адамдардың тең әрі оңай бірігуінің басты себебі болды. Интернет 1969 жылы АҚШ-тағы ARP Anet компьютерлік жүйесінде Қорғаныс министрлігінің компьютерлік орталығын біріктіруші және академиялық ұйымдар қатарында құрылды. Қазір кітап мұралары, кино қоры, музыкалық жазбалар жинағы және тағы да басқалардың электронизацияға ұмтылып, барлығы бір жүйеге біріктірілді. Басқаша айтқанда, интернет барша әлемді бірлік пен тұтастықта ұстап тұрғандай. Бұл – әлемдік прогресс және техника жетістігі. Дегенмен бұл жүйе қоғамға жаңа мамандықтарды игеру қажеттілігін танытты. Осылайша, жаһандану ағымына ілескен қоғам үшін ескі мамандықтардың жаңа өмірге сабақтасуына байланысты жаңа мамандықтардың тууы, олардың қоғам дамуына, адамдардың өз мамандықтарына деген басқаша, жаңа көзқарастарын туғызуына алып келді. Мысалы, Рим Папасы Францискінің «Интернет салауатты және ортақ қоғам құру үшін пайдаланылуы мүмкін. Әлеуметтік медиа қоғамның әл-ауқатына ықпал ете алады, бірақ ол жеке адамдар мен топтардың поляризациясы мен бөлінуіне әкелуі мүмкін» деген пікірін айтқан екен. Ал футуролог жазушы Ювал Ноа Харари «Автоматтандыру жақында миллиондаған жұмыс орындарын жояды. Әрине, олардың орнын жаңа мамандықтар алады, бірақ адамдардың қажетті дағдыларды тез меңгере алатыны әзірге белгісіз», – дейді.
Ғаламтордан бөлек, соңғы жылдары жасанды интеллект те өмірімізге еніп, айнымас бір бөлшегіне айналып үлгерді. Тіпті, кейінгі жылдары біраз саланың маманы осыған қатысты мазасыз күйге еніп жүргенін жасыра алмаймыз. Көп мамандарға жасанды интеллектінің қарқыны мен мүмкіндіктеріне қарап «жұмыссыз қалмаймын ба?» деген қорқыныш тудырды. Міне, осы күй, жасанды интеллектіден қорқу – AI-мазасыздық деп аталады екен. Олай болса, мазасыздықтың жаңа түрі туралы не білеміз?
AI-мазасыздық
Жасанды интеллект адамның орнына біраз нәрсе жасай алады. Тіпті, бір жұмыстың өзінің бірнеше нұсқасын аз уақытта дайындап бере қояды. Оның мүмкіндіктері тым көп. Әлемнің түрлі тілінде сөйлесіп, диалог құра алады, әнге сөз жазады, емтихан сұрақтарын талдап, тапсырма бере алады. Міне, осыншама мүмкіндіктерімен болашақта адамзат баласының жылдап үйренген дағдыларын, айлап үйреген білімдерін керексіз етіп тастамай ма? Міне, осы қорқынышты күйді кешкен жандар AI-мазасыздыққа ұшырайды. Мұны ағылшынша AI-аnxiety деп атайды. Ол AI (жасанды интеллект) және anxiety (мазасыздық) деген екі сөзден құралған. Бұл терминді америкалық бір маркетинг агенттігі ойлап тапқан. Ақыры, әлеуметтік желіде қатты таралып кетеді. Бұл мазасыздық бірнеше фактордан тұрады. Оның ішінде бірнеше аспектіні ерекше атап өтсек. Әр адамда болатын мазасыздықтың базалық жеке деңгейі болады. Жасанды интеллект туралы онша білмейтіндер AI тақырыбына қорқа қарайды. Өйткені көп нәрсе белгісіз. Адамның қазіргі жай-күйіне де байланысты. Мысалы, дәл қазір өміріңізде күйзеліс деңгейі жоғары болса, онда жасанды интеллект араласқаны оған тіпті ауыр тиеді. Бойындағы үрейді, мазасыздықты бөлісетін адамы болмаса, онда уайым тіпті үдейді. Яғни, техникалық прогресті табиғат пен қоғам арасындағы үйлесімді бұзатын дүние деп есептейтіндердің көзқарасы. Жалпы алғанда, технологияның кез келгені бастапқыда адамдарды үрейлендіреді. Бұл жерде бәрінде болатын иррационал ойлар жатады. Сонымен қатар сөзбен сипатталуы қиын, түсіндіре алмайтын қорқыныш та болады. Мысалы, видеолар пайда болғанда «енді жұрт кітап оқымайды, театрға бармайды» деп шыққандар болған. Ұялы телефон туралы да түрлі алып-қашпа әңгіме көп. IT-технологиялар дамуына байланысты туындаған уайымды «компьютерлік мазасыздық», «компьютерофобия», «технокүйзеліс» деп атайды. Ол терминдер сонау 1980 жылдары пайда болған.
Технооптимизм
Ғалымдар мен жазушылар, саясаткерлер айтқандай, жаһандану, жаңа заман технологиялары соншалықты қауіпті ме? Жоқ, мұның жақсы жақтарын тере білген, жаңа заманға жаңаша көзқараспен қарайтын технооптимистер де жетерлік екен. Мысалы, футуролог Рэй Курцвейл: «Жасанды интеллект – марстық бөгденің шабуылы емес, ол адамның тапқырлығының нәтижесі. Технологиялар ақыр соңында біздің денемізге және миымызға біріктіріліп, денсаулығымызға көмектесетініне сенемін. Мысалы, біз неокортексімізді бұлтпен байланыстырамыз, өзімізді ақылды етеміз және бұрын бізге белгісіз білімнің жаңа түрлерін жасаймыз. Бұл менің болашаққа деген көзқарасым, 2030 жылға дейінгі даму сценарийі. Біз машиналарды ақылдырақ етеміз және олар біздің мүмкіндіктерімізді кеңейтуге көмектеседі», – дейді. Ал америкалық физик-теоретик, ғылымды танымал етуші және футуролог Мичио Каку болса: «Технологияларды пайдаланудың қоғамға пайдасы әрқашан қауіптерден басым болады. Цифрлық трансформация заманауи капитализмнің қайшылықтарын жоюға, оның тиімсіздігімен күресуге, экономикадағы бизнес-процестерге де, өндіруші мен тұтынушы арасындағы тізбекке де нақты құн қоспайтын делдалдардың болуынан арылуға көмектесетініне сенімдімін», – дейді.
Осы ретте біз мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаровтан аталған мәселеде пікір сұрадық. Оның айтуынша, жалпы технооптимизм мен технопессимизм ұғымы туралы түсініктер қазір қалыптасып болған. Тек соны қолдаушылар мен қарсы болғандар тобы ғана бар. «Технооптимизмге келер болсақ, ол дегеніміз – техниканы құдірет тұту. Яғни, барлық дүниеге технологияның көмегімен қол жеткіземіз, адамзаттың барлық мәселелерін (оның ішінде рухани мәселелерді де) техника шешеді деп санайтындар тобы. Ал технопессимистер тобы болса, бұған кереғар түсінікті ұстанады. Яғни, техниканы қатты дамытуға болмайды, бұл адам мүмкіндіктерін шектейді, технология дамыған сайын адамзат өз-өзін жоғалтады, рухани жұтаңдыққа ұшырайды деп санайтындар. Тіпті, осы техникаға арқасүйеушілік адамзаттың жойылуына әкеліп, апатқа ұшыратады деген де түсініктер бар. Бұл үрдіс бүгін ғана пайда болған жоқ. Оның тамыры сонау антикалық дәуірден басталады. Одан бергі заманаларда жаңа технологияның шығуына байланысты мазмұндары өзгеріп отырды. Ал біздің еліміздегі қазіргі ахуалда айтар болсақ, біздің елімізде технология қарыштап дамып кетпегенін баршасы біледі. Сондықтан одан қорқуға негіз жоқ. Қайта керісінше, бізге заманауи жаңа технологиялардың көптеп келгені дұрыс. Бұл бағытта жаңа мамандықтарға мамандар даярлауымыз қажет. Себебі осы арқылы дамымай жатқан салаларды дамытуға болады. Яғни, біздің қоғамда технооптимизмге жақын болғанымыз абзал», – дейді ол.
Түйін: Дүниежүзілік экономикалық форумның 2020 жылғы баяндамасында келесі жылы, яғни 2025 жылға қарай 85 миллион жұмыс орнын жасанды интеллект басады деген болжам жасалған еді. Дегенмен есесіне, 97 млн жаңа жұмыс орны пайда болады екен. Яғни, заман ағымына ілеспеген мамандықтар көштен қала берсе, технологияның қарыштауы – жаңа мамандықтарға сұраныс тудырады деген сөз. ECWID және X-Cart электрондық коммерция платформасының негізін қалаушы Руслан Фазлиев:
«Адамзаттың бүкіл тарихы – технооптимизм тарихы. Мен 40 жаста әлі де жас адам болып есептелуім технологияның арқасында мүмкін болды. Біздің қазіргі қарым-қатынасымыз да технологияның нәтижесі. Бүгін біз кез келген өнімді бір күнде, үйден шықпай-ақ ала аламыз – бұрын бұл туралы армандауға да батылымыз жетпеді, бірақ қазір технологиялар күн сайын жұмыс істеп, жетілдіріліп, уақыт ресурсын үнемдеп, бұрын-соңды болмаған таңдау мүмкіндігін беруде», – дейді. Яғни, өркениеттің жақсысын үйреніп, жаманынан жирене білген жағдайда ғана біз өз мүмкіндіктерімізді сан қырынан аша түсеміз деген сөз.
Наурызбек САРША