Біз алаңдай береміз, ал стресс дененің өзін-өзі реттеу механизмдерін бұзады және ұйқы мен сергектіктің табиғи циклінің өзгеруі, өнімділіктің төмендеуі, есте сақтау қабілетінің бұзылуы, гормонның тұрақты ауытқуы және т.б. проблемаларға алып келеді, – деп жазады Aikyn.kz.
Massaget.kz күйзеліспен күресуге көмектесетін тиімді 5 әдісті ұсынады.
Бірінші – жақын адамдарыңызбен сөйлесу
Жақын адамыңызбен сөйлесіңіз. Сізді түсінетін және қолдайтын адаммен шынайы сөйлесу бұл жағдайдан шығуға көмектеседі. Жақын адамыңыз эмоцияңызды шығаратын қажет сөз айта алады немесе еркін жылап алуыңыз үшін иығын тақап қолдайды. Қажет кезде мотивация да бере алады.
Екінші – спортпен айналысу
Спортпен шұғылдану сіздің бойыңыздағы төзімділікті арттырып қана қоймай, өмірдегі қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Физикалық белсенділік мидың белсенділігін қалыпқа келтіріп, зейінді арттырады. Денсаулықты қалыпта ұстау үшін аптасына 150 минутты физикалық белсенділікке жұмсау қажет. Ол дегеніміз – күніне 20 минуттан көп уақыт жаттығу жасау.
Үшінші – сүйікті хобби табу
Сүйікті хобби – күйзелістен арылуға көмектесетін керемет нәрсе. Сондықтан өзіңізден "маған не ұнайды?" деп сұраңыз. Сізге әңгіме жазу, тамақ пісіру немесе психологияны меңгеру ұнайтын шығар. Сондай-ақ шығармашылықпен айналысуға тырысыңыз. Мысалы, сурет салу, би, музыкалық аспапта ойнап үйрететін курстарға барыңыз. Жаныңызға жақынын таңдаңыз. Бастысы, қандай іс болмасын ол сізге ұнауы тиіс.
Төртінші – жиі серуендеу және дұрыс тамақтану
Таза ауада жиі серуендеуге тырысыңыз. Әсіресе, ағаштары бар саябақтарға барыңыз. Ұялы телефонға алаңдамай, айналадан ләззат алыңыз. Мұндай серуендер ағзада бақыт гормондарының бөлінуіне ықпал етеді. Дұрыс тамақтанбау ағзадағы көп процестің бұзылуына әкеледі. Күйзелістен арылу үшін магний, С дәрумені және В5 дәрумені бар тағамдар жеген дұрыс.
Бесінші – кәсіби психологке бару
Егер күйзелістен арылуға көмектесетін әдістер көмектеспегенін байқасаңыз және өзіңізді күннен-күнге нашар сезініп жүрсеңіз, кәсіби мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Себебі ол денсаулыққа қатысты проблеманың белгісі болуы мүмкін.