Қазақ көшіне 152 жыл қажет
Қазақ көшіне 152 жыл қажет
528
оқылды
Қазақстан тәуелсіздік алғалы әлемдік жаһандану үрдістеріне сәйкес ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, демографиялық ахуалды сауықтыруға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық да­муы­на бағытталған өзіндік көші-қон саясатын жүргізіп келеді. Алай­да осы көші-қон саясаты қаншалықты тиімді? Мемлекет тарапынан демографиялық жағдайды сауықтыру бойынша жеткілікті шаралар қабылданып жатыр ма? Мәселе осында. Жалпы, сыртқы миграцияның күшеюі, туу көрсеткіштерінің күрт төмендеуі, өлім-жітімнің жоғарылауы, демографиялық ахуалдың және халықтың денсаулығының нашарлауы ұлттық қауіпсіздікке кері әсер ететін факторлар қатарына кіреді. Одан бөлек тұрғындардың қартаюы да ел қауіпсіздігіне әсер етеді. Өкінішке қарай, соңғы 10 жылда халық санының небәрі 19 пайызға ғана өсуі туу көрсеткіштерінің артқанына емес, жалпы алғанда адамдар­дың өмір жасының ұзаруына тікелей қатысты болып тұр. Алайда Қазақстанда тұрғындары қартайып келе жатқан аймақ­тар да бар. Айталық, Қазақстан бойынша орта есеппен әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 26 азамат келетін болса, яғни индекс 25,9 көрсетсе, Солтүстік Қазақ­станда бұл көрсеткіш – 55,8, Қостанай облысында – 53,2, Шығыс Қазақстан облысында – 47,4. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің теріскейі мен шығысындағы тұрғындар қартайып бара жатыр деген сөз. Оның үстіне елімізде жалпы алғанда бала туу көрсеткіші бірте-бірте төмендеп келе жатыр. 1989 жылы алғаш рет байқалған бұл тренд жалғаса беруі мүмкін. Сондықтан халық санын өсірудің қосымша резервтерін қарастыру да өзекті бола түсті. Ал «резервіміз қайда?» деген өзекті сауал тағы бар. Біздің пайым­дауымызша, Қазақстанның жалғыз резер­ві – шетелдегі қазақ диаспоралары.  

Кеткендер көп, келгендер аз

Кейбір сараптамалық деректерге қара­ғанда, алыс және жақын шетелдерде 7-8 млн қазақ тұрады. Демографиялық ас­пек­тіде бұл үлкен әлеует болып есептеледі. Бірақ 1991 жылдан 2018 жылға дейін Қа­зақ­станға 1 млн 39 мың 619 этникалық қа­зақ немесе 303 263 отбасы қоныс аудар­ға­нын ескерсек, біз демографиялық резер­вімізді пайдалана алмай отырған сыңай­лымыз. Өйткені 30 жылға жуық уақытта жыл сайын орта есеппен 38,5 мың қанда­сы­мыз ғана атажұртқа келіп отырды. Бұл дегеніңіз соңғы 3 жылда елден кеткендердің жыл сайынғы көрсеткішінен де төмен. Мәселен, 2017 жылы елден – 37 мың, 2018 жылы – 42 мың, 2019 жылдың 9 айын­да 34 200 адам кеткен. Оның үстіне соңғы 10 жылда этникалық көші-қонның саябыр тартқаны тағы бар. Ал соңғы 29 жылда елге келген қандастар саны кеткендерден үш есе аз болғанын, эмиграцияға кеткендер саны 3,5 млн адамнан асқанын ескеретін болсақ, онда еліміздің демографиялық болашағының қолайлы болуы неғайбіл.    width=

Ресей Қазақстанды донор деп біледі

Әлемнің жекелеген өңірлерінде еңбек ресурстарының жетіспеуі адам ресурстары үшін қуатты бәсекелестікті тудырды. Көрші Ресейде де халықтың жалпы саны­ның қысқаруымен стратегиялық маңызы бар аумақтардан халықтың кетуі байқала­ды. Сондықтан Ресей бұл мәселеге айрық­ша көңіл бөліп отыр. Әрі Қазақстанды демографиялық мәселелерді шешу үшін до­нор ретінде бағалайды. Олар өзге елдер­ден, соның ішінде Қазақстаннан қоныс аударуды көздейтін азаматтарды қолдауға барын салып жатыр. Мәселен, Ресейде 4 адамнан тұратын қоныс аударушы отба­сына берілетін қаржылай көмектің ішінде тек үй алу үшін шамамен 600 мың рубль қарастырылған. Кірісі жоқ отбасыларға қосымша 67 мың рубль бөлетіні тағы бар. Бұл дегеніңіз Ресейге көшіп барған отба­сыға кемі 4 млн теңгеге сай келетін қар­жы­лай қолдау жасалатынын көрсетеді. Одан бөлек өзге де көмек бар. Ал Қазақ­станда атажұртқа оралған қандасымыз­дың бір отбасына көрсетілетін қолдау шамамен 848 мың теңге көлемінде ғана. Яғни, 4 адамдық бір отбасының тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне қарастырған сомамыз осындай. Жалпы, 2009-2019 жылдар аралығында Қазақстаннан Ресейге 300 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Солай бола тұра, 2020 жылы елге ораламын деген қандастары­мызға белгіленген квота Қазақстанда 1 378 орын ғана. Ал сөз басында айтқан 1 млн қандасымыздың көбі 2010 жылға дейін атажұртқа оралғанын ескерсек, көші-қон процесінде ұпайымыз түгел болмай тұр.    width=

Ендігі көш экономикалық сипатта болады

Қазіргі уақытта демографтардың пікі­рінше, Қазақстанмен шекаралас елдерде тұратын қазақтардың көші-қоны рухани себептерге иек артпайтын халге жеткен. Яғни, «Атажұртым, Отаным» деп келу күн өткен сайын сиреп барады. Әрине, мұндай жағдай миграциялық әлеуеттің сарқыл­ғанын білдірмейді. Біздің пайымдауы­мыз­ша, тарихи Отанына жетуге асыққандардың көші бұрынғыдай идеологиялық сипаты­нан арылып, керісінше, жұмыс орындары және тұрмыстық жағдайын жақсарту мүм­кіндіктерімен байланысты, экономикалық мазмұнға ие бола түсті. Сондықтан қазақ диаспорасы өкілдерінің атажұртқа бұрылуының алғышарты ретінде әлеумет­тік-экономикалық мүмкіндікті қарастыру қажет. Әзірге Қазақстан жан басына шақ­қандағы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша Ресей мен Қытайдан артта қалды. Демек, аталған елдердегі қазақтардың атажұртқа келу деңгейі төмендеуі ықтимал. Ал Өзбекстан мен Моңғолия қазақтарының көшіп келуге деген ықыласы аталған елдердегі ЖІӨ көлемінің бізден төмен болуына да байланысты. Бұл факторлар шетелдегі қазақтарды және репатриацияны қолдаудың ынталандыру бағдарламасын әзірлеуді талап етеді. «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның тапсырысы негізінде «Қоғамдық пікір» зерттеу институты 2019 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесіне қарағанда Қазақстанға 1,5 млн этникалық қазақ тұрақты тұруға қоныс аударғысы келеді. Бұған қоса, кейбір сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезеңде Қытайда, осы елдегі этникалық азшылықтарға қатысты саяси ахуал түзелген жағдайда, 800 мың этникалық қазақ құжаттарын түгендеп, Қазақстанға көшуге дайын отыр. Осы орайда, Ресей, Өзбекстан және Қытай сияқты мемлекеттерде тұратын қазақтардың нақты саны ресми цифрдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін ескергеніміз жөн. Өзбекстанда – 4-5 млн, Ресейде – 1,5-2 млн, Қытайда 2,5-3 млн-ға жуық деген пікірлер бар. Яғни, көшу әлеуеті бұдан да жоғары болуы мүмкін.  

Бұл көш 1,5 ғасырға созылуы мүмкін

Қазақстандағы қазіргі этникалық миграция деңгейімен қарастырсақ, 1,5 млн болжамды қоныс аударушыларды көшіруге ұзақ жылдар кетеді. Зерттеушілер 40 мың адамды көшірудің оптимистік сценарийінің өзі 38 жылды талап ететінін айтады. Ал қазіргі қалыптасқан жылына 10 мың адамды құрайтын этникалық иммиграция сценарийін ұстап тұру үшін 152 жыл немесе 1,5 ғасыр кетеді. 5 жылдық кезең бөлінісінде Қазақ­станға келген репатрианттар ағыны 2007-2011 жылдар аралығындағы кезеңдегі 32,2%-дан (308 832 адам) 2012-2019 жыл­дары, яғни соңғы 8 жылда 8,3%-ға (80 617 адам) дейін төмендеген. Демек, егер бұған дейінгі 5 жылда Қа­зақстанға жылына 61 776 адам келіп тұрған болса, соңғы 8 жылда (2012-2019 ж.ж.) репатрианттар легі 10 077 адамға де­йін төмендеген. Бұл өз кезегінде, этни­ка­лық қазақтардың тарихи және этникалық Ота­нына қоныс аударудың экономикалық алғышарттары мен құқықтық жағдайы­ның нашарлауын, оралу процестерін ын­таландырудың әлсіздігін және мемлекеттік органдардың этникалық қазақтармен әлем бойынша ұйымдастырушылық және ақпараттық-коммуникативтік қызметінің нашар болып тұрғанын аңғартады.   Н.Б.ЖӘЛИЕВ, «Отандастар қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Н.К. КУЧУКОВА, э.ғ.д., профессор