Ақтөбедегі Мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисова Instagram желісіндегі жарияланымдар оның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірді деп есептеп, парақша авторын сотқа берді. Бұл туралы Аikyn.kz сайты “Диапазон” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылы Мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың фотосы “Проблема Актобе” Instagram парақшасында бірнеше рет жариялап, оның отставкаға кетуін талап еткен.
"Облыстық мәдениет басшысының отставкаға кетуін талап етеміз. Өйткені жасыратыны тым көп. Сондай-ақ тәртіпсіздікке жол берген директорларды жұмыстан босатуды талап етеміз. Бұл басқаларға сабақ болады", "Алтынай Юнисованың басшылығында бәрі жақсы ма", "Сіз өз еркіңізбен қашан жұмыстан кетесіз? Жақында мәдени іс-шаралар туралы материал жариялаймын", "Кейбір деректер бойынша облыстың мәдениет басшысы қызметінен кетеді деп болжанды" делінген мәтінде посттар шыққан.
Алтынай Юнисова бұл ақпаратты шындыққа жанаспайды, оның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіреді деп есептейді. Ол "Проблема Ақтөбе" парақша авторының үстінен “ақпаратты шындыққа жанаспайды деп тану” және моральдық шығынды өтеуді талап етіп, сотқа шағым түсірді.
Талапкер мәдениет саласында 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, 2020 жылдан бері тиісті бөлімді басқарғанын, бірде-бір жаза көрмегенін алға тартты. Парақша авторы жай ғана өз пікірін білдіргенін, ешкімді жамандамайтынын, мемлекеттік қызметкерлер халық тарапынан айтылған сынды дұрыс қабылдай білуі керек деп сендірді.
Блогер мен шенеунік арасындағы дауда сот-психологиялық-физиологиялық сараптама тағайындады. Сарапшы зерттеп отырған мәтіндер талапкердің ар-намысын, қадір-қасиетін және беделін түсірмейді деген қорытындыға келді. Ал теріс ақпарат пікір түрінде ұсынылды.
"Соттың ұйғарымымен мемлекеттік әкімшіге қатысты талап-арыз қанағаттандырусыз қалдырылды", – делінген №3 соттың баспасөз хабарламасында.