Квота толық пайдаланылмайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 18 шілде де «Кейбір заңнамалық актілерге көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» негізгі заңына және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңына қол қойды. Бірақ бұл қос заң күшіне енген жоқ. Олардағы қаптаған жаңашылдыққа Үкімет, әкімдіктер, жауапты құрылымдар лайықты дайындалуы, қажетті нормативтік құқықтық актілер әзірлеп, қабылдауы үшін өтпелі кезең бекітілді. Соған сәйкес, бұл заңдар алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік 60 күн өткенде, яғни 18 қыркүйектен соң қолданысқа енгізіледі.
Жалпы, Қазақстанда электрмобильдерге бұған дейін де қомақты жеңілдіктер берілген. Енді оған жаңа заңдардағы жаңа артықшылықтар үстемеленіп, көліктің бұл түрін барынша тартымды етуге тиіс.
Мысалы, қазір электрмен жүретін көліктерді елімізге әкелгенде оның иесі кедендік баж төлемейді. Электрмобильдерді бажсыз әкелу мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Қырғыз республикасының бастамасымен 2023 жылғы 24 қарашада Еуразиялық одақтың жоғарғы органы – Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі №134 нөмірмен осындай шешім қабылдады.
«Бұл ретте азаматтар электрлі қозғалтқышы бар көлік құралдарын Қазақстан территориясына әкелгенде, жылына 1 рет қана кедендік әкелу бажын төлеуден босатыла алады. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімі бойынша ЕАЭО аумағында кедендік баждан босату жеңілдігін Қазақстанда, Арменияда, Беларусьте, Қырғызстанда тұрақты тұратын азаматтар ғана пайдалана алады», – деп түсіндірді Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті. Ресей электрмобильдерге жеңілдік жасаудан біржақты түрде бас тартты.
Ведомствоның түсіндіруінше, Еуразиялық одақ кедендік бажын төлемей, Қазақстанға әкелуге болатын электрокарлардың санын қатаң шектейді. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешіміне сәйкес, 2023 жылы электрмобильдерді жеңілдікпен әкелуге берілген рұқсат 15 мың электрмобиль бірлігін құрады. 2024 жылға да республикамызға 15 мыңдық квота берілді.
Ал Бас көлік прокуратурасы автомобильдерді елімізге кедендік бажсыз және салық төлеусіз әкелудің басты шарттарын қазақстандықтардың есіне салды. Ол жеке мақсатта ғана қолданылуы тиіс және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға пайдаланылмауы керек.
Бұған қоса, сол электрмобильді кедендік тазалаудан бастап, 3 жыл өткенше Ресей азаматына немесе РФ-та тұрақты тұратын адамға сатуға да, тұрақты пайдалануына беруге де болмайды.
«Алайда талдау барысында жеке пайдалану мақсатында деп рәсімделген электрмобильдерді әрі қарай қайта сату фактілері әшкереленді. Соның ішінде 2023 жылы 8 автосалон саудаға қойған электрмобильдерді жеке мақсатта пайдалану үшін деп көрсеткен. Бір ғана Алматыда көлік прокурорлары қайта сатудың 34 нышанын анықтады. Салдарынан мемлекетке келуі мүмкін залал 100 миллион теңгеден асты. Мұндай жағдайлар бюджетке түспей қалған баж алымы, салықтар түріндегі шығын сыртында, адал емес бәсекелестікке жағдай жасайды. Бұл адал бизнесті банкроттыққа соқтырады», – деді Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қалай болғанда, қазақстандықтар шектеулі 15 мыңдық квотаны да толыққанды пайдаланбайды. Былтыр отандастар 7,5 мыңдай электрмобиль әкеліп, тіркеткен.
Жаңа заң қандай жаңалық әкелмек?
Өмірге жолдама алғалы тұрған «көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша» жаңа заң Парламентте үлкен пікірталас туғызды. Мысалы, бір топ депутат елдегі электромобилизация қарқынын арттыру үшін осы көліктерді ақылы автотұрақтарға тегін қою бойынша преференция беретін бапты енгізді. Бұл ұсынысқа Президенттің іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты теріс қорытынды берді.
«Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына депутаттар ұсынып отырған түзетулерге назар салайық. Заң жобасымен «Жол жүрісі туралы» заңының 42-1-бабының 4-тармағының үшінші бөлігін толықтырып, электрмобильдердің меншік иелеріне орынтұраққа ақысыз қою құқығын беру көзделген. Біз мұндай басым жағдайды «автокөлік иелері арасындағы теңдік қағидатын бұзу» деп санаймыз! Қазақстан конституциясының 14-бабының 1-тармағына сәйкес «Барлығы заң мен сот алдында тең». Осыған байланысты жобаның бұл нормасы, біздің ойымызша, ел конституциясының нормасына қайшы келеді», – деді Парламентаризм институтының мамандары.
Бірақ соңғы сөз Мәжілісте болатын: Ата Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Парламенттің төменгі палатасының құзыры күшейтілді.
«Бұл түзету электрмобильдерді және электр қозғалтқыштары бар гибридті көлік құралдарын ақылы тұраққа ақы төлеуден босату жолымен электрмобильдерді пайдалануға жағдай жасау мақсатында енгізілді. Сондай-ақ коммуналдық, ақылы автотұрақтарда паркингтерде тегін тұрақ орындарын беруге қатысты нормалар көзделген», – деп табандады Мәжіліс.
Нәтижесінде, депутаттардың бастамасы өтіп, заң болып қабылданды. Жаңа заңмен қолданыстағы «Жол жүрісі туралы» заңының 42-1-бабының 4-тармағы келесі мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылды: «Тиісті растаушы құжаттың негізінде электрмобильдер иелерінің көлік құралдары тұрған уақытын есептеуге арналған сертификатталған арнайы құрылғылармен жабдықталған орынтұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемақыдан босатылады».
Қыркүйекте күшіне енетін қос жаңа заңның игіліктері жетерлік. Оған сәйкес біріншіден, мемлекет бұдан былай жолдарды жобалағанда міндетті түрде электрмен қуаттау стансаларын орналастыруға жеке орын бөлуі қажет. Тиісінше, қуаттау стансалары заң жүзінде «жол бойындағы сервис объектілері» қатарына жатқызылды.
Екіншіден, әкімдіктер әзірлейтін аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында елді мекенде, қалаларда электрмен қуаттау стансаларын орналастыру үшін жер учаскелері резервтелуге тиіс.
Үшіншіден, әкімдіктерге тұрғын үй кешендерінде және қоғамдық орындарда электрокарларды қуаттау стансаларын жабдықтауды қамтамасыз ету жүктелмек.
Төртіншіден, электрмобильдер қожайындары көшедегі ақы жиналатын автотұрақтарда орынтұрақ үшін ақы төлеуден босатылады.
Бесіншіден, электрмен қуаттау стансаларында, тиісті жабдық орнатылған жерде көлігін тастап кетіп, электрмобильдерге кедергі келтірген жүргізушілерге айыппұл салынады. Яғни, осы арқылы электрмен қозғалатын көлік иелерінің мүдделерін мемлекет қорғайды.
Алтыншыдан, қуаттау стансаларын орнатқысы келетін кәсіпкерлерге әкімдіктер тегін жер беруі керек: жер учаскелерін және ортақ пайдаланымдағы жерлерді уақытша пайдалануға ұсынады.
Жетіншіден, электрмен қуаттау стансаларының қауіпсіз жұмыс істеуіне, электр энергиясына қосылуға және тұтынуға қатысты талаптар белгіленеді. Ондай талаптар болмағандықтан, төтенше жағдайлар органдары тұрғын үй кешендерінің ішіндегі паркингтерде, жабық автотұрақтарда қуаттау орындарын жабдықтауға рұқсат етпей қойған. Сегізіншіден, жаңа заңда электр желілеріне өз бетінше қосылуға тыйым салынды. Өйткені депутаттардың айтуынша, кейбір азамат бағанадан қосылып, көлікті қуаттау орындарын заңсыз жабдықтайтын көрінеді.
Оң-терісін бағамдасақ...
Тәжірибелі жүргізуші, кәсіпкер Нұржан Қаптағаев Zeekr X қытайлық электрмобиль-кроссоверін таңдапты. Бірақ еліміздің климаты қатал, қысы аязды болғандықтан оны екінші көлік ретінде қолданады.
– Электрмобиль сатып алуды мемлекет барынша тиімді ете түсті. Оларды елге әкелгенде кедендік баж төлемін төлемейсіз. Мұны бір деңіз. Екіншіден, оған утилизациялық алым да алынбайды: нөлдік коэффициент қолданылады. Үшіншіден, көлікті мемлекеттік тіркеу ақысы да өте аз. Мысалы, жаңа автокөлігімді мемлекеттік тіркеу үшін 900 теңгедей ғана төледім. Төртіншіден, электрмобильдерге жыл сайын көлік салығы есептелмейді, оны төлемейсіз. Дегенмен көліктің бұл түрінің бірқатар кемшілігі Қазақстан халқының оған жаппай көшуіне кедергі болып тұр, – деді Нұржан.
Оның айтуынша, бензинмен, дизельмен жүретін көліктерге қарағанда, электрокарлардың біраз артықшылығы бар. Нақтылағанда, Қазақстанда бензинге қарағанда, электр қуаты бәрібір арзандау.
Мұның сыртында, электрмобильдердің қозғалтқышында көмірсутек отыны жанбайтындықтан, ол зиянды шығарынды шығармайды деп есептеледі. Қоршаған ортаның қамын ойлаған, экологияға жанашыр адам үшін бұл – басымдық әрі маңызды фактор болса керек.
Бұдан бөлек, электр қозғалтқышының сипаттамасы, тиімділігі де оңтайлы көрінеді. Оған беріліс қорабы қажет емес. Заманауи электрмоторлардың пайдалы әрекет коэффициенті жоғары – 90%-дан асады. Отынмен қозғалатын бірде-бір көлік мұндай ПӘК-ке жете алмайтыны айтылды.
Жүргізушілер арнайы мотор майына, жағармайға шығындалмайды. Электрокарларға қызмет ету әлдеқайда оңай, арзанырақ көрінеді. Салон ішінде шудың, діріл-вибрацияның сезілмейтіні де – жанға ләззат! Электрмобильдердің «қойнауында» бір-біріне сүйкеніп, үйкелетін бөлшектері мейлінше аз.
Сарапшы электрлі көліктердің кең таралуына кедергі болған кемшіліктерін атады. Ең бастысы – жүріс қашықтығының шектеулілігі. Электрмоторлардың бір қуаттауы қала ішінде орта есеппен 200 шақырымдай ғана жүруге жетеді екен. Және бұл климаттық жағдай қолайлы болса. Күн суыса, үскірік аяз, ақырған боран үстемдік құрса, батареясы тез отырып, жүріс қашықтығы күрт кемиді, алысқа ұзай алмай қалуы мүмкін. Сондай-ақ салон ішін жылыту үшін де энергия шығындалатынын ұмытпаған жөн.
Қазақстанда орта есеппен 4-5 адамға 1 жеңіл көліктен ғана келеді. Демек, көптеген отбасыда жалғыз автомобиль бар, екінші көлік ретінде электрмобиль алуға елдің қалтасы көтермейді.
Электрокар иелері Қазақстанда электрлі көліктерді қуаттау тым ұзаққа созылатынына шағымданады. Қуаттау стансаларының екі түрі бар: баяу және жылдам. Біріншісінде көлікті қуаттауға 10 сағатқа дейін кетеді. Жылдам зарядтаушы құрылғы 20-30 минут, әрі кетсе бір сағат ішінде қуаттап береді. Қазақстанда баяу стансалар саны басым: себебі бағасы арзандау, 3-5 мың доллар тұрады. Жылдамының құны 100 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Олар негізінен, Астана мен Алматыда орнатылған. Алайда саны аз болғандықтан, жүргізушілер жиі кезек күтуге мәжбүр. Мамандар тез қуаттау батареяның жауы екенін ескертеді. Олардың мәліметінше, аккумуляторлық батареялары уақыт өте тозып, зарядты ұзақ ұстап тұра алмайтын халге жетеді.
Сондай-ақ әзірге елімізде, көрші елдерде үлкен трассаларда, халықаралық дәліздерде қуаттау стансаларының аздығын, тіпті жоқтығын естен шығармаған жөн. Салдарынан, электрокармен қазақтың ұлы даласын, ұлттық парктерін еркін аралай алмайсыз, көрші елдерге алаңсыз сапарлауға мүмкіндік бермейді.
Олай болса, мемлекет ұсынып отырған игіліктерді пайдаланбас бұрын азаматтар бұл көлік түрінің оң және теріс тұстарын тең таразылап, оңтайлы шешім қабылдаса, құба-құп.
Айхан ШӘРІП