Париждегі Олимпиада ең жоғары жалақы алатын ойыншылар спорттың екі түрінде ғана анықталды. Мысалы, АҚШ баскетбол командасының ойыншыларының жиынтық жалақысы 504 миллион доллар болады екен.
Спорттық нәтижелерінің арқасында мультимиллионер болған жұлдыздармен Aikyn.kz америкалық Quartz сайтына сілтеме жасай отырып, таныстырады. Олардың арасында жүздеген миллион доллар табатын спортшылар да бар.
Америкалық баскетболшылар Париждегі ең жұлдызды әрі миллионерлер ойнайтын команда, ойыншылардың NBA-дағы жиынтық жалақысы 504 миллион доллар. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / John Walton
Олимпиада алаңына шығатын америкалық баскетболшылар Париждегі ең жұлдызды баскетбол командасы ғана емес, сонымен қатар тарихтағы ең жоғары ақы төленетін команда болады. Wall Street Journal мәліметі бойынша Париж Олимпиадасында АҚШ-тың атынан қатысатын баскетболшылардың NBA-дағы жиынтық жалақысы 504 миллион доллар болады. Ал команданың ең жоғары жалақы алатын мүшесі Стивен Карри күзде кәсіби лигаға оралғанда 55 миллион доллар алатын болады. Карри командалас әріптесі Леброн Джеймс болса Олимпиада ойындарына қатысқан алғашқы миллиардер.
Париждегі Олимпиадаға қатысатындардың арасындағы ең бай 5-тіктің тізімі төменде берілген.
Бесінші орын.
Солтүстік ирландиялық Рори Макилрой Forbes нұсқасы бойынша 2023 жылдың маусымы мен 2024 жылдың маусымы аралығында 83 миллион доллар табыс тапқан әлемдегі екінші ең бай гольф ойыншысы. Оның шамамен 38 миллион доллары тікелей гольфтен түскен, ал 45 миллион доллары жарнама сияқты басқа табыстардан түскен. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Liu Dawei
Төртінші орын.
Америкалық баскетболшы Стивен Карри өткен жылы 102 миллион доллар табыс тапты, оның алаңдағы және алаңнан тыс табысы бірдей дерлік бөлінді. Карридің жалақысы 52 миллион долларды құрады, ал оның басқа табыстары 50 миллион доллар болған. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Christina Pahnke
Үшінші орын.
Грекиялық баскетболшы және NBA жұлдызы Яннис Адетокунбо өткен жылы шамамен 111 миллион доллар табыс тапты, негізінен ойыннан тыс мәмілелерден. Forbes бағалауы бойынша, оның NBA-дағы жалақысы 46 миллион доллар, ал 65 миллион доллар басқа табыс көздерінен түскен. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Gregory Shamus
Екінші орын.
Леброн Джеймс – Forbes мәліметтері бойынша Париж Олимпиадасына қатысатын ең бай спортшы, оның таза байлығы $1,2 млрд құрайды. Өткен жылы ол NBA-да 48,2 миллион доллар және алаңнан тыс 80 миллион доллар табыс тапқан. Осылайша Леброн Джеймс әлемдегі ең бай төртінші спортшы болды. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Quinn Rooney
NBA жұлдызы Леброн Джеймс баскетбол алаңын театрға айналдырып жібереді:
Бірінші орын.
Испандық гольф ойыншысы Джон Рам Forbes нұсқасы бойынша Париж Олимпиадасындағы ең қымбат спортшы. Өткен жылы ол әлемдегі жалақысы жоғары екінші спортшы болды. Сауд Арабиясы Корольдігі ұйымдастыратын LIV Golf турында ойнау үшін Рамға 175 миллион доллар төленген. Ол 2023 жылы гольф ойынынан қосымша 23 миллион доллар және алаңнан тыс 20 миллион доллар табыс тапты. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Bradley Collyer
Олимпиадаға қатысқаны үшін спортшыларға ақша төленбейді. Дегенмен көптеген спортшылар өз елдерінен алған медальдарына қарай ақшалай сыйлықтар алады.
Мысалы, Қазақстан алтын медаль алған спортшыға 250 мың доллар, күміс үшін – 150 мың, қола медальға – 75 мың доллар төлейді. Осы соманың 10 пайызы (25 000 доллар) спортшының бірінші жаттықтырушысына, 80 пайызы (200 000 доллар) спортшыны Олимпиадаға дайындаған жаттықтырушыға, жеке бапкеріне, тағы 10 пайызы (25 000 доллар) сол спорт түрі бойынша команданың бас бапкеріне беріледі.
Ал Олимпиада ойындарының жоғары мәртебесі мен оның медалі кәсіби спортта жасалатын мәмілелердің ақшалай көлеміне тікелей әсер етеді.
Симона Байлздың 2023 жылғы табысы 7,1 миллион доллар болған. Оның басым бөлігі жарнамадан түскен табыстар. Фото usatoday.com сайтынан алынды
Бірақ екі спорт түрі бойынша (баскетбол мен гольф) төленетін жалақы мен басқа спорт түрлеріндегі жалақы арасында үлкен айырмашылық бар. Мысалы, америкалық Симона Байлз сияқты гимнастикадан супержұлдыздар да әлдеқайда аз табыс табады. Forbes бағалауы бойынша, Байлздың 2023 жылғы табысы 7,1 миллион доллар болған. Оның басым бөлігі жарнамалық табыстар екен. Бұндай табыс Байлзды әлемдегі ең жоғары жалақы алатын 16-шы спортшы етеді. Бірақ жоғарыда келтірген Париж Олимпиадасына қатысатын ең бай спортшылардың табысымен салыстыруға да келмейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.