16 жастағы павлодарлық Амира Ахмедянова әлеуметтік желіде Тоқаевқа видеоүндеу жолдады. Ол Павлодар облыстық балалар ауруханасының хирургия бөліміндегі дәрігерлердің үстінен шағым айтты, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Қыздың айтуынша, биыл қаңтар айында соқырішектің асқынуына байланысты ота жасалған. Ауруханаға түскеніне он күн өтпестен дәрігерлер науқасты үйіне жіберді. Үш күн өткен соң жасөспірімнің қызуы көтеріліп, іші ауырған.
“Ауруханаға көмек сұрап қайта бардым. Антибиотиктермен емдеп, екі аптадан кейін қайта үйге жіберді. Онда да дене қызуымның барына, ішім ауырып тұрғанына қарамады. Бірнеше рет жағдайымды айтып, көмек сұрадым. Бірақ олардың тарапынан ешқандай шара қолданылған жоқ. 13 наурызда қатты уланып, дене қызуым 39, жүрегім айнып, ауыр халде ауруханаға түстім. Келесі күні мүлдем жүре алмай қалдым”, – дейді Амира.
Жасөспірімнің айтуынша, ол Ақсуда ұзақ уақыт массаж алып, емдік жаттығулар жасағаннан кейін аяққа тұрған. 21 сәуірде комаға түскен. Амира ол жерден Павлодар ауруханасының неврологиялық бөліміне ауыстырылды. Қыз есін жиғанымен, қайта жүре алмай қалды. Жасөспірім дәрігерлердің науқастарға салғырттық танытқанына наразы.
Ал, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың психикалық бұзылысы барын айтуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.