Осы орайда «AMANAT» партиясы ауыл халқының еңбек табысын арттыру мақсатында Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске қосқан болатын. Бастапқыда пилоттық жоба ретінде қолға алынған жоба бүгінде ел көлімінде жүйелі жүзеге асып келеді. Халқының жартысынан астамы ауылдық жерде тұратын Сыр өңірі үшін бұл жобаның маңызы зор болып тұр.
Ауылдағы ағайынның кәсіп көзін тауып, табысын жақсартуы үшін жобаны жүзеге асыруға өткен жылы облыста 3,0 млрд теңгеге 406 жоба несиелендіріліп, нәтижесінде 713 жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Жоба аясында 33 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі – 716 млн теңгеге; 373 жеке кәсіпкер 2 млрд 284 млн теңгеге қаржыландырылды. Басымдық өндірістік жобаларға, яғни шағын цехтар, жылыжай өндірісі, омарта, балық және құс шаруашылығы секілді жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмысын дамытуға бағытталды.
Бүгінде өңірімізде жобаның жемісін көре бастаған азаматтар қатары артып келеді. Солардың бірі – Жаңақорған кентінің тұрғыны Азамат Кеңесбекұлы. Ол «Азамат» жеке кәсіпкерлігін ашып, жиһаз жасаумен айналысып жүргеніне 15 жылдың шамасы болған. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алып, шағын кәсібін ілгерілетуге мүмкіндік алды. Жеңілдетілген пайызбен несие алған кәсіпкер бүгінде ас үйге арналған жиһаздар мен шкафтардың сан түрін өндіруде.
Ал жосалылық Дәуірбек Жәбеков жоба аясында фибробетон құрылыс материалын шығару цехын ашқан. Ол қосымша құрал-жабдықтар алу үшін 3,0 млн теңге несие алып, қазір аудан тұрғындарына қызмет жасауда.
Қызылжарма ауылдық округінде «Бажак» жеке кәсіпкерлігінің иесі Айнұр Бажакова бүгінде «линарлы панель» өндірісін бастаған. Жоба аясында 7 миллион теңге несие алып, кәсіпкерлікке қажетті құрал-жабдықтардың 8 түрін сатып алып, жұмыстарын жүйелі жүзеге асыруда.
2024 жылдың соңына дейін өңірде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін 575 жобаны қаржыландыру және 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
Бағдарлама шеңберінде барлық елді мекенді бірдей қатыстыру мақсатында қаралған қаржы әр аудан мен Қызылорда қаласы бойынша халық санына қарай тепе-тең бөлініп, облыстың 146 ауылдық округтерін қамту жоспарлануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылды дамытудың барлық ұйымдастырушылық, қаржылық тетіктері жасалып жатыр. Ең бастысы, партия өкілдері, жергілікті атқарушы органдар осы маңызды жобаны халыққа жан-жақты жеткізіп, насихаттауда. Тұтас қоғамды жоба төңірегіне жұмылдыруымыз маңызды.
Берік БЕК