Мониторингтік топ Торайғыр ауылындағы «Балдәурен» жазғы лагеріне және Баянауыл кентіндегі «Жасдәурен» жыл бойы сауықтыру лагеріне барды. Топ құрамында өңірлік кеңестің төрағасы Сандуғаш Қалижанова, төрағаның орынбасары Марина Стрелковская, сондай-ақ кеңес мүшелері Татьяна Ляхова мен Гүлмира Олжатай да болды.
Тексеру барысында жақсартуды қажет ететін аспектілер де анықталды. «Балдәурен» лагерінде балалар негізінен барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілгені, алайда балалар алаңын орнату, мүгедектігі бар адамдар үшін объектілерді бейімдеу және санитарлық жағдайларды жақсарту қажет екендігі байқалды. Кеңес мүшелері талап етілген шараларды тез арада орындау қажеттігін тапсырды.
«Жасдәурен» лагерінде комиссия асхана мен спорт залы үшін жеке ғимарат салу, сондай-ақ аумақты абаттандыру қажеттігін атап өтті.
Мониторинг қорытындысы бойынша, жергілікті білім беру органдары үшін балалар лагерьлеріндегі жағдайды жақсарту бойынша ұсынымдар әзірленді. Ұсынымдардың орындалуы туралы түпкілікті ақпарат биылғы 1 қазанға дейін күтіледі.
Берік БЕК