Туристік әлеуетті тиімді пайдалансақ игі

Атырау – туризмге сұранып тұрған аймақ. Табиғи байлығымен, тарихымен және мәдениетімен белгілі Атырауда әйгілі Тұздыкөл, лотос аймағы, Нарын құмы, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты, Сарайшық тарихи мекені бар. Алайда аймақта ішкі туризм көңілдегідей дамымай отыр.

Күні кеше Атырауда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының туристік маусымы ашылды. 15 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан резерваттың аумағы – 111 500 гектар. Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасына жақын орналасқан мемлекеттік табиғи резерваттың негізгі мақсаты – осы мекендегі жануарлар, өсімдіктер мен құстардың алуан түрлерін сақтап қалу. Резерватқа туристер тұмса табиғат пен ұшқан құстардың тобын қызықтау үшін келеді. Сол себептен қызметкерлер туристер үшін құрлық пен суда саяхаттау бағытын дайындайды.

«Бүгінде жаяу жүргінші маршруты мен Жайық өзенінің теңізге құятын сағасында қайықпен серуендеу саяхатын ұйымдастырып отырмыз. Қайықпен серуендеу барысында туристер өзен жағасынан құстың сан алуан түрін тамашалай алады. Каспий теңізінің жағалауы мен Жайық өзенінің сулы-батпақты атырабында құстың 292 түрі, өсімдіктің 227 түрі тіркелген. Сондай-ақ тағы бір бағыт – өзен сағасының арнасымен ашық теңізге саяхаттау», – дейді «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының Экологиялық ағарту және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аслан Таиров.

Спикердің айтуынша, резерваттың туристік маусымы күз айларына дейін жұмысын жалғастырады. Туристік маусымның ашылғаны жақсы, дегенмен «Ақжайық» резерваты кез келген уақытта басталып кетуі мүмкін дала өртінен өзін әлі күнге дейін қорғай алмай келеді. Оған себеп – арнайы техникалар мен күзет қызметінің жетіспеушілігі. Жақында ғана ел Үкіметі орман және дала өрттерін сөндіру кезінде қиындықтарға тап болуы мүмкін аймақтарды атады. Ол тізімнің қатарында Атырау да бар. Мысалы, өрт сөндірушілерде тікұшақтар, тіпті су-жерүсті арнайы кемелері жоқ. Арнайы техниканың тапшылығы мәселесі бірнеше рет көтерілгенімен, әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Ресми деректерге сенсек, бүгінде ТЖД саласында 200-ден астам арнайы техника жетіспейді.

Атырау облысы әкімдігі Үкіметке осыдан тура бір жыл бұрын «Ақжайық» резерватына қатысты бірнеше мәселені алға тартқан болатын. Біріншіден, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде балық аулауға және аң аулауға тыйым салу, адамдардың қозғалысына жол бермеу үшін «Ақжайық» резерватының қорғалатын аумағын ұлғайту. Екіншіден, жұмысшылар штатын қалыптастыру, материалдық базаны нығайту, жергілікті бюджет есебінен қажеттінің бәрін сатып алу үшін оны әкімдіктің балансына алу. Үшіншіден, өрт қауіпі бар аумақта бейнебақылау камералары мен тепловизорларды орнату, сондай-ақ өрт сөндіру үшін тікұшақ сатып алу. Алайда әзірге бұл бағытта ешқандай қозғалыс байқалмай отыр.

Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм және қызмет көрсету саласы жөніндегі кеңестің төрағасы Гүлжан Елешеваның айтуынша, бүгінде өңірдің туризм саласының дамуына теріс әсер ететін бірқатар проблемалық мәселе бар. 

«Олардың қатарында – «Ақжайық» резерватындағы өрттер, Индер ауданындағы Тұздыкөлде туристер үшін қолайсыз экологиялық жағдайлар, атап айтқанда, күкіртсутек шығарындылары мен химиялық ағындар, облыстың туристік объектілеріне апаратын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйі және оларда санитарлық-гигиеналық тораптар мен орындардың болмауы үлкен проблема болып отыр. Бұдан басқа, сервис саласында кадрлар тапшылығы сезіледі, туристік объектілер, орналастыру, демалыс орындары және басқа да өзекті мәселелер туралы ақпараттың жеткіліксіздігі де өзінше бір проблема. Мұндай мәселелерді туризмді дамыту жөніндегі Жол картасының жобасына енгізу қажет», – дейді спикер Гүлжан Елешова.

Расымен де, сарапшылар Атырау облысында тиісті инфрақұрылымның жеткіліксіздігі туризм саласына кедергі келтіріп отырғанын алға тартуда. Олардың пікірінше, Атырау облысында туризм инфрақұрылымы жеткілікті деңгейде дамымаған. Жолдардың сапасы, қонақүйлердің саны мен сапасы, туристік қызметтер мен орындардың жеткіліксіздігі туристердің келуін шектейді. Сонымен бірге жарнаманың жоқтығы да қолбайлау болып отыр. Мәселен, Атырау облысының туристік потенциалы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі ішкі және сыртқы туристерді тартуға кедергі келтіреді. Аймақтың табиғи және тарихи орындары туралы ақпаратты тарату үшін маркетингтік стратегиялар қажет. Үшіншіден, Каспий теңізінің экологиялық жағдайы және аймақтың табиғи ресурстарын сақтау мәселелері туризмнің дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Экологиялық туризмді дамыту үшін аймақта қоршаған ортаны қорғау шаралары күшейтілуі қажет. Төртіншіден, туристерге ұсынатын көрнекті орындар, мәдени шаралар мен экскурсиялар санының аздығы аймақтың тартымдылығын төмендетеді.

Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм және қызмет көрсету саласы жөніндегі кеңестің төрағасы Гүлжан Елешеваның айтуынша, дәл қазіргі уақытта Атырауда экологиялық туризмді дамыту, жергілікті халықты тарту, туристік өнімдерді әртараптандыру мәселелеріне назар аудару маңызды. 

«Атырауда экологиялық туризмді дамыту мәселесі өзекті. Табиғи ресурстарды сақтау және экологиялық туризмді дамыту мақсатында арнайы бағдарламалар мен шаралар қабылдау керек. Бұл туристердің қызығушылығын арттырып, аймақтың табиғи байлықтарын қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ туризм саласында жергілікті тұрғындардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін білім беру және оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру қажет. Жергілікті халықтың туризм саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға ынтасын арттыру маңызды. Үшіншіден, аймақтың туристік өнімдерін кеңейту үшін жаңа мәдени, тарихи және табиғи турлар мен шараларды ұйымдастыру қажет. Бұл туристердің қызығушылығын арттырып, аймаққа келушілер санын көбейтеді.

Атырау облысының ішкі туризмін дамыту үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды. Инфрақұрылымды жақсарту, маркетингтік стратегияларды жүзеге асыру, экологиялық мәселелерді шешу, жергілікті халықты тарту және туристік өнімдерді әртараптандыру арқылы аймақтың туристік потенциалын арттыруға болады», – дейді Г.Елешева.

Айта кету керек, қазір Атырауға өңірдің туристік әлеуетін зерттеу мақсатында ғалымдар келіп жатыр. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасына жақын орналасқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына зерттеу жүргізуде.

«Былтыр Батыс Қазақстан облысының туристік әлеуетін зерттеу бағдарламасы аясында арнайы грант ұтып алдық. Осы бойынша қазір жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін Атырау өлкесінің туристік инфрақұрылымына баға беру, ақпарат көзін өңдеу мақсатында сапарға шықтық. Себебі шетелдік туристерді есептемегенде, жергілікті халық көп біле бермейтін орындар бар. Осы кемшілікті жою үшін, БҚО-дағы туристік нысандарын анықтап, шолу жасалуда», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Тұрақты туризм даму» зертханасының кіші ғылыми маманы Азамат Бейсахмет.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы