Көшелерге көрік кіре бастады

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көп жұмыс атқарылуда. Өңірдің барлық елді мекенін қамтыған шарапатты шарадан экономиканың күретамыры саналатын жолдардың бойы мен жиегі де тыс қалмады.

Күрделі жөндеуі мен қайта төсеу жұмыстары біраз жылға жалғасқан Алматы мен Талдықорғанды, одан әрі облыс орталығын, еліміздің шығысымен жалғастыратын «Алматы–Өскемен» күре жолының облыс аумағы арқылы өтетін бөліктеріндегі негізгі жөндеу жұмыстары аяқталды деуге болады. Қазір Талдықорғаннан Алакөл ауданы аумағындағы облыс шекарасына дейінгі жол бөлігінде азды-көпті, ұсақ-түйек шаруа ғана қалды. Жыл соңына дейін оны да бітіріп, Алакөлге, одан әрі Абай, Шығыс Қазақстан облыстарына қиналмай қатынайтын боламыз. Ендігі мақсат – халықаралық талаптарға жауап беретін осынау заманауи трассаның жиегін таза ұстап, жол бойындағы сервистік қызметті барынша жетілдіру. Сонда жыл сайын демалу үшін Алакөлге ағылатын мыңдаған турист пен Абай және Шығыс Қазақстан облыстары арқылы Ресейге, Достық арқылы Қытайға сапарлайтын жолаушылардың алғысын арқалап, сырт көздің сынынан құтыламыз. 

Күні кеше республикалық дәрежедегі жолдардың облыс аумағы арқылы өтетін бөліктерінде аса ауқымды тазалық шаралары ұйымдастырылды. Әзірге Алматы–Өскемен республикалық тасжолының Көксу, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласы аралығындағы ұзындығы 69,5 шақырым болатын бөлігінде абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Көпшілік көңілінен шыққан шараға 150 адам, 21 техника жұмылдырылды. 84 тонна қоқыс шығарылып, 5 шақырым қоршау сырланды, 4,5 шақырым арық желісі тазаланып, қураған ағаштар мен шөптер оталды. Соның арқасында осы екі аралықтағы автобанның айналасы көзтоқтатар күйге жетіп, көріктене түсті. Жол жиектерін тазалау одан әрі жалғасын тауып, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында да жаппай қолға алынды. 

Жолмен бірге елді мекендердегі ғимараттардың сыртқы келбетін жақсарту, балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын салу, аумақтарды көгалдандыру, тұрғын үй орамдарын абаттандыру бағытында аса ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл облыстың аудандары мен қалаларын абаттандыру үшін жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлініпті. Қазір қазынадан қарастырылған осы қомақты қаржы ретімен игерілуде. Соның арқасында жыл соңына дейін 122 аула абаттандырылады, 117 балалар және спорт алаңдары салынады, 44 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттері жөнделеді, 24,1 шақырым арық желілері аршылып, қайта жөнделеді. Кейінгі жылдар көркі қашқан саябақтарға да кезек келгендей. Жоспар бойынша 8 саябаққа жөндеу жүргізіліп, 115 мың ағаш көшеті отырғызылмақ. Әзірге соның 59 мыңы егілді, қалған 56 мыңы күзгі кезеңде отырғызылады. Осы іс-шаралардың бәрі өңірдің тазалығын сақтап, келбетін көркейтуге үлкен ықпал етіп отыр. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы