Ranking сараптама орталығының мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылдың мамыр айында суық су бағасы жылына 35,9%, су бұру қызметтері – 43,9%, электр энергиясы – 31,4%, орталық жылыту – 33%, ыстық су 35%-ға өскен. Қазір инфляция деңгейі – 8,5%. Ал коммуналдық саладағы бұл қымбатшылық елдегі тауар мен қызмет бағасының жалпы өсімінен бірнеше есе асып түсті.
Сарапшылар «бұл өсімнің басты себебі былтыр «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске қосылуы болып отыр» дейді. Соның әсерінен сектордағы жылдар бойы шектеу қойылып келген баға бірден қымбаттап, халықтың есін шығарды. Ranking сараптама орталығының мамандары коммуналдық қызметтер бағасының мұндай өсуін өткен жылдардағы табиғи қымбаттауды тежеудің салдарына балайды. Бұған дейін сала мамандары коммуналдық қызмет саласындағы тозығы жеткен инфрақұрылым мен жабдықтардың басты себебі – бағаның нарыққа сай болмауы деп дабыл қаққан еді. Тіпті, аймақтарда болған апатты жағдайлардың да төркінін осы баға саясатына әкеп тіреген болатын.
Соңғы жылдардағы баға динамикасын салыстырар болсақ, 2017 жылдан 2023 жылға дейін суық су бағасы бір мезетте максималды 7,3%-ға дейін өскен. Жылыту бағасының динамикасы да төмен, керісінше, 2019, 2020 және 2022 жылдары бұл қызмет құны айтарлықтай төмендеген. Қалған коммуналдық қызметтер бойынша жағдай да осыған ұқсас.
Бағаны бақылаудың салдары қандай? Егер бағаны жасанды түрде инфляциядан төмен деңгейде ұстап отырса немесе тіпті төмендетсе, инвестициялар күрт кеміп, мүлдем кіріс болмауы мүмкін. Мысалы, 2018 жылға дейін электрмен жабдықтау, газ, бу беру және кондиционерлеу секторына инвестициялар тоқырап, 545 миллиард теңгеге жеткен. Ал 2019 жылы өсім болғанымен, кейін инвестиция азайып, қайта сол деңгейде жеткен. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске қосқаннан кейін жағдай күрт өзгерді. Нәтижесінде, сектордағы күрделі салымдардың көлемі былтыр 56,3%-ға артып, рекордтық 1,2 триллион теңгеге жетті. Биыл да бұл үрдіс жалғасуда. Сумен жабдықтау және қалдықтарды басқару саласында да осы жағдай, 2019 жылға дейін көлемі бір деңгейде болған инвестиция, 2023 жылы бірден 23 пайызға өсіп, 598,6 млрд теңгеге жеткен.
Жылдар бойы тозған коммуналдық инфрақұрылымға қажетті қаржы бөлінбей келді. Ал енді кезекте қаражат бар, бірақ модернизация мен даму мәселесі ерекше өзекті. Бағаны тежеу саясаты саладағы апат саны артып және қызмет көрсету сапасының төмендеуіне әкеп соқтырды. Мамандар бұл саясат ұзақмерзімді перспективада тиімсіз және қауіпті екенін айтуда.
«Инвестициялар дерексіз көрсеткіш емес. Бұл – кез келген саланың дамуы, халықтың өсуіне байланысты күн санап артып келе жатқан жүктемені азайту, жаңа қуаттарды енгізу және тозуды уақытылы тоқтату мүмкіндігі. Екібастұз, Риддер және басқа қалалардағы апаттарды көрдік. Коммуналдық қуаттар мен желілердің тозуы әлі де өте жоғары деңгейде қалып отыр. Мәселен, былтыр Қазақстанда ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66%, ал Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда және Кентауда ең көп тозу 80%-дан астамын құрайтыны белгілі болды. Мұның бәрі нарықтық жағдайда бағаны дұрыс реттемеудің салдары, – дейді Ranking сарапшылары.
Дегенмен бағаның бұлай бірден өсуі халықтың қалтасына ауыр соққаны анық. Сондықтан тұрғындарда соған сай сапаға бүгін-ертең қол жеткізе аламыз ба? деген заңды сұрақ туындайды. Қазақстанның энергиямен жабдықтайтын ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафоновтың айтуынша, мұның бір ғана шешімі бар, ол – қоғамдық бақылауды күшейту.
– Қазір «Тарифті инвестицияға айырбастау» атты үлкен бағдарлама іске асырылып жатыр. Оның биыл жыл басынан бері жүзеге асырыла бастағанын тариф бағасының интенсивті түрде өскенінен аңғаруға болады. Тариф арқылы тозығы жеткен коммуналдық желілерді жаңарту идеясы негізінен жақсы, бірақ біздің одан басқа амалымыз да жоқ. Бүгінде мен өзімнің әлеуметтік желідегі парақшам арқылы депутаттарға үндеу жолдадым. Қоғам белсенділері де бұл мәселе жөнінде сырт қалып жатқан жоқ. Тіпті, астаналықтар петиция жариялады, – дейді ол.
Бұл жерде тұрғындар мен белсенділер және қауымдастық өкілдері қандай мәселені алға тартып отыр? Олардың айтуынша, бүгінде бағдарлама аясында игерілетін қаражатқа жеткілікті бақылау жоқ.
– Біздің мақсатымыз – осыған қоғам назарын аудару. Өйткені монополистерге тауар жеткізуші, материалдық құндылыққа ие мердігер ұйымдардың көпшілігінің монополистер мен олардың менеджментіне қатысы бар. Сондықтан бұл жерде барлығы қаншалықты шынайы әрі ашық екеніне көз жеткізу қиын. Ал Табиғи монополияларды реттеу комитеті барлық құжаттар мен есептер ашық дереккөздер арқылы қолжетімді деген пікірде. Қағаз жүзінде солай да шығар. Бірақ бұл қаншалықты шындыққа жанасатыны үлкен күмән туғызады. Сондықтан бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылау қажет. Депутаттарға үндеу жолдай отырып, тарифті құру шеңберінде «Тарифтер бойынша аймақтық кеңес» құру туралы ұсыныс тастадық. Одан бөлек, біз қауымдастық атынан «Әділ және түсінікті тарифтер үшін» петицция жарияладық. Себебі ең мықты бақылау – ол қоғамдық бақылау, – дейді қауымдастық төрағасы.
Оның айтуынша, кеңес құрамына әртүрлі сала өкілдері мүше болуы қажет, оның ішінде тәуелсіз БАҚ өкілдері кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері де болса.
– Өйткені сол арқылы біз монополистер жанындағы «резервтерді» анықтай алатынымызға сенімдімін. Бұл бағдарлама қазір елімізге ауадай қажет. Бұл – ел энергетикасын құтқарудың жалғыз амалы. Дегенмен қазірдің өзінде миллиардтаған сома қаражат игерілуде. Одан коммуналды қызмет саласындағы инфрақұрылым желілерінің тозуы тоқтай ма? Егер дәл қазір бақылауды қолдан жіберіп алсақ, онда ертеңгі күні салымыз суға кетпесіне кім кепіл? – дейді сарапшы.
Шындығында, жарты жыл – қорытынды шығаруға, мынадай ауқымды жұмыстың нәтижесін көруге тым қысқа мерзім. Сондықтан монополистерден «6 ай ішінде тозығы жеткен инфрақұрылым қаншалықты азайды деп есеп сұрай алмаймыз ба?» деген сауалымызға қауымдастық төрағасы «бұл қазір шеті көрінетін шаруа емес» екендігін түсіндіріп берді. Себебі тозу процесі ол тоқтап қалмайды, ондай нысандардың саны ары қарай да көбейе береді. Егер қаражат орынды жұмсалмаса, сапасыз инфрақұрылым желілері саланы әлі де артқа тарта бермек. Сондай-ақ Сергей Агафонов қазіргі тариф бағасын белгілеуде көптеген қателік барын айтты.
– Оның басты белгілерін бүгінде аймақтарда шығып жатқан келіспеушіліктер мен тұрғындардың наразылығынан көруге болады. Мысалы, Екібастұзда болған апаттан кейін ондағы жылу электр стансасын мемлекет қайтарып алған еді. Ол қазір «Самұрық-Энерго» басқаруына өтті. Олар бір мезетте жылу бағасын 181 пайызға көтерді. Соның салдарынан жұрт арасында жанжал туып отыр. Атырау қаласында жергілікті монополист сметаға заңсыз 2,5 млрд теңгеге жуық шығын енгізгені анықталды. Салдарынан прокуратура бұл істі қолға алып, оң шешім шығарды. Осының барлығы қоғамдық бақылаудың көмегімен жүзеге асырылып отыр. Сондықтан салада сапалы инфрақұрылымға қол жеткіземіз десек, әу бастан-ақ бақылау тетіктерін күшейткеніміз дұрыс, – дейді маман.
Кәмила ЕРКІН