28 шілде күні түнгі сағат 00:50 шамасында патрульдік полиция ротасының қызметкерлеріне "Атырау-Ақтөбе" тасжолының 590 шақырым тұсында күнделікті ескерту жұмыстарын жүргізу кезінде Lada Vesta автокөлігінің жүргізушісі автокөлікте жүкті әйелдің толғағы басталғанын және оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізу керегін айтқан. Патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторлары Райымбек Қабдиев пен Қанат Ақмырзаев жедел түрде автокөліктің кедергісіз ауруханаға жетуін қамтамасыз еткен.
Әйел тез арада перзентханаға жеткізіліп, аман-есен ұл босанған. Жас ана мен оның туыстары жедел көмек көрсеткені үшін полиция қызметкерлеріне өз алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Атырау облысында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жыл басынан бері толғағы қысқан 4 жүкті әйелді перзентханаға жеткізген.
Баян Жанұзақова