Шымкент қаласында зейнеткер әйел алаяққа алданып, жарты миллион теңге ақшасынан айырылып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтардың арбауына түскен Шымкенттің 90 жастағы тұрғыны. Қарт кісіге белгісіз тұлға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, келіні жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған. Алайда мәселені белгілі сомамен шешуге болатынын және зейнеткерден ол ақшаны курьер алып кететінін айтқан. Туысына көмектесу үшін қарт ана алаяқтарға барлық жинап-терген қаражатын, яғни жарты млн теңгесін беріп жіберген.
Іздестіру шараларының барысында тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен жәбірленушінің үйінен қолма-қол ақшаны алу үшін келген тұлғаны анықтап, ұстады. Ол 33 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Өз жауабында ұсталған ер адам мессенджер арқылы алған нұсқауға сәйкес әрекет еткенін жеткізді. Алған ақшаны белгілі бір шотқа аударуға келіскен ол шартты орындамай, алаяқ “жұмыс берушісін” алдап кеткен екен.
Қазір қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғаушылар азаматтарға алаяқтықтың осы түрі туралы еске салады.
– Алаяқтар өздерін полицейлер ретінде таныстырып, туысыңыздың қиындыққа тап болғанын хабарлап, ал мәселені белгілі бір ақша қаражаты шешетінін айтуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден полицияның “102” нөміріне қоңырау шалып, ақпаратты тексеріңіз, үрейленбеңіз, әсіресе бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз, – дейді полиция қызметкерлері.