«Мектепке жол» – ізгі жол

Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Тамыз айы – ең бір қарбалас уақыт. Ала жаздай алаңсыз, қамсыз дем алған балалардың мектепке жинала бастайтын шағы. Ата-аналар қамданып, оқушының керек-жарағын түгендеуге кіріседі.

Балам мектепке барды дегенше, өмірдің қилы да қызықты бір парағы ашылды деген дұрыс. Кеше ғана көңілі көктем алаңсыз ойын баласы мектеп табалдырығын атта­ғаннан-ақ қоғамның белді бір мүшесіне ай­налады. Көзқарасы, балалық балғын сезім­дері, еркелігі бәрі-бәрі өзгереді. Өзін­ше жауап­кершілікті сезініп, қиялдарына қанат бітеді. Барлық баланың сәби жүре­гіндегі «Мен үлкен болғанда…» деген арма­ны әдемі әлемнің әліппесіндей мақсаттарға жетелейді.

Сондай үлкен әлемнің бір бөлшегі бо­лып қалыптасуы жолында бала арманның жүзеге асуы үшін алдымен ата-ананың, со­сын қо­ғамның және мемлекеттің үлкен қамқор­лығы керек. Баланың балғын қия­лын ұштап, әдемі әлемге жолдама бере­тін де оны қор­шаған орта, қоғам. Қазақстан Республика­сының Білім туралы заңына сәйкес еліміздің барлық балалары тең дәре­жеде жалпыға міндетті орта білімді алуға құқылы. 

Елімізде 2008 жылдың 1 тамызынан бас­тап «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Ак­ция­ның мақ­­са­ты – аз қамтылған және көп­балалы отбасы­­лардан шыққан мектеп оқу­шыларына, жетім және ата-анасының қам­­қорлығынсыз қалған ба­лаларды мек­тепке дайындау және киім-кешек, аяқкиім, кеңсе тауарлары және тағы бас­қа қажетті заттарын түгендеп, олар­­­дың мек­­­­­тепке ба­руын қамтамасыз ету. Осы тұр­ғыда мем­ле­кет жыл сайын мұқтаж ата-аналарға ба­рынша көмек көрсетіп жатыр. Жалпыға бірдей білім беру қоры шеңберінде әлеу­меттік осал санаттағы балаларды түгел қамту үшін қазір мектептердің әлеуметтік педагогтері білім алушылардың жаңа жиын­тығын ескере отырып, мұқтаж бала­лардың тізімін қалып­тастыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Егер отбасы аталған санаттарға жата­тын болса, онда балалардың ата-ана­лары мектепке барып, әлеуметтік санаты туралы құжаттарды ұсынуы керек.

Астана қаласы Білім басқармасының бас маманы Құттымұрат Шамшиевтің ай­туын­ша, 2024-2025 оқу жылы елорданың бар­лығы 102 мемлекеттік орта білім беру ұйымында 214 371 оқушы білім алады деп жоспарланған.

– Былтыр «Жалпыны шартты орта бі­лім­мен қамту» бағдарламасы аясында 14 040 оқу­шы, «Мектепке жол» респуб­лика­лық акциясы аясында 8 000-нан аса оқушы көмекпен қамтылған болатын. Биыл аталған бағыттарда 14 500 және 8 500 оқу­шыға көмек көрсету жоспарланып отыр. Білім басқар­­масы «Жал­­пыны шартты орта біліммен қамту» бағ­дар­ламасы аясында аз қамтамасыз етілген отба­сылар балаларына жан басына шаққанда күн­көрістің ең тө­менгі шегінен кем емес дең­гейде (43 407 тен­ге) материалдық көмек көрсетеді. Бұл қаражат мектеп фор­­масын, киім-кеше­гін алуға бағытталған. Мұндай көмектен тыс қалған отбасылар ба­ла­ларына «Мектепке жол» акциясы аясын­да демеу­шілер қара­жаты есебінен канце­­ляриялық тауар­лар, мектеп сумкасын, оқу құралдарын алуға көмек көрсетіледі. Де­меу­шілер көмегі елорданың 5 аудандық әкімдік­терінде, мектептерде ұсынылады. Оқу жылы бары­сында көмекке мұқтаж отбасыларға кө­мек демеушілер мен меценаттардың қаражаты есебінен қарас­тырылады, – деді басқарма өкілі.

Мұқтаж отбасыларды қолдау мақса­тын­дағы қайырымдылық көмектен басқа, рес­публикамыздың барлық дерлік ай­мақ­тарында 1 тамыздан 31 тамызға дейінгі аралықта «Мектепке жол» акциясы аясында дәстүрлі мектеп жәрмеңкесі ұйымдас­ты­рылады. Дәс­­түрлі жәрмеңкеде кеңсе тауар­лары мен мектеп формасын қолайлы баға­мен сатып алуға болады. Ұйым­дас­­­­ты­рушы­лар­­дың айтуынша, мұндағы тауарлар базар бағасынан 10 пайызға төмен болады.

Қалтаға салмақ салмай, қажетті оқу құ­рал­дарын тиімді бағада сатып алу үшін қа­зірдің өзінде жәрмеңкеге ағылған ха­лықтың қарасы қалың. Астанадағы арнайы белгіленген орындарда жәрмеңке қызып тұр. Мектеп жәрмеңкесіне барған қала тұрғыны Мұрат Бақыттың ай­туынша, на­рықтағы бағамен салыс­тыр­ғанда айыр­машылық бар.

– Мектепте үш балам оқиды. Бұған дейін анасы балаларыма сөмкелерін ертерек ала беремін деп біраз дүкендер мен базар­ларға барғанда бағаларын қарап жүрген болатын. Жәрмеңкеден мектеп сөмкелерін қолжетімді бағада табуға болады екен деп отыр. Қара­пайым тұтынушы үшін баға қолжетімді, – деді ол. 

Бала – бақыт, өмірдің жалғасы, еліміз­дің ертеңгі жарқын болашағы. Бала өзінің арман-қиялының жетегінде білім алуға тал­пынып, «тез ержетсем..» деген үмітпен әде­мі әлемді аңсайды. Олардың күйбең тірлік­тен пәк, әдемі әлемін, мөлдір сезім­дері мен алаңсыз сенімдерін лайлауға бол­майды. Әрбір бала бақытты бала­лық шақ құшағында білім нәрімен су­сын­дап, ақ парақтай аппақ жүректерін ғылым қуатына, ізігілік пен ар-ұятқа толтырып, еліне қыз­мет етуді үйренуі керек. Ұрпақтың күлкісі шат, ұйқысы тыныш, қарны тоқ, көйлегі көк, рухани әлемі толыс­қан, өз елінің то­лық­қанды азаматы болуы үшін бар жақ­сылықты жасауға тиіспіз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ