Мектепке дейінгі 5 ұйымның меңгерушісі және олардың көмекшілері балаларды тамақтандыруға арналған ақша қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұрынғы балабақша басшылары мәзірге сәйкес қажетті азық-түлік көлемін көрсете отырып өтінім берген. Сөйтіп өнім берушімен сөз байласып, толық жеткізілім туралы құжаттарға жалған мәліметтер енгізген.
– Қылмыстық схеманың бастамашысы және қылмыстық келісімнің тікелей ұйымдастырушысы бұрын сотталған олардың сыбайласы (өнім беруші) болған.
Мемлекеттік айыптаушы – прокурор сотталғандардың кінәсін дәлелдейтін барлық айғақты ұсынды.
Сот үкімімен балабақша меңгерушілеріне тағайындалған барлық мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, мәжбүрлі еңбекке тартуға және мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салуға сотталды, – делінген хабарламада.
Жеңілдететін мән-жайлар ретінде, меңгерушілердің келтірілген залалды өтегені, кінәларын толық мойындағаны және олардың кішкентай балаларының бар екендігі танылды.
Сондай-ақ олардың ұқсас қылмыстары үшін өтелмеген соттылығы бар сыбайласы 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.