Таңертеңімен Алматы әуежайының ішінде ине шаншар орын жоқ. Байрақты бәсекеде еліміздің абыройын асқақтатып, қуанышын көкке жеткізген спортшыларымызды күтіп алуға асыққан халықтың арасында еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бар дерсің. Олардың арасында спортшылардың соңынан еріп, қайсарлығы мен рухтылығын өнеге еткен жасөспірімдер де баршылық. Халықаралық жарыстарда көзге түсіп, еліміздің атын танытқан спорт саласының өкілдері де осы алаңнан табылды. Қолдарына құшақ-құшақ гүл шоқтарын, рух мен ерекше қолдау сыйлайтын ақ жарма тілекке толы плакаттарын ұстаған күтіп алушылар әрбір минутты санап, басты қонақтарды қарсы алуға ұмтылды. Күтіп алу залындағы адам аяғын алып жүре алмайтын тобырдың әсерінен спортшыларымызды әуежайдың сыртында тұрып күтуге мәжбүр болған келушілер де аз болған жоқ. Әуежайға кірген бойда Олимпиада чемпионын өмірге әкелген аяулы ана Тоқтагүл Сметова мен әкесі Бақтыбай Сметовпен қауышып, әңгімемізге тартқан едік. Елдостың ата-анасын жан-жақтан қаумалап, елінің бағына туған ұлының жеңісті сәтімен құттықтап, қуанышын бөліскен қолдаушыларға қарап біз де сүйсіндік.
«Алтын алатынына іштей сенімді болдық»
Чемпионның әкесінің айтуынша, Сметовтер отбасы Елдостың қоржынға алтын салатынын әу баста-ақ сезген көрінеді. Тіпті Париждегі Жазғы Олимпиада ойындары басталмас бұрын Елдостың отбасы жеңіске жетуге шынайы ниет танытып, үлкен қуанышты атап өтуге деген алғашқы дайындықты бастап жіберіпті...
– Олипиада басталмай-ақ біз үйді жаңартып, жөндеу жұмыстарын да жасап қойдық. Алғашында Елдос маған «Әке, мен алтын аламын» деді. Сонымен біз Олимпиада басталған уақыттан бастап Елдостың алтын алатынына іштей сенімді болдық. Алғаш рет спортзалға үш ағайынды Бақберген, Жандос, Елдос үшеуі өздері барды. Содан бері олар спортзалдан шыққан емес. Еңбектің жемісін жеді деген осы шығар. Еліміз үшін Олимпиададағы айтулы жеңіс – ұзақ уақыт дайындықтың, бапкерлердің еңбегі мен елінің, халқының арқасы. Салиқалы, тәртіпті ұрпақтарымыз көп болсын, – дейді Б. Сметов.
«Елдостың күнделігі әлі күнге дейін сақтаулы»
Бүгін Елдос Сметовты жарық дүниеге әкелген анасы үшін ең бақытты, қайталанбас сәттердің бірі екені рас. Өйткені әуежайда халықтың көрсеткен лайықты құрметі мен жан-жақтан ағылып келген толассыз жылы лебізден ананың төбесі көкке бір елі жетпей қалғандай. Сұхбат барысында Тоқтагүл Сметова Елдостың жастайынан армандарын қағаз бетіне түсіргенін, ал қазір бала кездегі арман-мақсаттарының шындыққа айналғанын айтып толқынысын жасырмады. Бір қызығы, чемпионның сол бір күнделігі әлі күнге дейін сақтаулы.
– Елдостың жеңісі – еліміздің, жұртымыздың қуанышы. Елдос – халықтың баласы. Ол Қазақстанның көк байрағын көкке көтеріп, өзге мемлекеттерге танытып жатыр. Артымызда өсіп келе жатқан жасөспірімдерге Елдостың жолын берсін деймін. Биік шыңдарды бағындыра берсін. Әркез жолдары ашық болғай. Сәт-сапар тілеймін! Барлық спортшы баланың анасына осындай қуанышты сезінуді тілеймін. Елдос спортқа алғаш қадам басқалы бері бар арманы – чемпион атану болатын. Кішкентайынан қойын дәптерге «Мен әлемді бағындыратын чемпион боламын» деп жазатын еді. Міне, енді расымен биік шыңдарды бағындыру бұйырды. Елдостың сол күнделігі әлі күнге дейін сақтаулы тұр, – дейді чемпионның анасы Т. Сметова.
Көптен күткен сәт те келіп жетті. Францияның астанасы Париж төрінде ел намысын қорғап, «Қазақстан» атауын жаһанға мәлім еткен, қазақстандықтардың оң қолын жүрек тұсына қойып, Әнұранды ерекше толқыныспен шырқауына себепкер болған Елдос Сметов пен алтынға бергісіз қола жүлдені иеленген спортшымыз Ғұсман Қырғызбаев Алматы әуежайына қонды. Көптің алғысына бөленген спортшыларымызға жиналған жұртшылық марапат көрсетіп, алдағы мансап жолына сәттілік тіледі.
– Үлкен спорт кіші қадамдардан басталады. Бұл дегеніміз еліміз бойынша жас жеткіншектерді спортқа тәрбиелеу, шеберлікке үйрету деген сөз. Дзюдоның дамуына үлес қосқаны үшін ERG компаниясына алғысымды білдіргім келеді. Компания астанамызда да, өзге өңірлерде де спорттық қозғалысқа демеушілік етеді. ERG Қазақстан дзюдо Федерациясына демеушілік көмек көрсетті, сондай-ақ халықаралық дзюдо төрешілер тобын қабылдауды ұйымдастыруға қатысты. Топқа және дзюдо спортшыларына алғысымды айтамын. Өйткені дзюдоны қолдау – спортшылардың дамуына қаржылай инвестиция салу ғана емес, жаңа ұрпақты тәрбиелеуге, қоғам мен елдің дамуына үлес қосу, – дейді Олимпиада чемпионы Елдос Сметов.
Тағы бір атап өтерлік жайт, Алматы қалалық дзюдо федерациясы дзюдодан 66 кг салмақ дәрежесінде Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Ғұсман Қырғызбаевқа су жаңа көлік кілтін табыстады. Осы ретте біз де спортшыларымызды кезекті асқаралы шыңды бағындыруымен құттықтаймыз! Олимпиада қатысушылары көк байрағымызды желбіретіп, спорттық мансап жолында толағай табыстарға жетуін тілейміз!
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы