Түркістан облысында тойға барған бойжеткенді қалыңдықтың әпкелері ұрып-соққан

22 жастағы Аделя Тұрсыманова сыныптасы шақырған тойға қонақ болып барған.

Түркістан облысының Келес ауданында үйлену тойына барған қонақтарды бір топ қыз ұрып жіберген, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

 

22 жастағы Аделя Тұрсыманова сыныптасы шақырған тойға қонақ болып барған. Бірақ, тойға көңіл көтеру үшін барған оны қалыңдықтың әпкелері жабылып ұрып кеткен.

«Бірінші тілектен кейін үш құрбыммен сыртқа шықтым. Артымыздан шыққан қыздардың бірі мені қатты итеріп қалды, мен талып қалдым. Екінші қыз шашымнан жұлып, балағаттай бастады. Кейін бізді бір жігіт келіп айырып алды. Ал ол қыздар «енді сені көрсек, тағы таяқ жейсің» деп айқайлады. Соққылардан менің басым мен денемде жарақат іздері өте көп», – дейді ол.

Жедел жәрдем қызметі Аделя Тұрсымановаға алғашқы көмек көрсеткен. Кейін соққы жасағандар келіп, кешірім сұрап, қорқытқан.

«Мені ұрған қыздардың туыстары келіп, кешірмесең, біз өзіміз 150 мың теңгеге мәселені шешіп аламыз деді», – дейді ол.

Түркістан облыстық соты құқық бұзғандарға қатысты дәлел таппаған. Сол себепті қылмыстық іс тоқтатылған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.