Азаматтардың сапалы медициналық ем қабылдауына мүмкіндік жасауда ауылдық жерлерде фельдшерлік амбулаториялық және медициналық пункттер салу – партияның Сайлауалды бағдарламасының маңызды тармағы болып енгізілген.
Сайлауалды бағдарламаны Түркістан облысында іске асырудың Жол картасына сәйкес, Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Жаңадәуір ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылыстары қолға алынды. Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысандардың құрылысы биылғы шілде айында басталған. Жоспар бойынша, жаңа ұйымдар алғашқы пациенттерін жыл соңына қарай қабылдайтын болады. Осы күнге дейін аталған ауылдардың тұрғындары ем алу үшін бірнеше шақырым жол жүріп, Лесбек батыр елді мекеніндегі емханаға келуге мәжбүр болатын.
Сондай-ақ партия бекіткен Жол картасына Сауран ауданы Ораңғай елді мекенінде 200 орындық оңалту орталығы мен психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арналған 50 орындық әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы да енгізілген еді. Аталған орталықтардың дайындығы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының жіті бақылауына алынған.
Азаматтарға арнайы қызмет көрсететін бұл ұйымдардағы құрылыс жұмыстарының барысын партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева арнайы барып көрді. Құрылысқа тартылған мердігер ұйымдардың өкілдерімен жүздесіп, құрылыс барысындағы түйткілді мәселелерді талқылады, олардың шешілу жолдары қарастырылды.
Берік БЕК