Бурабайдың басынан «бұлт» кетпей тұр

Ерекше табиғаты бар Бурабай жері отандық туризм үшін «жұмақ мекен» болуға әбден лайық. Алайда соңғы жылдары сұлу өл­кедегі экологиялық ахуал нашарлап бара жатқаны байқалады.

Бағасы аспандап тұрса да инфрақұрылымы мен көрсетілетін қызметі ақ­сап тұрғаны, ең аяғы, қарапайым әжетха­на­лардың жетіспейтіні, тіпті бірнеше ша­р­шы шақырым аумақта мүлдем жоқ екені көпке аян.

Түйткілді мәселені жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де көтерді. Курорттық аймақтағы инфра­құрылымның сапасын сын садағына алған Президент сонау 2012 жылы жоспарланған жобаның күні бүгінге дейін жүзеге асырылмағанын айтып, құзырлы министрлік­тер мен ведомстволарға, сондай-ақ облыс әкімдігіне тиісті тапсырмаларды шегелеп жүктеді. 

Бурабайдың Астанаға жақын орналасуы онда тұрғындар мен қала қонақтарының тұрақты ағынын қамтамасыз етеді. Жыл сайын туристердің қатары молайып келеді. Алайда курорттық аймақтағы инфрақұрылымның құрылысы өте баяу жүріп жатыр. Осының салдарынан бұ­қа­ралық демалыс орындарындағы эколо­гиялық ахуал адам төзбейтін өте күрделі жағ­дайға жеткен. Билік өкілдері аса маңызды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына сылбырлық көрсетіп, артын сиырқұйымшақтатып жіберген. Мәселен, сонау 2012 жылы қабылданған «Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың жоспарының өзі толық күйінде жүзеге асырылмаған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысының келтірген деректеріне жүгінсек, аталған жоспарға сәйкес Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытуға 126 миллиард теңге бөлінуі тиіс болған. Алайда іс жүзінде 35 мил­лиард теңге ғана қаржы бөлінген.  

Осыдан аттай жеті жыл бұрын Щучинск-Бурабай курорттық аймағының инфрақұрылымы мен кәріз жүйесін қалпына келтіру әрі жөндеу жұмыстарына деп бюджеттің бүйірінен 13 миллиард теңге сомасында қаржы қарастырылған. 2017-2019 жылдары қомақты қаржы толықтай бөлінген. Бұған Бурабай баурайында 200 шақырым кәріз жүйесі жаңа құбырлар салынатын іргелі жоба жасалуы тиіс болған. Бірақ жобаның арты сиырқұйымшақтанып, миллиардтаған қаржы шын мәнінде желге ұшқан. Қазіргі тұрған кәріз жүйесі әлі сол тозған күйде қалған. Құжат жүзінде бәрі «сақадай-сай» жасалып қойған. Алайда іс жүзінде шыбықтың басы сынбағаны анықталып отыр. Ал «Әд­іл­дік жолы» республикалық қоғамдық қоры аса ірі көлемдегі бірқатар заңсыздықты анықтағанын жеткізді. 

«Жоба бойынша жасалуға тиіс болған кәріз жүйелерінің бәрін көзімізбен көріп қайттық. Нысанның әбден тоз-тозы шығып, сынып, бүлінген күйге жеткен. 20-50 жылдан бері жөндеу көрмегендей жағдайда тұр. Бірақ онда 2017 жылы ғана жұмыс жүр­гізілген. Жұмыс тек құжат бойынша жасалған. «Жасалған» кәріз жүйесін жергілікті мекеме қабылдамаған. Өйткені біраз жұмыс мүлде жүргізілмеген. Құралдар салынбаған. Құжат бойынша бар. Бірақ іс жүзінде жоқ. Мен қабылдамаймын деген басшыларды жұмыстан шығарған. Бір емес, екі басшы жұмыстан шығарылған. Тіпті, жұмысты қабылдамаған ұйымдардың атауы да өзгеріп шыға келген», – дейді «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық қорының атқарушы директоры Дидар Смағұлов. 

Сонымен, сол жылдары Бурабай ауданында болған солақай тірліктерді жіп­ке тізейік. Аудан әкімдігі «Бурабай Су Арнасы» ШЖҚ МКК-нің экс-басшысы Галина Телегенованы жұмыстан босатып, оның орнына Адалжан Дәлкеевті тағайындаған. Сондай-ақ дәл сол жылдары «Бурабай Тазалық» коммуналдық кәсіпорнын басқарған Виктор Бахмут та жұмыстан босатылған. Жоғарыдағы аталған екі басшы да миллиардтаған қаржы жұмсалып, бірақ толық аяқталмаған құрылысты қабылдаудан бас тартқаны үшін босатылған. Бұдан кейін қалай болған дейсіз ғой. Екі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның да атауы өзгертіліп, бірден жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналып шыға кел­ген. Осылайша, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның жұмысы тәмамдалып, 200 шақырымнан астам әлі салынып болмаған инженерлік желі пайдалануға берілген. 

Біздегі қолда бар мәліметтер бойынша 2014 жылдан бастап күні бүгінге дейін жо­с­пардың күл-талқаны шыққан. Құжаттарда әкімдер мен мемлекеттік органдардың басшылары бірін-бірі лауазымдарда ауыстырған. Ал ешқандай шешім болмаған. Соның салдарынан құрылыстар мен реконструкциялық жұмыстар құрылыс-монтаждау нормаларының өрескел заңбұзу­шылықтар болған. Жобалық-сметалық құжаттамада ауытқушылықтар бар. Ал нысандағы бірқатар жұмыс тіпті жүргізілмеген де болып шықты, – дейді «Әділдік жо­лы» РҚБ Ақмола облыстық өкілдігінің жетекшісі Ерлаз Жайықбаев. 

Сорақысы сол, аталған қабылданған нысандар одан кейін кәсіпорындардың теңгеріміне қабылдауға шаралар жасалған. 2018 жылы кәсіпорын Президент әкімшілігі мен облыс прокуратурасына өтініші негізінде облыс әкімдігімен аудан әкімдігінің әрекетінің заңдылығына тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде, 2017 жылдың 26 қыркүйегіндегі «Мүлікті қабылдау туралы» № А-10/362 және 2018 жылдың 26 ақпанындағы «Мүлікті теңгерімге бекіту туралы» №А-3/69 шығарылған қаулылар алынып тасталған. 

Дегенмен осыған дейін болған заңбұзу­шылықтардың бәрі кәсіпорынның мойнына ілініп тасталған. Кәріз жүйесінің реконструкциясына жұмсалған 194 156 812 теңге сомасындағы, оның ішінде теңгерім иесі ауданның ТҮКШ бөлімі болып табылатын ғимаратқа жұмсалған 65 миллион теңгеден астам шығын жоғарыдағы коммуналдық кәсіпорынға таң­ылған. 

Қазіргі уақытта Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың үшінші кезеңі мәселесі аса күрделі мәселеге айналған. Жоспар 4 бөлімге бөлініп, 34 шараны қамтуы тиіс болған. Жалпы бюджет қоры 61 миллиард теңгеден асып жығылған. Мұндағы негізгі орындаушылар Ақмола облысының әкімдігі, Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Мәдениет және спорт министрліктері болады. Жоғарыдағы сомадан қаражатқа су құбыры мен кәріз желілерінің құрылысының өзіне ғана 17 миллиард теңгені игеру жоспарланады. Бірінші бөлімдегі 17 тармақтың 11-ін жүзеге асыру қорытындысы бойынша аймақ тұрғындары 380 шақырымнан астам желіге қол жеткізуі тиіс болған. Алайда іс жүзінде сатып алынған 11-нің де бірде-бірі орындалмаған. 

Қатаркөл кәріз сорғы стансасы қоқыс пен суға толып қалған. Стансаның кәрізі барлық нормалар бұзылып жасалған. Бұзылған кәріз жүйесінің үстіне жаңа асфальт төсеп тасталған болып шықты. Аталған кәріз жүйесі бір күн де жұмыс істемеген. Мемлекеттік сатып алу порталында табылған қаражат сомасы 13 миллиард теңгеден асып жығылды. Көп ке­л­і­сімшартта тіпті орындалған жұмыс актілері де болмай шықты. Актілер бойынша 2 мил­­лиард теңгеден астам қаражат төленген. Қазір қолданылып жатқан сонау өткен ғасырдың 80 жылдары салынған кәріз жүйелері толықтай тозғанын атап өту керек. Ал жаңадан салынған желілер жарамсыз күйде қалған. Мұнымен қоса, қолда бар ақпараттарға сәйкес биыл бірде-бір мәрте жұмыс істемеген кәріз жүйелеріне реконструкциялауға қызметін алуға қаражат бөлу жоспарланыпты. Бурабай аудандық құрылыс бөлімінде «Щучинск қаласының тазарту қондырғыларын Қатаркөл коллекторына жалғау желілері құрылысына жобалық-сметалық құжаттамаларын жасау» делінген өтінімді қабылдау жүріп жатыр. Аталған коллекторды әкімдік әлдеқашан пайдалануға беріп қойған. Бірақ іс жүзінде оның құрылысы аяқталмаған, – дейді Ерлаз Жайықбаев. 

Зерделенген басқа да нысандарда құрылыс жұмыстары сиырқұйымшақтанып, орта жолда аяқтаусыз қалдырылған болып шықты. Мәселен, Бурабай кенті тазарту қондырғыларының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасалуына келейікн. Аталған тазарту қондырғыларының пайдалануға беру мерзімінің өзіне 10 жылға жуықтап қалған. Құрылыс желіге қосылмаған, коллекторы мүлдем жоқ болып шықты. Іс жүзінде миллиардтар бөлінген аймақта техногендік апаттық жағдайға жетіп жығылған. Кәріз жүйесіндегі келеңсіздіктер мен апаттар қалада ғана емес ұлттық парк аумағында да қалыпты жағ­дайға айналған. Курорттық аймақтағы қонақ үйлер мен отельдер дренажды сеп­тик­терді қолданып, оның қалдықтары та­ғы да қоршаған ортаға кететін болып шықты. 

Кәріздік тазарту қондырғыларының арықтарды тазартудың технологиялық регламентін сақтауға арналған блоктары жобалық қуаты тәулігіне 17 000 текше метр болғанымен, іс жүзінде 10 мың текше ме­тр­ге келгенде биологиялық тазартуға қауқарсыз болып шықты. 

Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы түйткілді мәселелер жақында Бурабай ауданында өткен кеңейтілген жиында тағы бір мәрте көтерілді. Шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов, Президенттің іс басқармасы, Бас прокурордың орынбасары, Туризм және спорт, Көлік, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің өкілдері қатысқан. Жиында курорттық аймақты дамытудың ке­шенді жоспарын жасау және инженерлік-құрылыс жобаларын аяқтау аспектілерін қарастыру назарға алынды. 

Облыс әкімі Мемлекет басшысы жүктеген қадау-қадау тапсырмалардың маңыздылығын атап, тиісті шаралардың орындалуына назар аударды. Президенттің іс басқармасы басшысының орынбасары Рустам Баялиев, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытуда мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесуін, Туризм министрінің ор­ынбасары Ержан Еркінбаев өңірдің туристік саласында жоспарланған шаралар жөніндегі есептерін ұсынды. Көлік минис­трі курортық аймақтағы көліктің инфр­а­құрылымның даму жолдарын жіпке тізді. Ведомство аймақта жолаушылар тасымалын екі есеге дейін, оның ішінде әуе және теміржол тасымалын көбейтетінін жеткізді. 

Облыстың Туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский аяқталмаған инженерлік инфрақұрылымдардың жағдайы, аймақты дамытудағы үш кезең шеңберінде жүзеге асырылатын Бурабай кентіндегі инфрақұрылымдық желілерді өткізу, су және жылу құбырларын жаңғырту туралы айтып өтті. Облыс әкімі Бурабай курортын дамытуда нақты әрекеттердің ауадай қажеттігін атады.

– Бізге курорты аймақты дамытудың жаңа кешенді жоспары негізінде нақты әрекеттер мен концептуалды жаңа әдістер қажет. Бурабай тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде танымал туристік брендке айналуы тиіс, – деді Марат Ахметжанов. 

Қысқасы, түйткілді мәселелерді шешудің жолы тиісті органдардан аса үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Бұл орайда істің ше­шімін табу үшін тиісті жауапты органдардан жұмыстар мен жобаларды орындауда мұқияттылық пен тиянақтылықты қажет етпек.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы