Табиғи апаттың барлық ауыртпалығын жалғыз төтенше жағдайлар қызметіне артып қоймай, оны еңсеруге, елге көмекке «AMANAT» партиясы бастаған еліміздің барлық саяси күші, ұлттық армия, бизнес, еріктілер, жергілікті тұрғындар – бәрі тартылды. Баршасы жұмыла жұмыс істеу арқылы жаһанға елдік пен бірліктің, берекелі тірліктің, жарқын жасампаздықтың үлгісін көрсетті.
Қамқорлық халықтың көңілін марқайтты
Еліміз осы арқылы ынтымағы ұйыған, бүтін, бір екенін паш етті. Халықаралық қоғамдастық Қазақ елінің қыранға тән құрыштай ерік-жігеріне куә болды.
2024 жылғы тасқын кезінде елімізде 34,8 мыңнан тұрғын жай су астында қалып, қирады. 100 мыңнан астам қазақстандық үйсіз-күйсіз қалды. Мемлекеттің қамқорлығы арқасында халық қиындықты еркін, едел-жедел еңсерді.
Үкімет биылғы қарғын судан келген зардаптың қорытындыларын шығарды. Су тасқыны басталғалы барлығы 12 086 тұрғын үй және 22 723 саяжай су астында қалған екен. Жалпы саны – 34 809 баспана.
Арнайы комиссия зардап шеккен өңірлерді аралап, тексере келе, олардың 19 342-сін – адамдар тұрақты тұратын және иесінің жалғыз баспанасы болып саналатын үйлер мен саяжайлар деп тапқан екен. Осы 19 342 объект бойынша бағалау 100% аяқталды. Қорытындысында, ең көп зардап шеккен баспана келесі өңірлерге тиесілі болып шықты: Батыс Қазақстан облысы – 5 927, Ақтөбе облысы – 4 087, Солтүстік Қазақстан облысы – 4 001, Атырау облысы – 2 674, Қостанай облысы – 1 283, Ақмола облысы – 1 265 тұрғын үй және басқасы.
Комиссия бағалау қорытындылары бойынша 9 243 үйді жөндеуге болады деп таныды. Олардың бәрін қалпына келтіру шығыны шамамен 271,6 миллиард теңгеге түспек.
Ал, 8 578 баспананы қызыл су іргетасымен жұлып алып, шайып кеткен, не қабырғаларын қиратып, төбесін ортасына түсіріп, қатты бүлдірген. Тиісінше, олар қалпына келтірілмейді, сүріп тасталады. Сондықтан 8,5 мыңнан астам тұрғын үйді мекен еткен отбасыларға 3 таңдау ұсынылды. Біріншісі – жақын, іргелес ауыл-аудандарда көшіп, сонда тегін үй ала алады. Екіншісі – облыстың нақты бір қаласына қоныс аударып, сондағы көп қабатты үйлердегі дайын пәтерді иеленеді. Үшіншісі – жайрап қалған ескі үйінің орнына өз ауылында жаңадан салынатын тұрғын үйдің тұрғызылуын күтеді.
Үкіметтің дерегінше, зардап шеккендердің басым көпшілігі алғашқы екі нұсқаны таңдапты: оларға қайталама нарықтан 5 986 үй мен пәтер сатып алынады. Қалған отбасыларға үлгілік жоба бойынша 2 576 үй қарқынды түрде бой көтеріп жатыр.
Осы соңғы нұсқаны таңдаған адамдардың бірі – солтүстікқазақстандық Людмила Владимирова. Ол өз өмірінде мемлекеттен осымен екінші рет тегін үй алып отырғанын айтып, масайрады. Ол ауылдағы төрт бөлмелі үйінің сонау 1979 жылы салынғанын айтты.
– Бұл үйді «завхоз» (шаруашылық меңгерушісі – ред.) болғанда берген-тін. 90-шы жылдары Үкімет оны тегін жекешелендіруге рұқсат етті. Содан бері әбден көнеріп, апатты жағдайда жетті, жұбайыммен жылда жамап-жасқап, ұстап тұратынбыз. Сәуірде ол үйді су ағызып әкетті. Бүгінде Үкіметтің қолдауы арқасында бес бөлмелі жаңа үйге қол жеткізіп отырмыз. Ішінде барлық сантехникасы, асүй плитасы бар. Тіпті тоңазытқыш пен теледидарды сыйға тартты. Балаларым Ресейде тұрады, жылда шақыратын. Қызымның ресейлік Ор қаласының шетіндегі үйі су астында қалды, билігі өтемақы ретінде бар-жоғы 20 мың рубль беріпті. Үйсіз қалған ол Қазақстанға оралып, қолымызда тұратын болды. Қазақстанға риза, мәз болып, көңіліміз марқайған жағдайдамыз, – деді Людмила.
Жұртқа ұсынылған жеті игілік
Қазіргі уақытта барлық облыста тұрғын үй мен саяжай құрылысын тексеру және бағалау жұмысы толығымен аяқталды. Енді Үкімет күш-жігерін су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдауға, сондай-ақ тұрғын үйді жөндеу және жаңадан салу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауға шоғырландырды. Ресми мәліметке жүгінсек, шілде айының қорытындысында қарғын судан зардап шеккен қазақстандықтарға 4 790-нан астам жаңадан тұрғызылған немесе нарықтан сатып алынған үй мен пәтерлер табысталып болды.
Бұл ретте мемлекеттік қолдау бірнеше бағытта жүргізіледі. Біріншіден, 31 шілдедегі жағдай бойынша нарықтағы баспананы таңдағандарға дайын, бірақ барынша жаңа 4 467 үй мен пәтер берілді. Соның ішінде шілде қорытындысында Атырау облысының тұрғындарына – 1 372 тұрғын үй берілсе, СҚО-да – 1 102, БҚО-да – 1 004, Ақтөбе облысында – 447, Қостанай облысында – 315, Ақмола облысында – 219, Қарағанды облысында – 6, Павлодарда облысында 2 үй мен пәтер ел игілігіне ұсынылды.
Екіншіден, жоғарыда айтылған үшінші нұсқаны таңдағандарға арналып, 2,5 мыңнан астам баспана жаңадан тұрғызылып жатыр. Топан су топалаңынан баспанасыз қалғандар үшін жаңа үй құрылысының көрігі негізінен Батыс Қазақстан (775 үй), Солтүстік Қазақстан (700), Ақтөбе (517), Ақмола (273), Қостанай (153), Атырау (80) облыстарында қызды.
Оның ішінде өңірлерде 323-інің құрылысы толық аяқталды және кілті иелеріне табыс етілді. Солтүстік Қазақстан облысында – 235 отбасы, Қостанай облысында – 57, Ақтөбе облысында – 26, Павлодар облысында – 5 отбасы жаңа үйдің кілтін алды. Үкіметтің сендіруінше, су астында қалған елді мекендерде күзге дейін барлығы 2 568 үй салып, тапсыру жоспарланған, жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр.
Премьер-Министр Олжас Бектенов тұрғын үйді қалпына келтіруді жеделдету үшін барлық шара қабылданғанын айтты. Әкімдіктер қажетті қаржымен толық қамтамасыз етілді, салынатын үйлердің үлгілік жобалары бекітілді. Бірақ кейбір өңірде құрылыстың жұмыс кестесінен 15-25 күнге артта қалушылығы тіркелген. Президент тапсырмасы уақытылы орындалуы үшін әкімдерге әрбір нысанға адамдар мен техниканы жете жұмылдыру тапсырылды. Бектеновтың айтуынша, өңір әкімдері үйлердің сапасына басымен жауап беретін болады. Ертең жаңа үйлер шіріп, көк басып жататын болмауы тиіс, асығу кезінде құрылыс нормаларының бұзылуына жол бермеуі керек.
Үшіншіден, Үкімет тасқыннан зардап шеккен 34 068 отбасыға (барлығы 35 957 өтініш түскен) 100 АЕК (369 200 мың теңге) көлемінде біржолғы төлемақы төледі. Жалпы сомасы 12,5 миллиард теңге аударылған.
Төртіншіден, бағалау аяқталған соң, дүние-мүлкіне зақым келген 21 800 отбасыға қосымша 150 АЕК-ке (553 800 теңгеге) дейін төлем жасалды. Бұл қаражатқа олар мысалы, тасқын кезінде жоғалған ең қажетті заттарды, мүлік, жиһаздарды сатып ала алады. Бұл мақсатта Үкімет 9,9 миллиард теңге шығындады.
Бесіншіден, баспанасына су кірген, бірақ қатты бүлінбеген шаңырақтар да мемлекеттің қамқор назарынан тыс қалмапты. Баспанасын жөндеу, құрылыс материалдарын алу және басқасы үшін 8 717 отбасы жалпы сомасы 48,2 миллиард теңге өтемақы алған.
Алтыншыдан, ауылдағы ағайын тасқын кезінде қолындағы малының бір бөлігі суға кетіп, өлгеніне шағымданды. Төрт түліктің суға ағып бара жатқан немесе қарны ісіп, теңкиіп жатқан өлекселері бейнеленген видеолар әлеуметтік желіде тарады. Мемлекет суға кеткен мал үшін жалпы сомасы 2,8 миллиард теңге өтемақы төледі.
Тарата кетсек, Қостанай облысында – 3 520 бас малға 1 миллиард 400 миллион теңге, Ақтөбе облысында – 4 664 басқа 1 миллиард 98 миллион теңге, Атырау облысында – 1 583 басқа 178,6 миллион теңге, Батыс Қазақстан облысында – 1 104 бас малға 134,7 миллион теңге бөлінді.
Жетіншіден, Қазақстан қарғын судан зардап шеккен бизнеске келтірілген шығынды да өтеу жолдарын қарастырды. Бұл бағытта өңірлік комиссиялар жалпы құны 5,8 миллиард теңге шығынды өтеу үшін 374 өтінімді мақұлдады. Жалпы, жергілікті әкімдіктердің алдын ала бағалауынша, су тасқынынан 797 кәсіпкерлік субъектісіне 24,1 миллиард теңге сомасында нұқсан келтірілген. Алайда бармақ басты көз қысты жағдайларды, жемқорлықты болдырмау үшін арнайы комиссиялар бизнес нысанына шын мәнінде су басу салдарынан зақым келгенін нақтылайды. Объектілер бойынша бағалау және сметалық жұмыстар жалғасты. Соның қорытындысында мәселе өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылатын болады.
– Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы басталды. «Атамекен» ұлттық палатасында «1432 қауырт желі» жұмыс істейді, әрбір кәсіпкер соған хабарласып, өтемақы және оған қажетті құжаттарды тапсыру тәртібі туралы ақпарат ала алады. Барлық облыста өңірлік және аудандық комиссиялар жұмыс істейді, бағалаушы компаниялар да айқындалды. Өңірлік комиссиялар зардап шеккен шағын және орта бизнестің тізімін жасады. Оларды тегіс тексеру, объектілерді бағалау жүргізіліп, залалдың нақты сомалары айқындалып жатыр, – деп хабарлады Мәжіліске жауап хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Арқырап аққан суды далаға өткізіп жіберу үшін бұзылған жергілікті жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға Үкімет резервінен 22,7 миллиард теңге бөлініпті. Өңірлерде қарғын судан зақымданған мектептерді қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бағытталды. Барлық мектеп оқу жылы басталғанға дейін қалпына келтірілуі тиіс.
Тасқын қайтып келмей ме?
Биылғыдай төтенше жағдай қайталанбауы үшін мемлекет қамсыз отырмағаны жөн. Осы орайда қарғын су саладағы жасырулы келген көптеген проблеманы «жалаңаштады». Мысалы, ернеуінен тасып, іргесіндегі елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін су қоймаларында, ірі өзен-көлдерде су деңгейін бақылау автоматтандырылмаған, бекеттер жеткіліксіз. Салдарынан, әкімдердің өткен ғасырдай көктемде су жағасын көзбен шолуы үшін адам аттандырып, кезекшілік ұйымдастырып жүргені ұят.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің мәліметінше, ауа райы болжамдары мен гидрология деректерінің дәлдігін қамтамасыз ету үшін қосымша 114 метеорология стансасын, 167 агрометеорология бекетін, 139 гидрология бекетін және 143 экология бекетін ашу қажет.
Осыған байланысты Экология министрлігі Қазақстанның Ұлттық гидрометеорология қызметін дамытудың және жаңғыртудың 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірледі. Сондай-ақ биыл «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде ашу жоспарланып отырған гидрология бекеттерінің тізбесі қайта қаралды.
2030 жылға дейін еліміздің жазық аумақтарындағы мониторингпен қамтылмаған өзендердің су тасу қаупі бар учаскелерінде 42 жаңа гидрологиялық бекет салу жоспарланған. Бұл бекеттер Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстарында, Ұлытау өңірінде, сондай-ақ Қытаймен және Ресеймен трансшекаралық өзендерде орналасатын болады.
Жиырмаға жуық жаңа су қоймалары салынып, жаңбыр мен еріген қар суы соларда жиналады.
Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі халықты су басу қаупі бар учаскелерден және су қорғау аймақтарынан кезең-кезеңімен көшіру жоспарын әзірледі. Жоспарға сәйкес, биылғы жылдың соңына дейін су тасу қаупі бар учаскелер мен су қорғау аймақтарына талдау жүргізу және сәйкестендіру, сондай-ақ осы аймақтардағы объектілердің тізбесін жасау жоспарланған.
Келесі 2025 жылы пайдаланылмайтын учаскелерді алып қою, оны қаржыландыру көздерін анықтау, осы жер учаскелеріне инженерлік және көліктік инфрақұрылымды тарту, шешімдер қабылдау жөніндегі іс-шаралар жоспарланған. Бүгінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда келісімінен өтіп жатыр.
Премьер-министр О.Бектеновтың айтуынша, су басу қаупі бар учаскелерден және су қорғау аймақтарынан халықты көшіру мәселесін Үкімет бақылауына алды.
Қалай болғанда, биыл арқыраған тасқынға тосқын қою, баспанасын су басқан халықты қамқорлыққа алу – бірлікті нығайтатын, Қазақстанды жаңартатын, өрісін кеңейтетін, жетістігін еселейтін тарихи шараға айналды деуге болады.
Айхан ШӘРІП