Париж Олимпиадасында қазақ боксшысы Мұхамедсабыр Базарбайұлын жеңген грузин Лаша Гурули қарсыласымен бірге ас ішіп отырған фотосуретін көпшілікке көрсетті, – деп жазды Aikyn.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде жарияланған фотода қазақ пен грузин боксшылары бір дастарқан басында тамақтанып отырған сәт бейнеленген.
«Бұл – спорт. Бүгін мен жеңсем, ертең ол жеңеді. Бастысы, өзіңді жоғалтып алмай, еліңді ұятқа қалдыратын пікір жазбаңыздар. Қазақстан халқына құрметім шексіз», - деп жазды Гурули осынау фотоның астына.
Еске салайық, Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен Лаша Гурули Париж Олимпиадасының ширек финалында кездесті. Жекпе-жек тартысты өтіп, төрешілер жеңісті грузин боксшысына берген. Алайда, мұнымен келіспеген Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті төрешілердің үстінен шағым түсірді. Бірақ, бұл қадам кездесу нәтижесіне еш әсер еткен жоқ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.