Биыл 29 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының "Әскерилендірілген теміржол күзеті" ЖШС бас директоры Б.Наханов, оның орынбасары А.Мұқатаева және ЖШС бас менеджері Р.Сидиковқа қатысты аса ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін айыптау үкімі заңды күшіне енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, сот талқылауы барысында сотталушылар теміржол станциялары үшін бейнебақылау жабдықтарын сатып алу және монтаждау бойынша аффилиирленген компаниялармен шарттар жасасу жолымен өздеріне сеніп тапсырылған 159 млн теңгеден астам ақша қаражатын ұрлағаны айыптаумен дәлелденген болатын. Алайда, жабдық толық жеткізілмей әрі техникалық сипаттамаларға сәйкес келмей, кейбірінде ақау болды.
– Сидиковтің рөлі бақылаудағы кәсіпкерлерді табу және бейнебақылау жүйелерін өз бетінше орнату болды. Наханов пен Мұқатаева қабылдау актілеріне қол қойып, айқын бұзушылықтарға қарамастан мердігерлерге төлем жасаған.
Сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырыла отырып, 7 жылдан 8 жылға дейін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот сотталғандардан келтірілген шығынды да өндірді, – делінген хабарламада.