Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ведомство, жоғары оқу орындарының басшылары және Астана қаласындағы ЖОО докторанттары мен магистранттары қатысты.
Жиынның мақсаты – Орталық Азия мемлекеттерінің сарапшы-ғалымдары арасындағы диалогты күшейту арқылы бірегей кеңістіктегі, мәдени және саяси контексте тарихи үдерістерді зерделеуге және тарихи құбылыстарды бағалауға синхронды көзқарасты қалыптастыру үшін алғышарттар жасау.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов алғаш рет өткізіліп отырған халықаралық форумның алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
«Форумның міндеті – біріншіден, Орталық Азия мемлекеттерінің ғылыми-зерттеу құрылымдары арасында жаңа байланыстар орнату және қолданыстағы байланыстарды бекіту. Екіншіден, Орталық Азия мемлекеттерінің ғылыми мектептері арасында тәжірибе және ғылыми әзірлемелер алмасу. Үшіншіден, Орталық Азия елдерінің тарихы бойынша зерттеулерді жандандырып, жалпы тарихтың күрделі аспектілері бойынша ортақ тәсілдерді әзірлеу үшін жағдайлар жасау. Төртіншіден, жас тарихшыларды даярлау тетіктерін әзірлеп, жас ғалымдар арасындағы байланысты нығайту», – деп атап өтті ректор.
Сонымен қатар Орталық Азияның өткен тарихына тоқтала келіп, бұл аймақ түркі және парсы тілдес халықтардың мыңдаған жыл бойы бірлесе, тату көршілікте өмір сүріп келе жатқан ортақ территориясы бар, діні мен ділі бір, салт-дәстүр мәдениеті, тағдыры, тарихы ұқсас халықтар екенін жеткізді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық Азия тарихшыларының қазіргі уақыттағы өзекті пікірлері мен ой-тұжырымдарын форум соңында күтетінін және қатысушы ғалымдардың нақты ұсыныспен шығатындарына сенім білдірді.
«Орта Азияда біздің тарихымыз ортақ, сондықтан бүгінгі басқосу өте маңызды деп білемін. Бұл форум осындай форматта бірінші рет өткізіліп отыр. Келешекте тұрақты, үлкен бір салаға айналады деген ойдамын. Біз жалпы тарихты, ғылыми бағыттардың перспективаларын талқылап, ынтымақтастықты қалыптастыру үшін бұл диалог алаңы жай өткінші болмауын қалаймыз. Орталық Азия үшін біріктірілген ғылыми зерттеулердің пайда болуы, ортақ тарихымызды қайта қарастыруды бастау біз үшін өте маңызды. Ғылыми қоғамдастықта үлкен жауапкершілік бар. Біз ғылыми сараптаманы тарих ғылымына қайтаруымыз керек», – деп түйді сөзін министр.
Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының форумы көрші елден келген ғалымдарды да бей-жай қалдырмады. Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов бұл іс-шара өзекті тақырыпты қамтыған және дер кезінде ұйымдастырылған форум екенін атап өтті.
«Мемлекеттеріміздің басшылары аймақ ғалымдарының Орталық Азияның жалпы тарихын зерттеуге және бірлесіп жұмыс істеуіне барынша жағдай жасайды деп білемін. Орталық Азияда бізге зерттеуге қажетті құжаттар жеткілікті. Бұл құжаттар Орталық Азия өңірінде ежелгі өркениет пен ғылымның бұрыннан бар екенін тағы бір дәлелдей түседі және бізде ортақ басылымдар мен конференциялар болады деп үміттенемін. Маңызды фактор – кадрларды дайындау. Біз Орталық Азиядағы ортақ тарихымыздың дамуы үшін жұмыс істеуіміз керек», – дейді вице-президент.
Форумға қатысушылар пленарлық мәжілістен соң үш секцияға бөлініп, «Ежелгі дәуірден Тәуелсіздікке дейінгі Орталық Азияның тарихы мен мәдениетіне синхронды көзқарасты қалыптастырудың өзекті мәселелері», «Орталық Азияның қазіргі тарихы: тенденциялар, болжамдар, мүмкіндіктер», «Орталық Азия елдерінің жас ғалымдарының диалогы» тақырыбында талқылау өткізді.
Сонымен қатар қатысушылар жиын соңында күн тәртібіндегі мәселе бойынша арнайы қарар қабылдады. Оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы гуманитарлық байланыстарды жандандыру және нығайту; Тарихи құбылыстар мен процестерді, олардың интерпретацияларын бағалауда ортақ көзқарасты қалыптастыру мақсатында Орталық Азия мемлекеттері ғалымдарының ынтымақтастығын күшейту; Аймақтың табиғи және мәдени мұрасының бірегейлігін көрсетуге қабілетті «Орталық Азия» туристік брендін ілгерілету секілді мәслелер бар.
Өткізіліп отырған іс-шара Орталық Азия тарихшыларының тарихи-мәдени мұраларын тереңірек зерттеу мен талдауға және гуманитарлық білім саласындағы шығармашылық жұмыстардың жаңа көкжиегін анықтауға ықпал ететіні сөзсіз.