Өйткені ол демократиялық үрдістерді жетілдіреді. Сондықтан мемлекет азаматтық қоғамды дамытуға мүдделі.
Тұжырымдаманы әзірлеуге шақырып отыр
Бүгінгі қазақ қоғамы әркелкі топтар мен әралуан көзқарастары бар бұқара боп қалыптасқаны рас. Этностық та, діни де, гендерлік те, өмір салты жағынан да бір халықтың ішінде айырмашылық көп. Қазір көпұлтты, қостілді мемлекетпіз. Мұндай әралуандық тек бізге ғана емес, маңайымыздағы көптеген елге де тән. Оған да шүкір, тәуелсіздік таңында шатаспай құқықтық-зайырлы жолды таңдап алдық. Содан бері демократияны ту еткен Қазақстанда бүгінде басты құндылық – адам құқы мен оның бостандықтары. Бірде жеңіп, бірде жеңілгені бар, бұл ұстаным соңғы 30 жылда күн тәртібінен түскен емес. Қайбір елден ілгері, қайбір елден кейін азаматтық жолмен дамып келеміз. Ең бастысы, мемлекет пен қоғам арасында саналы да конструктивті әріптестік даму керек екенін түпкілікті де дұрыс түсіне алдық. 2020 жылы 27 тамызда бекітілген Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы соның жетекші құжаты боп отыр. Сол кезде ол І кезең – 2020-2025 жылдар, ІІ кезең – 2026-2030 жылдар боп қабылданған еді. Осы бірінші кезеңде көптеген заң өзгерді, соның ішінде Конституция жаңарды. Сол жаңарумен бұған дейін автократияны көздеген көптеген заң ескірді. Оның үстіне, жаһандық өзгерістер де бұл құжатты жетілдірудің өзектілігін айғақтап беріп отыр. Сол себепті екінші кезеңге дайындық басталды деуге болады.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мақсат – мемлекет пен азаматтық сектор арасында берік қоғамдық келісім орнату. Бұл жұмысқа сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдері тартылады. Олар тұжырымдаманың бірінші кезеңінде атқарылған жұмысты талдап, халықаралық тәжірибені сараптайды және әлеуметтік зерттеулер жүргізеді. Қазақстан Республикасы МАМ осы жылдың тамызынан бастап, азаматтық сектордың негізгі сегменттері бойынша зерттеулер ұйымдастырады. Қыркүйек және қазан аралығында ел өңірлерінде болашақ стратегияны қалыптастыруға өңірлік қоғамдастықтарды қарқынды тартуға бағытталған жария талқылаулар ұйымдастыру жоспарланған», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстанның қоғамдық даму институты сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдерімен терең сұхбат жүргізіп, жаппай сауалнама жасамақ. Осыған байланысты министрлік азаматтық қоғам өкілдерін, сарапшыларды және барлық мүдделі тарапты жаңа тұжырымдаманы әзірлеуге қатысуға шақырып отыр. Азаматтық қоғамды дамыту бойынша барлық ұсыныс 2024 жылғы қазан айының соңына дейін қабылданады.
ҮЕҰ үшін дербес заң керек
Азаматтық қоғам дегенмізде оны қалыптастыратын да, жүзеге асыратын да азаматтық ұйымдар екені белгілі. Мәселен, олардың қатарына партиялар, кәсіподақтар, діни бірлестіктер, кейбір БАҚ, Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) және тағы да басқалары кіреді. Солардың ішінде қай жағынан алғанда да ҮЕҰ-лар көш бастап тұрғаны аян. Өйткені олар араласпайтын сала жоқ. Сондықтан да Азаматтық қоғамды дамыту концепциясын жетілдіре түсуді олар ең бірінші кезекте қолдайды. Өйткені бұл салада қаншама жұмыс атқарылып жатыр. Десек те, шешімін таппай тұрған мәселе әлі де көп. Соның бірі Үкіметтік емес ұйымдар туралы дербес заңның жоқтығы.
«Біріншіден, қандай да бір қарым-қатынас заңмен реттелу керек екені белгілі. Азаматтық ұйымдар дегенде, ең бірінші кезекте Үкіметтік емес ұйымдар тұр. Өйткені олардың саны да көп, жұмысы да қарқынды. Бірақ осы ҮЕҰ-лардың өздерінің заңы жоқ. Ал олардың қызметі реттелетін «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» деген заңға қоғамдық ұйымдардың бәрі кіреді. Айталық, саяси партиялардың өздерінің заңы бар, кәсіподақтардың да, бұқаралық ақпарат құралдар туралы да, діндердің де өздерінің заңы бар. Олар біз сияқты коммерциялық емес ұйымдар туралы заңмен де, өз заңдарымен де реттеледі. Ал Үкіметтік емес ұйымдар сол 2005 жылы қабылданған заңмен әлі жүр. Жыл сайын ол өзгеріп түзетілгенімен, елеусіз ғана түзетулер енгізіледі. Негізінде, бұл заң мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы қарым-қатынасты тек қаржылық есеп бойынша ғана реттейді, одан артық еш пәрмені жоқ. Бұл Қазақстанның азаматтық қоғамының бүгінгі сипатын, оның көш басында тұрған ұйымдарға деген мемлекеттің көзқарасын білдірсе керек. Ал қоғамдық бастамалардың қайнар бастауында тұрған белсенді азаматтардың басын құрайтын Үкіметтік емес ұйымдар – азаматтық қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан да бұл тетіктің күшін реттейтін дербес заң керек», – дейді «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» Президенті Бану Нұрғазиева.
Қазір ол осы заңның жобасын дайындап, оны Парламентке жеткізу қамымен жүр екен. Айтуынша, қоғамдық бастамаларды қандай да бір мемлекеттік органдар немесе бизнес өкілдері жасай алмайды, олар қарапайым азаматтардың жеке құлшыныс-ынтасымен ғана жүзеге асырады. Ол адамдар идея үшін жұмыс істейтіндіктен, белгілі бір жағдайларда тегін де қызмет қыла береді. Қиын жағдайда қалғандарға көмек қолын созатындар, мәселен ауыр дертке шалдыққан науқастарға, әлде ерекше қажеттілігі бар балалары бар отбасыларға, жазасын өтеп түзеу мекемелерінен шыққандарға, жоғалып кеткен адамдарды іздеуге көмектесетіндер – солар. Қоғамның маңызды салаларында: жемқорлықпен күрес, нашақорлықпен күрес, алаяқтықпен күрес бойынша да жұмыс істеп жатқан қоғамдық бірлестік көп. Сондықтан да дербес заңда осынау азаматтық ұйымдар туралы жайттар бүге-шігесіне дейін жазылуы керек. Осы ретте қоғам белсендісі Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттен қырып ақша алып жатыр деген мифті де жоққа шығарды.
«Мәселен, елімізде 23 мың ҮЕҰ бар болса, соның тек 17 мыңы ғана жұмыс істеп тұр екен. Енді сол 17 мыңның 6 мыңы ғана өкілетті мемлекеттік органның, яки Мәдениет және ақпарат министрлігінің реестрінде тіркелген. Бұл реестрге енбесең, ешқандай грантқа да, тапсырыс қа қатыса алмайсың, мемлекеттен ешқанда да жоба ала алмайсың. Сондықтан да еліміздегі ҮЕҰ-лардың 3/1-і ғана мемлекеттен ақша алып отыр деуге болады. Қалғандары жеке сектордағы қаржымен, шетелдік қаражатпен күнелтуде. Олар мемлекеттен ақша алмағандықтан жабылып қалып жатқан жоқ. Тіпті, демеушілердің қаржысымен 20-30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық ұйым көп. Міне, егер заң болатын болса, біз осы тұстағы саяси-экономикалық, қаржылық, ашықтық мәселелердің барлығын көрсетер едік», – дейді ол.
Бану Ғаниқызының көтеріп отырған тағы бір мәселесі – азаматтық ұйымдардың экономикаға сіңірген үлесін бағалау. ҮЕҰ-лар нақты өнім өндірмейтіндіктен бұл санатқа жатпайды. Бірақ қалай болғанда да олар белгілі бір көлемде ұзақ жылдардан бері тұрақты жұмыс орынын қамтамасыз етіп отыр. 23 мың ҮЕҰ болса, соның әрқайсысында орта есеппен 5 адам жұмыс істейді десек, бұл 100 мыңнан астам жұмыс орны. Сұхбаттасымыз соның ескерілгенін сұрайды. Өйткені өзге мемлекеттерде мұндай тәжірибе бар.
«Осындай заң қабылданса, көп нәрсе шешілер еді. Өйткені ел өміріндегі өзекті проблемаларды шешу жолында белсенді азаматтар өздері ынта танытып, бас біріктіріп бірдеңе жасамаса, оған мемлекеттің артық қаржысы да, ресурсы да жоқ. Мәселен, зорлық-зомбылық көрген әйелдерді қорғау, аутизм балаларды емдеу, жазасын өтеп шыққандарды қайта әлеуметтендіру, жоғалған адамдарды іздеу, нашақорларды оңалту, қиын жағдайға тап болғандар үшін дағдарыс орталықтарын ашу сияқты тағы да басқа жұмыстар жеке бастамалардың арқасында жүзеге асып жатқанын ескеру керек. Одан бөлек азаматтық ұйымдардың ашықтығы дейтін мәселе бар, ел мүддесіне қарсы жұмыс істеуге жол бермеу керек. Түсіп жатқан қаражаттың, тек мемлекеттік қана емес, жеке қаражаттың да есебін беріп отыру қажет. Оны Қаржы министрлігі тек цифрлар түрінде алады, ал оның мақсаты мен тигізіп жатқан әсері туралы талдау жоқ. Бір сөзбен айтқанда, азаматтық қоғамды дамыту үшін қоғамдық бастамаларға жолды кең ашу керек. Оны барлық мүмкіндіктерін жетілдіре түсіп, мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да барынша қолдау керек. Ол үшін арнайы заң керек», – дейді Бану Нұрғазиева.
Біздің қоғам өте бытыраңқы
Келесі бір сұхбаттасымыз азаматтық қоғамды өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай деңгейде дамыту заң үстемдігін орнатуда, қоғамдық институттарды жетілдіруде, азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда, экономикалық бостандықта және биліктің ашықтығында жатқанын айтады. Өзімізді «құқықтық мемлекетпіз» деп атау аз, оны іспен де дәлелдеу қажет. Ең бастысы – заңның үстемдігін орнату. Әрбір азамат заңның барлығына бірдей екеніне және мемлекет оны қатаң сақтайтынына сенімді болса, азаматтық қоғам дамиды. Олай болмайынша, елімізде түк өзгермейді. Ол қалай өзгереді? Тек сот реформасы арқылы. Егер соттарымыз әділ және ашық болса, онда заң үстемдігі де орнайды. Ол үшін тәуелсіз сот жүйесі қалыптасып, соттар саяси қысымнан қорғалып, барлық істің әділ қаралуын қамтамасыз етуі керек. Бұл –Президент жанындағы Ұлттық әйелдер комиссиясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің Қоғамдық палатасының мүшесі, «Хақ» қайырымдылық қорының жетекшісі Тоғжан Қожалиеваның пікірі.
«Қазіргі Концепция ең бастысы елімізді біріктіретін, халқымыздың бір-біріне деген мейірімділігі мен татулығын дамытатын құжат болуы керек. Әйтпесе, қазіргі жағдайда біздің қоғам өте бытыраңқы. Дін жағынан да, ұлт жағынан да, тіл жағынан да, тіпті гендерлік саясат жағынан да алшақтап барады. Әлеуметтік жағынан бай мен кедей болып бөлінуге, жер жағынан, Алматы, Шымкент, батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстік болып бөлінуге дайын. Ертең қандай да бір қауіпті жағдай болар болса, біркелкі қоғам боп біріге кетуіміз қиын болуы мүмкін. Шындығын айтқанда, біз қазір осындай ахуалға тап болып отырмыз. Сондықтан бұл концепция елімізді, халқымызды біріктіретіндей, бүгінгі өзекті сұрақтардың нақты жауабын бере алатын концепция болуы керек», – дейді ол.
Ол үшін ешкімге алаңдамай, қорықпай бүкіл қоғам болып «қазақ» деген ортақ ұғымға келуіміз керек. Орысы болсын, кәрісі болсын, тәжігі болсын, бәріміз де бір «қазақпыз» деген идеяны дамытуымыз қажет. Мектепте қазақ тілі үстемдікке ие болуға тиіс. Бүкіл білім беру жүйесін қайта қарастыру керек. Біз тәуелсіз мемлекетпіз, Ресейден шыққан оқу методикасынан кететін кез туды. Мектеп бағдарламасына азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған пәндерді енгізу қажет. Балабақша 100% қазақ тілінде болуы керек. Сондай-ақ бүкіл заңнамалар мен құжаттық іс жүргізу ең бірінші кезекте қазақ тілінде жазылуы қажет. Еліміз біркелкі болмай, біртілді болмай біз тұтас ел бола алмаймыз. Азаматтық бірегейлік дегеніміз, міне осы.
«Ал біртілді қалай боламыз? Ол үшін қазірден бастау керек. Сонда бүгінгі ұрпақ өсіп-жетіліп, қоғам өміріне араласқан кезде, тілдік бірегейлік толық орнығады. Тәуелсіздік алған 30 жылда біз мұндай мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық. Қазіргі дүбәра қазақ тілі мен көптілді орта қалыптасып отырғаны соның кесірі. Әрине, көптілді болғанымыз дұрыс, бірақ қазақ тілі үстем тұруға тиіс. Осыны түсінетін уақыт келді», – дейді Мәжілістің Қоғамдық палата мүшесі.
Қоғамдық институттарды жетілдіруде де жасалатын жұмыс көп. Соның бір тармағы – волонтерлікті ынталандыру. Бұл қозғалысты дамыту әлеуметтік капиталды нығайтуға және азаматтық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Ал экономикалық бостандық жеке бастама мен бәсекелестікті дамыта отырып, экономикалық өсуді ынталандыруда, жаңа жұмыс орындарын ашуда жатыр. Біз банктер мен экспортерлерден құралған экономикалық модельден кетуіміз керек. Экономикада жекелеген топтардың мүдделері ғана көкселмеуге тиіс, ол әрбір азаматтың мүддесі үшін жұмыс істеуі қажет. Сол кезде ғана әлеуметтік әділеттілік туындайды. Ал қазіргідей табыс теңсіздігі әлеуметтік тұрақтылыққа ғана емес азаматтық қоғамның дамуына да кедергі келтіреді.
«Ол үшін билік ашық болуға тиіс. Еркін БАҚ – билік қызметін бақылаудың және азаматтарды ақпараттандырудың маңызды құралы. Азаматтар мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпаратқа еркін қол жеткізіп, саяси шешімдер қабылдау процесіне белсенді қатысу мүмкіндігіне ие болуға тиіс. Ол үшін тетіктер ұйымдастырылып, билікті орталықсыздандыру қарқынды түрде жалғасуы керек. Өкілеттіктердің бір бөлігін орталық биліктен жергілікті өзін-өзі басқаруға беру азаматтарға олардың өміріне қатысты шешімдер қабылдауға белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Ал азаматтық қоғам дегеніміз – осыдан басталады. Бізде оған ұмтылу бар, петиция институты соның бір айғағы. Десе де оны жүзеге асыруда жетілдіре түсетін тұстар көп», – дейді Президент жанындағы Ұлттық әйелдер комиссиясының мүшесі Тоғжан Бақытжанқызы.
Қоғам дамуы – ел дамуының басты шарты екені рас. Ендеше оның азаматтық бағытта дамығаны халықтың бақытты да, бақуатты күн кешуінің кепілі. Қазақстан соқтықпалы-соқпақсыз осы бағытпен жүріп келеді. Әрине, кідіріп, қиыс кеткен де кездер болды. Бірақ жасалған жұмыс аз емес, бірақ жасалмағаны одан да көп. Сол үшін де алдағы уақытта біз бұл тақырыпқа тағы да оралатын боламыз.
Нұрлан ҚОСАЙ