Қол қойылған құжатта ауыр вандализм үшін қылмыстық жауапкершілік арқалайтындардың жасы 16 жастан 14 жасқа дейін қысқартылды. Бұл – еліміздің тарихи мәдени және қоғамдық орындардағы тәртіпсіздікті жою мен адамдардың өзіне және айналасына деген мәдениетін жоғарлату мақсатында қолға алынған заң жобасы болып отыр.
Еліміз табиғаты бай, ерекше мекендерден кенде емес. Тарихқа көз тастар болсақ, бүгінгі бізге жеткен қазақ сахарасының қай түкпіріне барсаң да көнеден сыр шертер көп дүниеге қанық боларың анық. Әсіресе, табиғат аясындағы мұндай сакральді мекендердің ел мәдениеті мен туризмнің дамуына әсері ерен. Ең өкініштісі – сол жауһарлардың кейбір жағдайда адам колымен бүлінуі, беткі бөліктерінің боялып, әртүрлі есімдер мен ру аттары жазылып, айғыздалып жататыны. Шынын айтқанда, табиғаттың талай ғасыр бойы өз қойнауында сақтап келген дүниесін бүгінгі ұрпақ өз қолымен бүлдіруі өкінішті. Бұлай бола берсе, бассыздық жаппай белең алып кетуі де мүмкін. Сондықтан ел Үкіметі іске араласып, Президент тапсырмасымен оспадар әрекеттің алдын алуға байланысты жұмыстар нақты қолға алынды. Шаруаға бел шеше кірісіп, бірден іліп әкеткен «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері болды.
Жартасқа неге жаза береді?
2023 жылдың 21 қазанында «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтау мақсатында ауқымды акция бастаған болатын. Шараның кең көлемде өткізілгендігі көптің көңіліне қуаныш ұялатып отыр. Шындығында, кез келген тарихи мәдени орынға барған сәтте жартастар мен түрлі тарихи нысанның жағдайы еріксіз ішіңді ашытарлық күйде тұратын. Акция басталғалы осындай біршама орын қалпына келтірілген. Маусым айының ортасында жылдық еңбек демалысын алып, Бурабай мен Баянауыл курорттық аймағына бардым. Барған сәттен-ақ көл ортасындағы Жұмбақтасқа көзім түсті. Бірақ «Жастар Рухының» белсенділері қанша уақыты мен еңбегін сарп еткен тарихи тастың бетіне жаңасын жазып кеткенін көріп тағы налыдым. Ақ бояумен аттарын бадырайта жазған жандарды ұстап, қатаң жаза арқалатса, келесіде мұндай жағдай болмас па еді?
Тіпті, Бурабайдың басындағы осы Жұмбақтасқа адамдардың баруына тыйым салуы керек те шығар. Бұл туралы өз ұсынысын Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ашық айтты.
«Бұл – ақылға қонымды ұсыныс. Бүгінде жартасқа баруға және онда жүзуге тыйым салынбайды. Бірақ тас мүсіндерді бояуға тыйым салынады. Дегенмен мен бұл фактілердің (вандализм актілері) көбеюіне байланысты дұрыс ұсыныс деп санаймын. Әсіресе, жартасқа баруға тыйым салу туралы шешім қабылдау қажет», – деді Ерлан Нысанбаев.
Мәселе бір ғана тасқа байланысты көтеріліп отыр. Ал еліміздегі осы Жұмбақтас тәрізді көп орынның бәріне баруға тыйым сала берсек, жағдайды оңалтудың орынына ушықтырып алуымыз әбден мүмкін. Ал бұл пікірді Ерлан Нұралыұлы шарасыздықтан айтқанға ұқсайды.
Жартастарға есімін жазып, ессіздік қылық танытып жүрген жандарды тек үгіт насихат пен түсіндіру жұмыстары арқылы түзетеміз. Ал оған көнбесе жазаға тартқаннан басқа амал болмас дегенге саятын пікірді «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова айтып отыр.
«Акция барысында Жастар қанатының белсенділері автобус бекеттерін, балалар ойын алаңдарын, жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдерін, ғимараттарды жазулар мен бояулардан тазартты. Осылайша, белсенділер вандализмнің шеті көрінген нысандарды әлеуметтік желіге де жүктеп, тұрып жатқан қала мен аудандарды таза ұстауға шақырады.
Айта кетейік, Қазақстанның тарихи-мәдени орындары мен ескерткіштерін вандализмнен қорғау мақсатындағы акция барысында «Таңбалы тас» петроглифтерін, Ақбауыр» шатқалын, Ш.Құдайбердіұлының, С.Сейфуллиннің, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерткіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы қорғанын, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерін қоқыстар мен жазулардан тазартты. Одан бөлек, Ақмола төңірегіндегі туристік өңірлерде болдық. Әрине, белсенділердің жұмысын бағалап, акцияға өз еркімен келіп қосылған жастарға алғысымыз шексіз. Көп азамат ойламай жасаған істеріне өкініп те жатты. Мұндай жандардың көп болғаны қуантады», – дейді ол.
Айтуынша, қазір белсенді жастардың қатары толығып, біршама адамға жеткен көрінеді. Дегенмен қанша көп болса да қайталана беретін кері қылықтарды жоюға олардың түгел күші жетпейді. Ең алдымен азаматтардың санасын, ойын өзгертіп, табиғатты аялау керегін ұғындыру болып тұр.
«Қазір 1500-ден астам «Жастар Рухы» белсендісі мен еріктісі 500-ден астам табиғи, тарихи және мәдени ескерткішті тазартты. Акцияға қоғам белсенділері де қосылды. Мәселен, Kaz Alpine Club бірлестігінің басшысы Денис Лукьянчук өткен жылдың 13 қарашасында Ұлттық мұраны қорғау жөнінде петиция бастады.
Алты айдан аз уақыттың ішінде бұл бастаманы 16 мыңнан астам адам қолдады. «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері барлық қазақстандықтарды өзекті мәселеден тыс қалмауға және петицияға қол қоюға шақырып отыр. Әрине, жұмыс жалғаса береді. Біздің жастар жүрген жерлерінде өз қатарларын вандализм әрекетіне бармауға шақырады. Талай рет кездесулер де өткіздік. Нәтиже болады деп ойлаймын. Біз барып жазуды өшіріп, тыныш қана кете берсек, шаруа мұнымен тынбайтыны белгілі. Бұл туралы депутаттар да арнайы сауал жолдап, күрделі іске көмектесуде. Мысалы, тастағы бір ғана есімді өшіру үшін кем дегенде бір күн уақыт кетеді екен. Табиғатты қорғау туралы заңда ескерткішке қандай да бір өткір не химиялық жолмен зақым келтіруге болмайтыны айтылған. Тас болса да аялауымыз керек. Ережені ескерген біздің белсенділер ең қарапайым тәсілдерге көшеді. Тіпті, тасты таза сумен жуып шығамыз. Бұл – өте ауыр шаруа. Мұны істеген адам біледі. Сондықтан біз жуып-тазартып кеткен жерге қайта келіп, атын не өзге де сөзді қызылды-жасылды бояумен жазып кетсе жүрегіміз ауырады», – дейді А.Ескендірова.
Жаза қатаңдады
Президент қол қойған заң жобасында көрсетілген жаза бұрынғыдан бірнеше есеге ұлғайтылған. Бұл әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасалған қадам болып отыр. Себебі қоршаған ортаға залал келтіру ісіне өркениетті қоғам төзбейді. Сонымен Қылмыстық кодекстегі вандализм үшін жазада айыппұлдың көлемі де өсті. Мысалы, вандализм әрекеті анықталса тұлғаға 200 АЕК-ке дейін айыппұл тағайындалады. Бұл дегеніміз – шамамен 740 мың теңге көлеміндегі қаражат. Сонымен қатар 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Бұл ретте, ірі құқықбұзушылықтардан басқа, заң жобасында ұсақ бұзақылыққа да қатысты жазаны күшейту көзделіп отыр.
Әрине, жазаны қанша жерден күшейткенімізбен, ең бастысы, санаға вандализімнің кері әсері туралы ой қалыптастыру маңыздырақ. Бұл турасында «Жастар Рухы» жастар қанатының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекешев айтып отыр.
«Біз қазір ең алдымен түсіндіру жұмысына көп зер салып жатырмыз. Өкініштісі сол, жастар ғана емес, толысқан үлкен жастағы азаматтардың да осындай кері әрекетке баратынын байқаймыз. Қазір Зеренді, Бурабай аудандарында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Әрине, нәтиже де жоқ емес. Бұрынғыдай емес, адамдар тәртіпке ере бастады. Сондықтан жұмысты ешқашан тоқтатпауымыз керек. Қазір келушілер мен қонақтардың көп болатын кезі. Біз жартастағы жазуларды өшірумен қатар, түрлі жердегі қарағай мен талдарда, тіпті жартастың ұшар басындағы шыңдарға байланған шүберектерді шешіп, көзін жоюмен айналысып жатырмыз. Бұл да қиын шаруа болып тұр. Ұлттық ұғымда «Ақтық» деп атайды. Бірақ бұл да экология мен табиғатқа белгілі мөлшерде зиян келтіретіні түсінікті. Алдағы уақытта жартастарды қайта аралаймыз. Әрине, шаруа көп. Ең қиыны – тастағы жазуды өшіру. Дамыған елдерде мұндай жазуларды табиғатқа зиян келтірмейтін лазердің көмегімен өшіруге болатынын білдік. Алдағы уақытта осындай лазерлік құрылғыны алсақ біздің белсенділердің жұмысы өнер еді», – дейді Сұлтанбек Бекешев.
Әрине, арнайы құрылғы болса үлкен көмек болары сөзсіз. Жазуды өшірумен бірге оны жазушыларды бақылау да маңызды. Жартасқа жазу жазып жатқан жанды оның кім екеніне қарамай құқық қорғау ұйымына баяндау – біздің қоғамның санасына кірмеген үрдіс. Сондықтан теріс әрекетті дер кезінде анықтау үшін техника қажет.
«Мен осы Баянауыл өңірінің тумасымын. Табиғатымнан қоршаған ортаға деген жанашырлығым өзгеше. Тұмса табиғаттың бір тасын кері төңкеріп тастасаң да зиян келтіргенің. Осыны қазіргілер білмейді де. Жасыбай көлінің жағасында туып, сонда өсіп кейін табиғат қорғаушысы болдым. Қазір Торайғыр ауылындағы Өлкетану музейінің қызметкерімін. Жердің шырайын келтіретін осы табиғат. Жанашыр ретінде талай туристпен сөйлестім. Тіпті, тасқа жазу жазып ағашты кесіп жатқан жандардың әрекетіне тосқауыл болдым. Оларға «Жер анаға қас қылма, табиғат сенің қорғаушың» деген мәтелді түсіндіріп беремін. Талай жас райынан қайтып өзіме алғыс айтып кетіп жүреді. Кейбіреулерге бәрібір. Қазір мемлекет вандализмге қарсы күресті күшейтіп жатыр ғой. Өте дұрыс шешім. Тек табиғат жанашырларының, табиғат қорғаушыларының санын көбейту керек. Менің білуімше, осы Торайғыр көлі маңында 2-3 қана табиғат сақшысы бар. Олардың санын арттыру керек. Қатарға жастарды тартса деймін. Одан кейін түрлі техникамен, дрондармен жабдықтаса бәрі ойдағыдай болады. Ал табиғат қорғаушылар қатарына жастарды тартудың түрлі механизмінің бірі – оларды техникамен қамтамасыз ету. Жастар жаңа технологияның меңгеріп алған ғой. Әйтпегенде көп қорғаушының жасы зейнет қатарында», – деп сөзін аяқтады табиғат жанашыры Жасыбай Ізтілеуов.
Демала барып Бурабай мен Баянауылдағы көріністерді өз көзімізбен көргенде адамдардың кейбір әрекетіне налисың. Жуықта ғана өшірілген жазуы бар жерге қайта өрмелеп барып өз аттарын таңбалағандардың ісіне не айтарымызды да білмедік. Тіпті, кейбір жердегі биік жартасқа арнайы техниканың көмегімен шықпасаң онда өрмелеу мүмкін емес құсайды. Бірақ вандалдар сондай қиын әрі экстремалды орындарға шың бағындырғандай кейіпте шығып, өз есімдерін таңбалап кетеді. Мұнда қандай мақсат, қандай ләззат барын біз түсіне алмадық.
Былай қарасаң, вандалдар тіпті жер мен орынды таңдамайтын да секілді. Үлкен қалалардағы мәдени орындар мен демалатын саябақтарға да түрлі жағдайда зиян келтіріп жатады. Мысалы, былтыр жас белсенділер мен құқық қорғаушылардың араласуымен Астанада алты ай ішінде ӘҚБтК-ның 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша 555 хаттама толтырылған екен. Мұнда да сол әр жерге өз есімдерін не руын жазып қалдырғандар. Астана дейміз-ау жуырда әлеуметтік желіде Чикагоның қақ ортасындағы ескерткішке «Шымкент», «Атырау» деп өшпестей етіп жазып кеткендер де анықталды.
Сондықтан вандализммен күресудің кешенді шаралары тек табиғи қорықтар мен киелі орындарда ғана емес, жаппай ел аумағында жүргізілуі керек. Тіпті, кез келген азаматтың бойына табиғатты аялау қасиетін дарытудан бастаса істің оңалары сөзсіз.
Бердібек ҚАБАЙ