Атырау облысындағы ірі мұнай компаниясы мемлекетке 673 миллион теңге залал келтірген

Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Атырау облысының прокуратурасы жер қойнауын пайдалануды бақылау барысында ірі мұнай компаниясының мемлекетке аса көп мөлшерде залал келтіргенін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Анықталғандай, «ANACO» ЖШС 2018-2023 жылдар аралығында көлемі 4 237 248 м3 шикі газдың жоғалуына жол беріліп, жер қойнауын ұтымсыз пайдаланған.

– Бұл «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің 125-бабы 2-тармағы және 147-бабы 4-тармағының талаптарын өрескел бұзу болып табылады (көмірсутектерді өндіру оның жоғалуын болдырмайтын әдістер мен тәсілдер арқылы жүзеге асырылуы керек).

Қадағалау актісінің негізінде Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының батыс өңіраралық басқармасымен мемлекетке келтірілген залал мөлшері есептеліп, 673 130 278 теңгені құрады, – делінген прокуратура хабарламасында. 

Жер қойнауын пайдаланушы ерікті түрде жалпы залалдың 285 млн  теңгесін төледі.