Қазақстандық кабельдік арна Ресейдің «Бірінші арнасынан» бас тартты. Бұған ретрансляция тарифінің қымбаттауы және «1 канал» беделінің төмендеуі себеп көрінеді. Осының алдында әлеуметтік желілерде оның абоненттері «Цифровое телесемейство первого канала» аталатын топқа кіретін барлық арналар ағытылып тасталғанын хабарлаған болатын. Компания бұл ақпаратты растады.
«Бұл қадамға «Бірінші арна» телеотбасының» қазақстандық өкілдерінің ретрансляциялау құқығы үшін бағаны көтеретіні туралы кезекті талабы түрткі болды. Кейінгі бірнеше жыл бойы Қазақстан аумағында тарату құны жыл сайын жоғарылап келеді. Егер бұрын құқық иесі мұны инфляциямен немесе доллар бағамының өсуімен түсіндірсе, ал 2020 жылы ынтымақтастықты жалғастыру бағасын дистрибьютор қандай да бір негізсіз, біржақты түрде бекітті. Компания мұндай шартты қабылдай алмайды. Себебі ретрансляциялау құқығы тарифінің көтерілуі телевизия қызметін көрсетудің өзіндік құнына кері ықпал етеді. Яғни, ақырғы тұтынушы үшін қымбаттайды» деп мәлім етті кабельдік оператордың баспасөз қызметі.Компания бағаны көтеруге еш негіз жоқ деп санайды. Өйткені біріншіден, ресейлік «Первый канал» Ресейге еш ақысыз-пұлсыз тарайды.
«Сондықтан оның контенті эксклюзивті емес, оны кез келген адам интернет арқылы тегін қарай алады. «Бірінші арнаның» телевизиялық аудиториясы азаюда» деп дәйектеді кабельдік оператор.Оның үстіне, оны Ресей «телеотбасының» арналарды таңдауына мүмкіндік бермейтіні, барлығын топтама түрінде ұсынатыны ұнамайды. Осының алдында «Первый канал. Всемирная сеть в Казахстане» АҚ өкілі Ирина Калашникова 2020 жылға арналған келісімшарт бойынша ымыраға келмегендіктен, бұл оператордың абоненттері 11 ресейлік телеарнадан ағытылатынын хабарлады. Осылайша, солтүстік көрші идеологиясының «рупоры» өз әрекеті кесірінен өрісі тарылып отыр. Елдос СЕНБАЙ