Нью-Йорктің қымбат Бруклин ауданындағы пәтерді лотереядан ұтып алды

Тұрғын үй лотереясына 60 рет қатысқан 26 жастағы жігіт Нью-Йорктен пәтер ұтып алды. Енді осы Бруклиндегі пәтерін жалға алу үшін айына 2300 доллар төлейді.

Тұрғын үй бағасы әлемде ең қымбат саналатын Нью-Йоркте лотереядан пәтер ұтып алған бақытты тұрғынның оқиғасын businessinsider.com жазды. Aikyn.kz осы мақалаға сүйеніп, ұтысқа тігілген пәтерлерді пайдалану ережесін түсіндіреді.

26 жастағы Джош Аяла (Josh Ayala) Нью-Йорктің қымбат ауданының бірі Бруклиннен пәтер ұтып алды. Фото stroi-news.ru сайтынан алынды

Қолжетімді тұрғын үй лотереяларын Нью-Йорк қалалық тұрғын үйді сақтау және дамыту департаменті (HPD) және Тұрғын үй құрылысын дамыту корпорациясы басқарады.

2023 жылдың шілдесінде Aikyn.kz «Лотереяға қатысып, Нью-Йорктен пәтер ұтып алыңыз!» деген материал жариялаған еді. Онда Нью-Йорк билігі жүргізетін «Housing lottery» деп аталатын қалалық бағдарлама бар екенін, лотереяға тек орташа табысты адамдар ғана қатыса алатынын айтқан едік.

Осы лотереядан 26 жастағы Джош Аяла (Josh Ayala) Нью-Йорктің қымбат ауданының бірі Бруклиннен пәтер ұтып алды. Аяла лотереяға 60-тан астам рет қатысып, 2023 жылдың ақпанында жаңа пәтерінің кілтін алады.

Лотерея ережесі бойынша пәтерді жалға да, жекеменшікке де алуға болады. Жалға алу мерзімі алғашында 2 жыл, одан кейін оны созуға болады. Аяланың Бруклиндегі Гринпойнт (Greenpoint) көшесіндегі студиялық пәтерінің ауданы 150 шаршы метр. Бір адамға өте кең, ыңғайлы баспана, пәтердің жалға алу құны тұрақты – айына 2345 долларды құрайды.

Қолжетімді тұрғын үй лотереяларын Нью-Йорк қалалық тұрғын үйді сақтау және дамыту департаменті (HPD) ойнатады. Фото sacavoyage.fr сайтынан алынды

Джош Аяла қатысқан тұрғын үй лотереясында орташа есеппен әрбір 450-ші қатысушы жалдамалы пәтер ұтып ала алады. Джош Аялаға Бруклиннен пәтер ұтып алғаны туралы қоңырау шалғанда, ол таңғалған. Бұл 2023 жылдың ақпан айы болатын, Аяла осы көпқабатты үйді сатып алуға өтініш бергеніне 8 айдан астам уақыт өткен еді.

«Мен: Күте тұрыңыз, не болды? Мен бұл тұрғын үй кешеніне пәтерге өтініш бергенімді мүлдем ұмытып кеттім», – деп қатты толқығанын есіне түсіреді 26 жастағы Аяла.

Алғаш рет тұрғын үй лотереясы туралы Аяла 21 жасында бұрынғы жұмысындағы әріптесінен естиді.

«Біреу New York City Housing Connect туралы және олар қолжетімді жалдау ақысы бар жаңа пәтер ұтып алуға болатынын айтты. Мен ол кезде көшуге дайын емес едім, бірақ бұл жақсы бағдарлама деп ойладым. Мен көшкім келген кезде оған өтініш беруім керектігін түсіндім», – дейді Джош Аяла.

Екі жылдан кейін өзінің ата-анасынан бөлек, тәуелсіз өмірге қадам басатын уақыты келгенде ол отбасымен бірге тұратын Квинстегі үш бөлмелі үйін тастап өзінің жаңа баспанасына көшеді.

Джош Аяла Нью-Йорк бойынша әртүрлі ғимараттарға 60-тан астам өтінім жіберген. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторы: Josh Ayala

450 үміткерге арналған бір пәтер

Лотереялық пәтерге ие болу үшін пәтердің көлемі мен орналасқан жеріне байланысты өзгеретін белгілі бір кіріс талаптарына сай болуы керек. Жалға берілетін және жекеменшікке берілетін лотереяға қатысуға өтініш беру қол жетімді және тегін.

HPD тұрғын үй мүмкіндіктері жөніндегі комиссардың көмекшісі Эйлин Рейнольдстың айтуынша, үміткерлер АҚШ азаматы болуы міндетті емес және Нью-Йорк тұрғындарына басымдық беріледі. Бірақ HPD мәліметтері бойынша, бәсекелестік өте қатал, орташа есеппен бір жалға алу бірлігіне 450 өтініш келеді.

Арт-директор Джош Аяла Нью-Йорк бойынша әртүрлі ғимараттарға 60-тан астам өтінім жібергенін айтты. Ол табиғи жарығы көп түсетін кең пәтер алғысы келген.

Пәтер-студияда үлкен терезе, кір жуғыш, кептіргіш және ыдыс жуғыш машина бар. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторы: Josh Ayala

«Нью-Йоркте жылдың көп бөлігінде қыста суық немесе мұңды сияқты сезінемін. Егер мен тар жерде болсам және жарық болмаса, бұл менің психикалық денсаулығыма шынымен зиян тигізеді. Мен сондай-ақ жұмысқа ыңғайлы және метроның жақындығына қарадым», – деп түсіндіреді өз таңдауын жаңа пәтер иесі.

Ол бірнеше ауданда орналасқан пәтерлерді қараған, бірақ олардың ешқайсысы Гринпойнттағы қазіргі пәтер сияқты оған ұнамаған. Бұл пәтер-студияда үлкен терезелер, сонымен қатар кір жуғыш, кептіргіш және ыдыс жуғыш машина бар. Бұның бәрі пәтермен бірге берілген. Ол сондай-ақ East River Route паром терминалынан алты минуттық жерде орналасқан. Паромның келесі аялдамасы Манхэттендегі East 34th Street көшесінде. Аяла тұратын тұрғын үйден Greenpoint Avenue метро станциясына 8 минутта жаяу баруға болады.

Аяла өзіне ұнайтын орын тапқанын айтады. Пәтерді таңдағаннан кейін ол 1 айдың ішінде жалға алу шартына қол қойып, 2023 жылдың маусым айында жаңа баспанасына көшіп келген.

Пәтерге жарық мол түседі, кең көрінеді. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторы: Josh Ayala

Жақында ол жалдау мерзімін тағы бір жылға ұзартты және қазір ай сайын 2345 доллар жалдау ақысын және 230 доллар коммуналдық қызметтерге төлейді. Бұл Нью-Йорктің осы Бруклин ауданы үшін өте төмен жалдау ақысы деп саналады.

Тамыз айындағы соңғы RentHop.com деректеріне сәйкес Greenpoint-тегі бір бөлмелі пәтердің орташа айлық жалдау ақысы $4000 құрайды.

«Жалдау ұсыныстары (лотереяға ұтып алған) әрқашан бір немесе екі жылға беріледі – бұл өтініш берушінің таңдауы. Содан кейін ұзарту ұсынылады. Қаланың жалдау ақысын тұрақтандыру бағдарламасы жыл сайын жалдау ақысының өсуін шектейді», – дейді Рейнольдс. 

Аяланың айтуынша, бұл оның алғашқы үйі болғандықтан жаңа пәтеріне көшкен күн оған сюрреалистік әлемдегідей болып көрінген.

«Менде бұған дейін ештеңе болған жоқ еді, өйткені мен ешқашан пәтерде тұрмағанмын, сондықтан мен баспанаға жаңа заттар сатып ала бастадым, өзіме қажетті заттар іздедім. Бір жағынан мен қуаныштымын. Егер ол бұдан да үлкен болса, тазалау, күтіп ұстау және жабдықтау қиынырақ болар еді. Мен диванға, үстеліме және сол сияқты заттарға біраз ақша жұмсады», – деп қуанышымен бөліседі Аяла.

Оның пәтері шамамен 150 шаршы метр, табиғи жарықтың көптігі оны одан да кеңірек етіп көрсетеді.

Джош Аяланың ас үйі. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторы: Josh Ayala

Өмірді өзгерту мүмкіндігі

Нью-Йоркте тұру арзан емес, ал баспана – бұл үлкен қаладағы ең зор проблема. 2024 жылдың басында Нью-Йорктегі пәтерлердің орташа бағасы 785 000 долларға жеткен, орташа жалдау ақысы 3700 доллар болған.

Нью-Йорктегі жалдау ақысы 2022-2023 жылдары жалақыдан жеті есе жылдам өскен. Орташа есеппен жылына 135 000 доллар алатын (айлық жалақысы 11 250 доллар) қала тұрғындары да нарықтағы пәтерлердің көпшілігін жалға ала алмайды. Сондықтан Аяла өзінің тұрғын үй лотереясындағы тәжірибесін TikTok ізбасарларымен бөлісуге ынталы.

«Мен Нью-Йоркте өмір бойы өмір сүрген адамдардың көпшілігі бұл бағдарлама бар екенін білмейтініне таңғалдым. Менің ойымша, көптеген адамдар өздеріне берілген мүмкіндіктерді қолданбайды. Қаланың әртүрлі аймақтарын зерттеңіз, өйткені кез келген уақытта сізге қоңырау шалып, ұтып алған пәтеріңізді көруді ұсынуы мүмкін», – дейді Аяла.

Ол тұрғын үй лотереясының мүмкіндігін қолданып көп өтініш беруге кеңес береді. Лотереяға қатысу үшін туу туралы куәлік, банк құжаттары және төлем түбіртектері сияқты маңызды құжаттарды алдын ала жинау керек. Сонда тұрғын үй лотереясына өтінім беру процесінде қажет болған жағдайда оларды оңай ұсына аласыз.

«Өтінімдерді қараған адамға сіздің құжаттарыңыз түсінікті болуы тиіс. Сонда сіз өзіңіздің өтінімді қарау процесін жеңілдетесіз, бұл сізбен байланысуды да жеңілдетеді», – дейді Аяла.

Осындай тұрғын үй лотереяларын ойнату арқылы Нью-Йорк билігі қаладағы жалға алу құнын тұрақтандырып, әлеуметтік әділет орнатқысы келетін сияқты.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.