Іс-шара Алматы қаласы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесовтің модераторлығымен өтті. Шараға Абайдың туған ұрпағы Нұргүл Ысқақова мен «Алматы облысының музейлер бірлестігі» МКҚК аға ғылыми қызметкері Айбек Ережепов қатысты. Дәріс ақынның қатпары терең шығармаларына деген көзқарасты қалыптастыра отырып, әрбір қазақстандықтың тарихи сана-сезімін жаңғырту, Абайдың тағылым мектебі арқылы жас буынды адал ұрпақ қағидасына баулуға бағытталған.
«Мен Абай атамыздың кіші інісі Ысқақ атаның ұрпағымын. Ысқақ атамыз Абай атаға көмекші болған. Ол шаруақор, дене пішімі үлкен, салмақты кісі екен. Абай атамыз ғылыммен, біліммен айналыссын деп оның бүкіл шаруашылығын өз қолына алған. Кезінде ата-апаларымыз Құнанбай ұрпағы екенін ашық айта алмады. Кейбіреуі қуғынға ұшырап, көп бейнет көрді. Алайда қазір біз Құнанбайдың тікелей ұрпағымыз деп мақтана аламыз. Мұның барлығы еліміздің тәуелсіздігінің арқасы», – деді Нұргүл Ысқақова.
Кездесу барысында Айбек Ережепов Абайға арнаған арнауларын оқып, жастардың ұлы философтың шығармашылық жолы туралы қойған сұрақтарына ықыласпен жауап берді. Сонымен қатар қонақтар кітап оқудың маңыздылығына ерекше тоқталды.