Бұл мақалада Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақтанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық (1924-2020) туралы сөз етпекпіз. Үлкен ғалым болумен қатар, өнегелі ісімен де көпшіліктің көңілінен шығып, абыз-ана атанған аз ғана ғалымдарымыздың бірі еді.
Түреннен жол тартып, әр салада толағай табысқа қол жеткізген адамдар туралы қай нәрсе де болсын «алғашқы, тұңғыш» деген тіркестер қосылып айтылып жататыны бар. Міне, Рәбиға Сәтіғалиқызының осы тұрғыдан келгенде, қазақ тілші-ғалым қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ғылымдағы жетістіктері үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері болған тұңғыш ғалым қызы екені белгілі. Сондай-ақ «алғашқылар» санатына Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов туралы жазылған тұңғыш кітаптың авторы екендігін де айтып өтсек, артық болмас. Ғалымның ғылым есігін «халық жауының қызы» болғандықтан кеш ашса да, жемісті жетістіктерге қол жеткізген «тұңғыштар» қатарында танылған тұлға екені тағы да рас.
Саналы ғұмырының 60 жылын тапжылмай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы, тіл мәдениетінің бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, институттың беделін арттырып, қазақ тіл білімінде ғана емес, түркология саласына да танытар туындылар тарту етті. Ғылыми жұртшылық «Абай шығармаларының тілі» атты диссертациялық еңбегінде зерделенген зерттеулердің ауқымын арттырып, Абайдың поэтикалық тілін тереңдеп зерттеу нәтижесінде «Абайдың сөз өрнегі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Абай және қазақтың әдеби тілі» сияқты еңбектердің салтанат құрылуына себеп болды. Осынау Абайдың шығармалары туралы жазылған том-том еңбектерін ескеріп әрі Абай шығармаларының мұрасын жоғары деңгейде зерделегені үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанғанын да айтқанымыз абзал. Сондай-ақ XV-XIX ғасырдағы ақын-жазушылар тілі, орта ғасырлық жазба ескерткіштері тілінің тарихи мен лексико-грамматикалық құрылымы, тарихи-лексика, лингвостилистика, текстология, тіл мәдениеті салаларына арналған зерттеулеріне қызығушылық танытқандардың ғалымның еңбектерін ашық ақпарат көздерінен тауып алу мүмкіндігі мол екенін ғана еске салғымыз келеді.
Ғалымның орфография саласындағы еңбегін ерекше атап өтуіміз қажет. Орфографиялық сөздік жасауға жетекшілік етіп, оның ережелерін әзірлеудегі ерен еңбегі өз алдына бір мақалаға арқау болар дүниелер. Латынға негізделген қазақ тілі әліпбиіне көшу үдерісінде Рабиға Сыздықтың орфография ережелерін түзуде ұсынған ұстанымдарын басшылыққа алса, көптің көкейінде жүрген орфографияның көкейтесті мәселелерінің де оң шешімін табары күмән туғызбайды.
Ғалымның ғылыми-педагог кадрлар дайындау ісіне үлес қосқанын 30-ға жуық ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындағанынан, әрі ұстазының тың идеяларының кең тыныстап, одан әрі дамуына өзіндің үлес қосып жүрген тіл білімінің білгірлерінен байқауға болады. Реті келгенде айта кетейін, тек талантты шәкірті болып қана қоймай, ғалымның әркез қасынан табылып, қызындай болып кеткен, ауырып қалған кезінде ем-домын ас-суын әзірлеуге дайын тұрған, профессор Орнай Жұбаеваның еңбегін айырықша айта кетсек, орынды болар деп ойлаймын.
Әр ғалымның ғылым есігін ашуға, оның баспалдақтарымен батыл көтерілуіне ықпал еткен адамдар болады. Өзімді де Алматы шетел тілдері педагогикалық институтында кәсіподақ ұйымын басқарып жүрген жерімнен «әкімшілік жұмыс саған қол емес, ғылыммен шұғылданғаның дұрыс» деп Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, профессор Жәкен Молдажаров оқытушы етіп қызметке қабылдап, көрнекті ғалым, академик Шора Сарыбаевпен таныстырмағанында, ғылымдағы осындай биіктікке көтеріле алар ма едім, ай-қайдам?! Осы сияқты Рәбиға апайдың да ғылымдағы жолын ашқан біртуар тұлға Мұхтар Әуезов туралы таңды таңға ұрып, тіл мен әдебиеттің тығыз байланысын байқаған ұлы ғұламаның кеңесімен әдеби тілдің тарихын, ақын-жазушылардың тілін зерттеуге ден қойғанын бұл дүниеден өткенше бізге айтып өткеніне баршамыз куәміз. Иә, расында, Абай тілін зерттеуде жеткен толағай табысының бастауында ұлы ұстаз М.Әуезовтің әсері болғанын жалпы жұртшылыққа жеткізе кетудің де жөні бар екенін айтқым келеді.
Алаш ардақтылары әлі ақталмай тұрған кездің өзінде А.Байтұрсыновтың шығармашылығын зерттеуді қолға алған әрі оның негіздемелерін нық сеніммен дәлелдей алған, талантты ғалым болғанын ел білгенін дұрыс деп ойлаймын. Қазақ тіл білімін жасаған Ахмет Байтұрсынов деп, оның «Оқу-құралы» атты тұңғыш оқулық жазғанын, «Әліппе» жазу арқылы оқулықтар әзірлеудің әдістемелік негізін қалағанын және грамматикалық еңбектерінің ерекше екенін қызыл империяның қылшылдаған қылышынан қаймықпай, ол туралы алғашқы кітапты жазған да Рәбиға Сәтіғалиқызы екені көп айтыла бермейді. Алаш ардақтысы атанған, қазақ тіл білімі бастауында Ахмет Байтұрсынов тұрғаны туралы, оның шығармашылық еңбектері әр қырынан қарастырылып, монографиялық зерттеулер мен диссертациялық еңбектердің еселене түскені, әрине, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері ашық айтыла бастағаны белгілі, ал Кеңестік кезеңде ғалымның Алаш ардақтыларының еңбектерін зерттеу нысанасы ретінде алғаны көзсіз батырлық демеске амалың жоқ...
Тағы бір деректі Рабиға апайдың «халық жауының қызы» екендігіне байланысты өрбітсек. Мәселенің мәніне тереңдей түскенде, түсінгеніміз әкесі Сәтіғали Құтқожинның Алаш ардақтыларымен қарым-қатынаста болуы ғалымды осындай «атаққа» іліндірген екен. Қазір, әрине айтуға оңай! Ол кезде «халық жауының қызы» атанған адамның жан-күйін, тағдыр тәлкегін, қасына ешкім жақындамай, жапан далада жалғыз қалғандай сезінгені, тіпті парталас достары да бойын аулақ салып, бірге отырудан қашқақтағанын қаршадай қыздың психологиясына қалай әсер еткенін айту түгілі, ойлаудың өзі де қорқынышты еді...
Ұстазым, академик Шора Сарыбаев ылғи да «адам күліп жүру керек, күлкі адамның көңіл күйін көтереді әрі өмірді ұзартады. Күлкі болғанда да жарасымды күлкі ғана жаныңды жадыратады. Күлудің түрі осы екен деп, неге болса соған ыржалақтай беруге тағы болмайды» деп күлкінің 70 түрін зерделеп, ақпарат құралдарына жариялаған болатын. Олардың ішіндегі жымиып күлу, сызылып күлу, сырбазданып күлу, ахахалап күлу, қарқылдап күлу, жарқылдап күлу, еңкілдеп күлу, ырбиып күлу, жырбиып күлу, қойшы әйтеуір, айта берсек 70-ке де тез жетіп қалармыз... Ал Шөкең «сол 70 күлкінің ішіндегі ең кереметі, ең әдемісі Рабиға құрдасымның сыңғыр күлкісі» деп отыратын еді. Қай нәрсені болса да, боямасыз, қаз-қалпында, қызыл сөзсіз, дәл айтатын, дөп айтатын сөзінің жалғасы ретінде академик Рабиға Сыздықтың 90 жылдық торқалы тойында, ғалымның «төрт құбыласы түгел», ешбір қайғы-мұңы жоқтай, тек жұртқа жағымдылығымен жарастық танытып, әркез сыңғырлаған сылқым күлкімен көмкеріп алатын қасиеттерін ескере отырып, «Сыңғыр күлкілі Сыздықова» деп сөз сөйлегенім кеше ғана сияқты еді-ау. Міне, сол кезден бері де 10 жыл өте шығыпты…
Рәбиға апайдың спортқа тым құштарлығын көпшіліктің біле бермейтіні де рас. Шынында, көрнекті тілші-ғалымның спорттың бірнеше түрін, атап айтқанда, футболды, хоккейді жақсы көретінін әрі снукер ойынын түн ортасына дейін тамашалайтынын талай естігенбіз. Апайдың ет жақындарының сөзіне құлақ ассақ, жас кезінің өзінде суда жақсы жүзгенін, тіпті мылтық атудан да бір кісідей өнері бар екендігін айтады.
Рәбиға Сәтіғалиқызын білетіндердің, әріптестері, шәкірттері мен туған-туыстарының айтуына қарағанда, ол кісі ешкімді жамандауды, сыртынан сөз айтуды білмейтін еді деседі. Осындайда, «Жақсы адам өмірде жаман адам болмайды деп санайды, өйткені жұрттың бәрін өз сияқты ойлайды» деген даналық сөзге иек артсақ, Рәбиға Сәтіғалиқызын да осындай адамдар қатарына ойланбастан-ақ қосуға әбден болады.
Иә, көркем мінезді, үлкен дарын иесі, көрнекті ғалым, академик Рабиға апайымыз туралы талай естеліктер жазылары сөзсіз. Артында қалған том-том монографиялық еңбектері, жүздеген ғылыми шығармалары мен зерделі шәкірттері бар кезде академиктің екінші өмірі жалғаса бермек.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы
Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик