Қарттығымыз қамсыз ба?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осыдан тура 11 жыл бұрын, 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды.

Содан бері ол – болашақ зейнеткерлердің зейнетақы жинақтарын мол инвестициялық кіріспен қамтамасыз ете алмай, инфляцияға жем қылып келді. Биыл жағдай өзгерді ме?

«БЖЗҚ» АҚ биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысын шығарды. Жеткен нәтижелері бір қарағанда, таңдай қақтырады. Қор­да ғаламат көлемде қаржы жи­нақталған: 1 шілдедегі жағдай бойын­ша 12 162 195 салымшының зей­нетақы жинақтары 20 трил­лион теңгеге жетті. Нақтыласақ, 19 трлн 876 млрд 178,2 млн теңге!

Соның ішінде қазақ­стан­дық­тар – төл жалақысы мен табыстарынан, жұмыс беру­ші­лер – жалақы қорынан тек биыл­ғы жартыжылдықта аталған ква­зимемлекеттік қорға 1 трил­лион 216 миллиард 950,2 миллион тең­ге жарна құйды.

Мұның сыртында зейнетақы ре­формасы аясында 2024 жылғы 1 қаң­тардан бастап, қолында ең құ­ры­ғанда 1 жалдамалы жұмысшысы бар бүкіл жұмыс беруші «жұмыс беру­шілердің міндетті зейнетақы жар­наларын» (ЖМЗЖ) төлеуге мін­деттелді. Бұл да аталған қорды то­лықтырудың бір қаржы көзіне ай­налды. ЖМЗЖ 1975 жылғы 1 қаң­­­­тардан кейін туған жұмыс­кер­лер үшін ғана аударылатын бо­ла­ды. ЖМЗЖ көлемі қызметкердің ай сайынғы табысына байланысты болады және жыл сайын өсіп оты­рады: 2024 жылғы 1 қаңтардан бас­тап – 1,5%, 2025 жылғы 1 қаң­тар­дан – 2,5%, 2026 жылғы 1 қаң­тар­дан – 3,5%, 2027 жылғы 1 қаң­­­­­тардан – 4,5%, 2028 жылғы 1 қаң­тардан – 5%. Осы орайда жұ­мыс берушілер ЖМЗЖ ретінде қыз­меткерлерінің зейнетақы жи­нақтарына биылғы 6 айда ғана 98 миллиард 389,3 миллион теңге қар­жы аударыпты. 

Егер Үкімет келесі жылы Бір­жол­ғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) тү­рінде жеткіліктілік шегінен ас­қан зейнетақы жинақтарын мер­зі­мінен бұрын алуға тыйым салып та­стаса, онда қазақстандықтар осы миллиардтарды әзір игілігіне жа­рата алмайды. Зейнеткерлік жас­қа жетпей, қайтыс болса, мұн­дай мүмкіндіктен мәңгілік айрыл­мақ. Тек жинақтардан өз комис­сия­сын алып, жұмсайтын қор ғана ұтады. 

Бұл ретте БЖЗҚ-ның дүние салған салымшылары жи­нақ­­тау­шы шоттарында 27,8 мил­лиард теңге зейнетақы жинақ­та­рын қал­­­дырып кеткенін, оларға мұра­гер табылмағанын хабарлады. Қор­­дың бақиға аттанған салы­м­шы­ларының саны 259,6 мыңнан асты. Бұл 2024 жылғы 1 қаңтардағы ахуал. Қордың мұрагерлерін таба ал­маған салымшыларына қатысты де­ректер келесідей: ер салым­шы­лар – 186,8 мың, олардың жеке шот­тарында 21,5 миллиард теңге қордаланған. Әйел салымшылар – 72,8 мың, жеке шоттарындағы жи­на­ғының көлемі – 6,2 миллиард теңге.

Зейнетақы қоры зейнетақыға жарытпады

Зейнетақы саласында қалып­тас­қан жағдайды түсіну үшін қа­зақ­стандықтардың зейнетақысы не­ден құралатынын білген жөн. Зей­­нетақы қазір үш бөліктен тұра­ды. Біріншісі – базалық зейнета­қы. Ол зейнеткерлік жасқа толған­да Қазақстанның барлық аза­­­матына есептеледі. Базалық зейнетақы кө­лемі әр адамның жинақтаушы зей­нетақы жүйесіне қатысу өті­ліне байланысты. 2024 жылы база­лық зейнетақының ең төменгі мөл­шері 28 215 теңгені, ал ең жо­ғары мөлшері – 45 578 теңгені құ­райды.

Екіншісі – ынтымақты (ең­бек) зейнетақысы. Ол негізінен, ең­бек жолы Кеңес заманына және тәуел­сіздіктің алғашқы онжыл­ды­ғы­на тұспа-тұс келген қазақстан­дық­тарға ғана төленеді. Себебі ын­тымақты зейнетақы 1998 жыл­ғы 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай ең­бек өтілі бар азаматтарға арнал­ған. Көлемі соған дейінгі жыл­дар­дағы еңбек өтіліне және орташа айлық табысына қарай есептеледі. 2024 жылы ең төменгі ынтымақты зейнетақы 57 853 теңгені құрады.

Үшіншісі – жинақтаушы зей­не­тақы: ол азаматтардың жеке зей­нетақы шоттарында қор­да­ланған қаражат есебінен төленеді. Мөл­шері БЖЗҚ-ның әрбір са­лым­шысының жинаған қар­жы­сы­ның көлеміне тәуелді. Жинақ неғұрлым көп болса, зейнетақы соғұрлым көп болады.

Осы үшеуінің арасында қазақ­стандықтар соңғы­сы­ның тым мардымсыз екеніне ша­ғымданады. Үрейлісі сол, қа­зір­гі және келер ұрпақтың зей­нетақысы небәрі екі құрауыштан құ­ралмақ, бұл – базалық зейне­та­қы және жинақтаушы зейнетақы. Екеуінің де көлемі аз.

Мұғалім Ирина Ивановна 2022 жылғы желтоқсанда 60 жасқа толуына байланысты (жұмыс өтілі толық емес) зейнеткерлікке шық­ты. Шамамен 150 мыңдай зейне­тақы алады екен. Оның ішіндегі қомақтысы – ынтымақты еңбек зей­нетақысы: 85 мыңға дейіні со­ған тиесілі. Сонда қалғанының 38 мың­ға жуығы – базалық зейнета­­қы. БЖЗҚ-дан алатыны – 27 мың­дай ғана. Ирина апай жас бол­ғанда және болашақта зей­нет­керлікке шыққанда, ынтымақты зейнетақысыз бар-жоғы 65 мың теңгедей зейнетақыға күні қарап қалатын еді. 

Қордың өз салымшыларына тым аз төлем төлейтінін БЖЗҚ са­рап­шылары да жасырмайды. Олар әрбір салымшысының қар­тайғанда алатын төлемі қалай есеп­телетінін түсіндіре келе, келе­сі­дей мысалды ұсынды. Айталық, зей­неткерлік жасқа толып, қор­да­ғы ұзақ жыл жиған жинағыңыздың игілігін көретін күнге аман-есен жет­тіңіз делік. Бақытыңызға қа­рай, зейнетақы жинақтарыңыз­дың жалпы сомасы 6 миллион тең­гені құрады. Қор мамандары­ның айтуынша, БЖЗҚ-да 6 мил­лион жинай алған сіздің зей­нет­ке­р­ліктің бірінші жылында ала­­тын зейнетақы төлемдеріңіздің жыл­­дық сомасы 390 мың теңге бо­лады (6 000 000 х 6,5% = 390 000 тең­ге). Мұнда 6,5% қайдан шық­қан?

«2021 жылғы 1 сәуірден бастап кү­шіне енген өзгерістерге сәйкес, зей­нетақы төлемдерін жүзеге асы­рудың бірінші жылында зей­нета­қы төлемдерінің жылдық сомасы зейнетақы жинақтары сомасының зей­не­тақы жинақтары төлем­дері­нің мөлшерлемесіне 6,5%-ға кө­­­­бейтіндісі ретінде есептеледі. Зей­нетақы төлемдері жүзеге асы­рыл­ғаннан кейінгі жылдары, ай сайын­ғы зейнетақы төлемінің мөл­шері былтырғы ай сайынғы зей­нетақы төлемінің мөлшерін зей­нетақы төлемдерін индекстеу мөл­шерлемесіне, яғни 5%-ға ұл­ғайту жолымен айқындалады», – деді БЖЗҚ сарапшылары.

коллаж: Елдар ҚАБА

 

390 мың теңге қомақты сома бо­лып көрінуі мүмкін, бірақ бұл – ай сайынғы алатыныңыз емес, жыл­дық көлемі. Зейнеткер­лі­гіңіз­дің бірінші жылында ай сайын қал­таңызға түсетіні бұдан 12 есе аз: 390 000 теңгені 12 айға бөл­генде, айлық төлем 32 500 теңгеден шығады.

Зейнеткерлігіңіздің екінші жы­лында қолыңызға тиетіні де бұдан сонша көп емес. Кейінгі жыл­ға арналған ай сайынғы зей­нетақы төлемінің мөлшері: 32 500 + 32 500 х 5% = 34 125 теңге.

Ирина апайдың әмиянына тү­се­тіні бұдан әлдеқайда кем. Өйт­кені 11 жылдық жұмысы ке­зін­де БЖЗҚ азаматтардың жи­нақ­тарын еселеп көбейте алмай келеді. 

Зейнетақы жинағын депозитке салса ше?

Зейнеткер Қайыржан Жұма­баев «БЖЗҚ» АҚ басқарма төра­ға­сына жазған хатында болашақ зей­нет­кер­лердің жинағын қар­қынды арт­тырудың тамаша, со­ны­мен бір­ге қарапайым жолын көр­сетті.

– Менің зейнетақы шотымда қал­ған жинақ зейнеткерлікке шық­­қан 2021 жылдың желтоқ­са­нын­да 7,3 миллион теңгені құра­ды. Мұны БЖЗҚ жіберген көшір­ме растайды. Онда айтылғандай, сол 2021 жыл ішінде қор маған 780 мың теңге инвестициялық кіріс әкеліпті. Алайда келесі 2022 жылы кіріс 71 мың теңгеден ғана асты. Сон­да бұл 1% ғана болғаны ғой. Қа­зақстандықтардың зейнетақы жи­нақтарын банктердегі депозит­терге салғанда, олар орта есеппен ғана 13,5% кіріс табатын еді. Онда не­ге азаматтарға БЖЗҚ-дағы қа­ра­жаттарын екінші деңгейдегі банк­тердің депозиттеріне салып, молырақ табыс табуға мүмкіндік бер­меске? – деді Қ.Жұмабаев. 

Бұған дейін осы мәселені кә­сіп­кер Ботагөз Жұманова кө­тер­ген-тін.

«Нарықтағы ақшаны сенімді сақ­таудың ең қарапайым құралы – теңгедегі депозиттер. Кез кел­ген адам қарапайым банк са­лы­мын ашып, орта есеппен 10 пайыздан көп жоғары табыс таба алады. Бұл – біздің зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға жауап беретін сарапшылардың үлкен ко­мандасының жеткен нәтиже­сі­нен кем дегенде 30% жоғары. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарушы болып табылатын Ұлт­тық банктің инвестициялық қабі­лет­терінен баяғыда-ақ көңілім қа­лып, түңілдім», – дейді Жұма­нова. 

Мұндай ұсыныстарға Бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы қоры қыс­қаша, құрғақ жауап берді: «БЖЗҚ өз қызметін Қазақстанның заң­намаларында айқындалған та­лаптарға қатаң сәйкестікте жүзе­ге асырады. Қолданыстағы заңна­ма­да БЗТ-ны айтпағанда, зейнетақы жи­нақтарының, активтерінің ба­сым бөлігін екінші деңгейдегі банк­тердің депозиттеріне аудару мүм­кіндігі қарастырылмаған». 

Демек, ел Парламенті заңна­ма­­ны өзгертіп, соған рұқсат етсе, жағ­дай өзгеруі мүмкін бе? Не­ғай­был, өйткені мұндай бастамаларға Ұлттық банк қарсылық танытып ке­леді. Оның дәйектеуінше, он­да­ған триллион зейнетақы активтері жап­пай банктердің депозиттеріне орналастырылса, айналымдағы ақ­ша массасы еселеп артып, бұл ин­фляцияға серпін беруі, дева­ль­вацияға соқтыруы мүмкін екен.

БЖЗҚ жұмыскерлер мен жұ­мыс берушілер жиған 20 триллион тең­геге жуық жинаққа 2024 жыл­дың бірінші жартысында 1 трлн 209,1 млрд теңге таза инвес­ти­ция­лық кіріс қана қоса алды. Оның үл­кен бір бөлігі теңгенің құнсыз­дануы нәтижесінде алынған. Өйт­кені активтердің бір бөлігі дол­ларда сақтаулы.

«Зейнетақы активтерінің ин­вес­тициялық портфелін құралдар, са­лалар және валюталар бойынша әртараптандыру есебінен 2024 жыл­­ғы қаңтар-маусым айлары­н­да­ғы жалпы кіріс оң нәтиже көр­сет­ті. Инвестициялық қызметтің, сон­дай-ақ шетел валюталары ба­ғамдарының құбылмалылығы жә­­не қаржы құралдарының на­рық­­тық құнының өзгеруі нәти­же­сінде 2024 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық кіріс­тің мөлшері 1,2 млрд теңге болды. Салымшылардың шоттарына бө­лін­ген БЖЗҚ зейнетақы актив­терінің кірістілігі 2024 жылдың басынан бері 1 шілдедегі жағдай бойынша – 6,59%», – деп хабар­ла­ды қор өкілдері.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның мәліметінше, Қазақ­стан­да биыл­ғы жартыжылдықта (мау­сым айында) жылдық инф­ля­ция 8,4% болды. Яғни, Ұлттық банк пен БЖЗҚ-ның инвести­ция­лау­дан тапқан кірістілігі инфля­ция­ны да өтей алмады. Инфляция тоқ­таусыз жеп қойып жатқандық­тан, Үкімет қорды толтырудың түр­лі жолын апыл-ғұпыл іздеп жа­тыр. Мысалы, алым-салықтың ар­туы салдарынан онсыз да шы­ғынға батқан бизнестің қуатты қар­сылығына қарамастан енгі­зіл­ген «жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары» (ЖМЗЖ) – сол бағыттағы брейншторминг­тің туындысы. 

Енді Ұлттық банктің экс-төр-а­ғасы Григорий Марченко мен Қар­жы экс-министрі Болат Жә­мішев үш жылдан астам уақыттан бері халықты қуанышқа бөлеп келе жатқан Президенттің баста­ма­сына – БЖЗҚ-дағы артылған зейнетақы активтерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және ем­делуге ертерек алып қоюға тыйым салу бастамасын өткізді.  

Қор биылғы жартыжылдықта зей­нетақы активтері келесі құрал­дарға инвестицияланғанын хабар­лады: 44,34%-ы – Қаржы ми­нистр­­лігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына, 9,91%-ы – квази­мем­лекеттік компаниялардың об­ли­гацияларына, 4,08%-ы – отан­дық екінші деңгейдегі банк­терінің облигацияларына, 3,73%-ы – шет мемлекеттердің мемлекеттік баға­лы қағаздарына, 1,89%-ы – Қазақ­стан Республикасы эмитент­те­рінің ак­циялары мен де­по­зи­тарлық қол­хат­тарына, 1,73%-ы – микроқаржы ұйым­дарының бағалы қағазда­рына.

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойын­ша зейнетақы активтерінің ин­вестициялық портфелінің 63,41%-ы – ұлттық валютада, тек 36,58%-ы – АҚШ долларында сақ­таулы. Ендеше болашақ зей­неткерлердің жинақтары теңгемен бірге құнсызданып та жатыр.

Елдос СЕНБАЙ