«Мен» мен «менікі» және Эго

Абайдың бар мен жоқтың бойын бойлап, бақи мен жалғанның шекарасын оймен барлап, Хаққа тура бетін бұрып, жаныңды көзіңе көрсеткендей етіп сондай бір сеніммен нақтап тұр­ып айтқан сөзі – Жан мен Тәнге қа­тысты.

Соның ішінде тірі мен өлі адамның айырмашылығын, яғни Хаққа тиесілі «Мен» мен тірі пендеге тиесілі «Менікін» ажыр­атып берген Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» жә­не «Көк тұман – алдың­дағы келер заман» атты өлеңдері. Тіпті, Жан мен Тәнді дербес талдаған «Жетінші», «Қырық үшінші сөздерінде» де дәл осы өлеңдердегідей «Меннің» (Эгоның), яғни «Өзімнің» жігін ажыратып бермейді.

Қарабайырлап түсіндірсек: «Мен» – мынау он сегіз мың ға­лам­ды жаратқан Жа­ратқан Иемнің, яғни Хақтың өзі. Ал «Менікі» – тек әр пенденің же­ке өзі ие­лік ететін Тәні, тапқан мүлкі, сүрген өмірі. Сенімен бірге «Менікінің», яғни саған тиесілінің бәрі өледі. Тек ұлы озан­ды «Мен», яғни Алла сый­лаған «Жан» өл­мейді. Қазақтың, адамның бойынан жан шық­қанда: «Алланың өзі берген аман­­атын – өзіне қайтарды» деп жақын­дарын жұбатуында сон­дай емеуірін жатыр. Сонда, тумысыңнан бойыңа біткен жан, өлгеніңде неге екіге бөлі­ніп кетеді. Неге «Менікі» өліп, «Мен» мәңгі жаса­мақ? Ол неге «Менге» ілесіп, «қайтып кел­іп, ойнап-күлмейді»?

Сонда осы «Мен» дегеннің мағынасы не өзі? Оның таби­ғаты қандай? Күпірлік демеңіз, Абайдың өзі қойып отырған мә­селе болған соң, осылай сұр­ақ қоюға және жауап іздеуге мін­деттіміз.

Шиырлы ұғымдарға шы­ған­дап кетпес үшін әуелі адам жанының «Меніне» тоқта­лайық. Жан туралы пікірлердің бар­­лы­ғын жинақтап талдаған Насыр Хұс­раудың «Жәмиіне» берілген Халил Анданидің түсіндірмесі бойынша:

«Адамның «Мені» – Жан мен Тәннің қосындысы. Бірақ мұны сөзбе-сөз ұғынбау керек. Арис­то­тельдің пайымдауынша: Жан–  тәннің кемелдік кепілі. Тән–  қуат (күш) тұрғысынан ал­ған­да тірі (ағза, дене, яғни тірлік иесі). Ал Жан өзінің мах,ияты (болмысы) бойынша өмір сү­ре­ді. «Мен» – Жанның өзі. Өйткені тірі тән­нің өмір сүруіне мүмкіндік беретін қуат –  адамның жаны, яғни тән –  жан­ның көлеңкесі», – деп анық­тама береді (Jami`, 109, 110).

Демек, ақыли жәуһардың (жәу­һари-й ақли) дәргейіндегі «Мен» – саналы Жан иесі ретінде Тәннің және тән мүшелерінің қилы харакеттерін реттеп отырады, яғни дене (тән) – Жанның құлы. Ойлы сөз бен саналы пікір (нутқ) – адам жанының қабіл­етін білдіріп, мағынасын анықтай­тын бағдар безбені. Оның таразысы –  Хақ­қа тиесілі Кулли Ақыл, яғни Ақыл. Абай бұған:

«Ақлия дәлелім: Құдай тағала бұл ға­лам­ды ақыл жетпейтұғын келісімменен жаратқан, онан бас­қа, бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты... Пайда, зал­ал­ды айыратұғын қуаттың аты –  ақыл»,–  деп кепілдік ете баға­лай­ды.

Ал сол Ақылдың – амалын, Жан­­ның – қозғалысын қимыл-әрекетке келтіріп, ба­ғыт­тайтын қандай күш? «Менге» тиесілі ислами және еуропалық ілімді сал­ыстыра талдаған М.Иқбал бұ­ған:

«Біз Эгоны (Менді) – өзін қа­былдау, бағалау мен қалау еркі әрекеттері арқылы бағалаймыз. Эгоның (Меннің) тіршілігі –  эго­­ның (Меннің) қоршаған ортаға, ал қор­шаған ортаның Эгоға (Менге) кірігуімен шарт­танған қысым­ның (Яғни, Қуат­тың – Т.Ж.) бір түрі. Эго (Мен) бұл өз­ара кірігу аренасынан тыс­қары тұра алмайды. Ол онда ба­ғыт­таушы энергия (Қуат) ретінде тіршілік етіп, өзінің осындай тә­жі­рибе­сінің арқасында қал­ыптасып, тәрбиеле­неді» (82), ­­­­­–  деп жауап береді.

Мұндағы айтылып отырған «қысым» мен «энергия» дегені­міз –  кәдімгі Абай көр­сетіп бер­ген Жан қуаты. Ал Абай Жан қу­атын:

«Жан қуаты дейтұғын қуат – бек көп нәрсе... Бұл қуаттың іш­інде үш артық қуат бар, зин­һар, соны жоғалтып алу жарамас, ол жоғалса, адам ұғылы хайуан бола­ды, адамшылықтан шыға­ды», – деп таныстырады.

«Жан қуатының» ішіндегі пен­де атаулы білуге тиісті «үш артық қуат» не? Абай:

«Біріншісі, орысша «подвижной элемент» деп аталады. Ол не нәрсе? Не көрдің, не есіттің, әр­не­шік білдің, соны тездікпенен ұғып, ұққандықпенен тұр­май, арты қайдан шығады, алды қайда барады, сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамақ­қа тез қозғап жі­береді».

«Екі жағына да Ақылды қоз­ғамақ» дегенге қарағанда, бұл ара­да Абай «Кулли жан» мен «Кул­­ли табиғаттың» арасындағы «Са­налы Жанның» себепкерлігін меңзеп отыруы мүмкін.

«Екіншісін орысша «сила при­тя­гатель­ная однородного» дейді. Ол – бір нә­р­сені естіп, көріп біл­дің, хош келді, қазір соған ұқса­ғандарды тексересің... Бәрін ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, оқып, бөтен­нен хабарланып білмей, тыншытпайды.

Берілген мінездемеге қара­ған­да, бұл – Ынтызар, білмекке Құ­мар Жан.

«Үшіншісін, орысша «впечатлительность сердца» дейді, яғни жүректі мақтан­шақ­тық, пайдакүн­емдік, жеңілдік, салғы­рт­тық – бұл төрт нәрсе бірлән кірлетпей таза сақтаса, сонда сырт­тан ішке бар­ған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық раушан (нұр) болып түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайылады, тез ұмыт­тыр­майды».

Бұл сыпаттамадан «сезімтал» немесе төменгі жанның мінез-құлқ­ы байқалады.

Осы «үш қуатқа», яғни қазақ­тың тұрақты сөз тіркесімен айт­сақ, «Жанға тыныштық бермейтін» құштарлық – қандай құш­тар­лық немесе соған мәжбүр е­т­е­тін мұқтаждық – қандай мұқ­­­таждық?

Ол  –  МЕН  (ЭГО)!  «Мен»  тұрған­да,  «Менмендік» тұр­ғанда, Өзімшіл­­дік» тұр­ған­да тек:

«Ақыл қуаты бірлән мұны (Меннің мұқ­таждығы мен құш­тарлығын) тоқтатып бол­майды. Һәм ақыл, һәм қайрат – екі мық­­ты қуат қосылып (барып (Мен­нің» қа­на­ғатсыз пиғылын) тоқ­та­тады. Ол екеуі кімде бар болса, бағанағы екі қуаттың (Жан­­ның: екінші, үшінші түрі) қуаты – мұн­ан салсаң онан шы­ға­­­­­­тын бір жорға ат­пенен тең» болмақ.

Ал Абайдан кейін отыз жылдан соң өмірден қайтқан, Мус­тан­сыр Мирдің түсіндіруі бойын­ша: «Пәкістан мемле­кетінің рухани әкесі» саналатын ұлы ақын-философ Мұхаммед Иқбал (1938 ж.қ.б.):

«Меннің» тұтас Ақихаты – «Меннің» тікелей ұстанымында тұрады. Сіз «Менді» кеңістіктегі зат секілді немесе уақыт тәр­тібіндегі тәжірибелер реті секілді қабылдай алмайсыз. Сіз, «Мені» (яғни, «Менді»): «Менің тұжыр­ым­дарым, ерікті ұстаным­дарым, мақсатым мен ұмтыл­ыстарым» деген тұрғыдан түсі­ніп, бағалау­ыңыз керек», – деп пікір білдіреді.

Бұдан кейін Жанның «Мені» туралы мағлұматтармен толығы­рақ таныстыру мақсатында М.Иқ­бал­дың тәфсірлі тұжы­рым­дарын салыстыра отырып назар­ға ұсына­мыз. Өйткені мұнда, жоғарыда атап өткеніміздей, Жан мен «Мен­­­ге» (Эгоға) қатыс­ты арғы-бергі ғұламалардың пікірі тұжыр­ым­далып берілген.

Сонымен, Иқбалдың айтуынша:

«Адам – «айрықша индиви­ду­алдыққа» иелік ететін Болмыс (76). Оны физикалық денеде тір­­­­­­­­шілік ететін жаратылыс дегеннен гөрі, ол – осы физикалық де­н­енің Эго­сын немесе «Менін», тіп­ті оның тұлға­лық сифатын құ­р­ай­тын жаратылыс деген дұ­рыс».

Бұл Абайдың: «Ақыл мен жан –  мен өзім, тән менікі»  де­ген өлең жолымен сәйкес келеді. Мұндағы «Мен өзім» – эго, яғни адам, ал «тән менікі» деп отыр­ғ­аны –  «физикалық тұлға­лық сифат». Демек, М.Иқбалдың пайымдауынша:

«Эгоның (Меннің) Ақихат­тығы талассыз. «Тіпті, бұл Ақи­хатты – ақли тұрғыдан негіздеу тым терең, күрделі болғанның өзінде де, Эгоның (Меннің) Ақ­ихат ретінде бар екені дау туғыз­байды» (79) [.

Абай «Меннің Ақихат» екендігіне еш кү­мән келтірмейді. Сон­дықтан да:

«Ғұмыр өзі – Ақихат. Қай жер­де ғұмыр жоқ болса, онда кәмелет жоқ», – деп қыс­қа қай­ыр­ады.

Енді, ол «Менді» (Эгоны) кім және қал­ай билейді? әрине, ақыли сана. М.Иқбалдың дәле­лд­еуінше:

«Эгоның (яғни, «Меннің») – «адам санасының бірлігі» саналатын өз орталығы бар» (77) және ол «ішкі тәжірибенің бірлігі» болып табылады. Құранда айтылған­ындай, адамның Эгосы да (Мені де) Тарихпен және Т­аби­ғатпен қатар тұратын танымның қайнар көзі».

Абай ол «орталықтың қайнар күшін», яғни «ішкі тәжірибелік бірлікті» сәйкес­тен­діре іс-әре­кетке жұмылдыратын қуат­ты «Мен­нің» – Эгоның өзінен іздейді және оны:

«Ол, мен айтқан үш қуаттың ішіндегі екеуі, яғни «сила притягательная однород­ного» бірлән «подвижной элемент». Бұл екеуі қосы­лып тұра тұрған (кезде): күллі пайда да бұлардан шығады, уа күллі зарар да бұлардан шығады», – деп көрсет­іп береді.

Мұндай ықпалды «жан қуа­тына» ие:

«Эго (Мен) – өзін ментал (ақы­ли) күй­дің… бірлігі ретінде танытады» (79) және оның «бағыттаушы функциясы (міндеті) бар» (82).

Демек, бұл арадағы, денесіз, түрсіз, зат­сыз, тек сана мен көңіл күй ауанын туындайтын «ментал» терминінің мағына­сын – Діл деп тәржімалауға болар еді. Өйткені діл де, ментал да саналық (мыслительный), жұлынжүй­келік, (психический), зерделік (интеллектуальный) сапаны білдіреді. Сонымен қатар Абайда «фиғыли жан» деген тіркес бар. «Менталымыз» осы «фиғыли жан» болуы да мүм­кін. Оны нақ­ты бекітіп айта алмаймыз. Ендеше Абайдың:

«Соған ұқсаған іштегі жан қуа­тыменен жиған нәрсенің аты –  ақыл, ғылым» деген­дегі мең­зеп отыр­ғаны да осы «ф­иғы­ли жан» шығар.

Ол – Жоғарыда Иқбал атап көрсеткен «бірлік пен міндет үй­лестіруші, бағыттау­шы» орта­лық.

Ал орталық дегеніміз – соның барлы­ғының діліне ие болған «Меннің» – Эгоның нақ өзі. Одан басқа ділдік құ­бы­лысқа ие жаратылыс болуы мүмкін емес. Ақыл мен жан­ның «Менге» ауысқан­нан кейінгі «ішкі тәжірибелік нәти­же», Абай­дың тілімен айтқанда, «білім-ғыл­ым», харакет.

Иқбал «Менді»: «Әрекетшіл Мен» және «Бағалаушы Мен» деп екіге бөледі.

«Әрекетшіл Мен» – «нәрсе­лер­дің сырт­қы тәртібімен байланыста болатын күнделікті өмір­дегі прак­ти­калық «Мен» (38). Ал «Бағалау­шы Мен» – сананың ішкі тір­шілі­гімен байланысты болады. Мен­нің екі қыры ара­сын­дағы бұл айыр­машылық уақыттық болмысты салыстыр­ғанда ай­қын­дала түседі» [27, 2, 732].

Ендігі мәселе, Жаратқан ием жаратқан Ділдің тепе-теңдігін бұзатын сол «Меннің» – Эгоның мұқтаждығы мен құштарлығына кеп тіреледі. Өйткені:

«Оның іс-әрекетіндегі жөн­сіл­теушілік пен бағыттауды білдіретін бақылау элементі Эгоның (Меннің) еркін жеке тұлға­лық себептілік екенін көрсетеді»  (М.Иқ­бал, 86).

Мағынасы сәл бұлдырлау ой­дың ті­гісін жатқызып баян­дасақ, оның ұзын-ыр­ғасы мынадай: «Мен­­нің» – Эгоның өз мұқ­­таж­дығ­ы мен құлшынысын қанағат­тандыру үшін: не қаласа, соны істей алатындай еркіндігі бар, қазақылап айтсақ, «бас еркіндігі өзінде». «Тұл­ғалық себеп» деп сол қимыл еркіндігін атап отыр. Ал «фиғыл», ниет дегеніміз де тура осы мұқ­таждық пен құлшынысты тудыратын қа­сиет. «Тұлға» деген атау қашанда жа­ғым­ды мағынада айтылған­дығын ескерсек, онда «тұлғаның» бұл арадағы мағынасы, егер: «Жүректі – мақтаншақтық, пайдакүне­мдік, жеңілдік, сал­ғырт­тық – бұл төрт нәрсе бірлән кір­летпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық раушан (нұр) болып түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайы­лады, тез ұмыттырмайды. Егер де бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады, иә, қи­сық, иә, күңгірт көрсетеді. Енді ондай нәрседен оңды ұғым болмайды».

Мұхаммед Иқбалдың «Мен­нің» тарихы мен табиғаты Құр­анда да айтылған» деп отырғаны да сол «Меннің», «Өзімнің», Эго­ның – менмендігі, өзімшіл­дігі, қана­ғат­сыз­дығы, Абайша айтқан­да, «істің өл­шемін білмегендігі», яғни әлгі өзі айтып, біз нақты ан­­ық­тай алмаған «фиғыли жан­ның» пиғыл тілегі, нәфсісі. Егер: «Оны білмесең, бақпасаң – айы­рыла­сың. Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса – жарамайды. Өлшеу­ін білмек – бір үлкен керек іс. Ойлан­бақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ой­ын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады. Іш­пек, жемек, кимек, күл­мек, көң­іл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәр­селердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады».

Әрине, «Меннің», «Өзімнің», Эгоның және «фиғыли тілектің» «менмендігі нәф­сімен ғана шектелмейді. «Берген сайын «Бер!» деп тұрса, Жан шыдай ма? Шыдамайды. Тіпті, шыдаған күннің өзін­де, «Мен­нің» бойында «жақ­сы­ны жамылып» жаманатқа бастайтын: «Еркіндік пен жоспар­сыздық (бейберекетсіздік) сифат та бар» (М.Иқбал, 86).

Сондай-ақ фиғылда қандай қанағат, тәубе болушы еді? Ал Абай­дың пайымдауынша: «Оған итермелейтін де сол ақыл мен ғылым... Оның да неше түрлі кесе­лі, кесепаты тиер нәр­се­лері бар... «Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тарта­сың» деген. Баз махфи олмая (ол құпия болса да айтайын), ол: мен айтқан үш қуаттың ішіндегі екеуі, яғни «сила притягательная однородного» бірлән «подвижной элемент» – бұл екеуі қосыл­ып тұ­ра тұрған (тұра­тын) нәрсе, күллі пайда да бұлардан шығады, уа күллі зарар да бұлардан шыға­ды. Бұларды түбегейлеткенде – жақсы нәрсе­лерді түбегейлетіп, жаман нәрсе­лер­­ден, яғни жо­ғарғ­ы айтылмыш секілді адам­шылық­тан шы­­­­­ғарып, құмарпаз­дыққа салып жібере­тұғын нәрсе­ден бойды ерте тыйып алуға керек».

Абай, бұл арада: өзінің бүкіл шығарма­шылық-инсандық аң­сар-мүддесі болған «ақыл мен ғылымды» тәркі етіп отырған жоқ. Сол ақыл мен ғылымның кейде теріс пиғылға қызмет ете­тінін, мысалы, адамды өлтіре­тін неше түрлі қаруды жасауға итер­ме­лейтін ақыл мен ғылым­ның теріс пиғы­лын» әшкерелеп от­ыр, яғни өзінің «Он жетінші сөз­ін­­дегі» ғылымның Ақылға қарата:

«Ей, ақыл! Сенің айтқан­дар­ыңның бәрі де рас. Сенсіз еш­нәрсе табылмай­тұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен таныта­сың, жарал­ған екі дүниенің жайын да сен біле­­­сің. Бірақ сонымен тұрмай­сың, амал да, айла да, бәрі сенен шығады. Жақ­сының, жа­ман­ның екеуінің де сүйенгені, сенгені сен. Екеуінің іздегенін тау­ып беріп жүрсің, соның жаман», – деп айт­қан уәжі­нің астарын қайталап ашып отыр.

Ислами ойлау жүйесі мен дү­ние­ні қа­былдау танымдарының тарихын жаңа көзқарас тұрғысы­нан сүзгіден өткізіп, заман ағымы­ның ықпалы мен жаратылыс­тану және қоғамтану ғылымдарының же­тістіктерін философиямен үй­лестіруге ұмтылған Мұхаммед Иқ­бал «Мен» туралы талқылай келіп:

«Эго (Мен) (84) өзінің «өмірі мен еркіндігін Жоғары Эгомен (Яғни, Хақпен не Кулли ақылмен) бөлі­седі» (86-87), мұны жүзеге асыра­тын тәсілдердің бірі – құл­шы­лық арқылы орындалады (87)», – деген қорытындыға келеді. 

Хаққа мінәжат етуді Абай да: «Шүкірліктен ғибадаттың бәрі туады. Енді зинһар (есте сақта): әділет, шапқаттан (мейірім-шапа­ғаттан) босанбаңдар (айыр­ы­лмаңдар). Егер босансаң (айырыл­саң), иман да, адамдық та һәммасы босанады (айырыласың). Аллаяр Софының «Бір фәрдәдән йүз фәрдәə бижай» (Бір пердеден жүз перде жыртылады) дегені басыңа келеді», – деп міндет етіп қояды.

Бұл: мінәжат жасап, құлшы­лық ету – «Менді» менмендіктен, өзімшілдіктен, нәфсіқұмарлықтан құтқарады, өзіңді-өзің кішіпейіл ұстап,  – деп сақтауға үйретеді –  де­ген салауат сөз. Мұның себебін Мұхам­мед Иқбал: «Діни амбиция – филосо­фия­лық амбициядан жоғары тұрады. Дін қарапай­ым концепциямен қанағат таппайды, ол мақсат тұт­қан обьектісімен терең танымға және бай­лан­ысқа ұмтылады. Бұл байла­ныс­қа ұлас­тыратын дәне­кер –  ру­хани нұр­лану һаліне жет­кізе­тін құлшылық немесе мінәжат етіп жалбарыну... Ерекше қалыпқа ие медитация (мыс. Зікір салу) немесе құлшылық, яғни дұға етіп жалбарыну Жоғары Ақихатпен байланыс орна­туға мүмкіндік бе­реді... Исламдағы құл­шы­лық – Эго­ның «Меннің) құрсауынан құтылып, азаттыққа ұласудың жолы», – деп түсіндіреді.

Жалпы алғанда, құлшылық исі ислами ойлау және қабылдау жүйесінің, ислами философия­ның, сол арқылы филосо­фиялық «Меннің» де түпкі қорытынды нәтижесі. Сондықтан да Абай да оған мінәжәтпен: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмақ қарыз емес пе?.. Жасаушы махаббатпен адам баласын сүй­гендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүй­мектік қарыз емес пе?» – деп басын иеді.

Демек, «Меннің» мағыналы парызы – Жаратқан иеме сөзсіз мойынсыну. Иә, «Меннің» өзі соншалықты құдіретті күштер­дің – Жаратқан текті Ақылдың, Жан­ның, Тәннің саналы бөлшегі бола тұра, кемшіліктен ада емес. Бірақ:

– «Эгоның (Меннің) тіршілік бір­лігі ретіндегі шектеуден тұра­тын кемшіліктеріне қарамастан… оның асыл табиғаты барынша инклюзивтік, барынша әсерлі, сон­шалықты тепе-теңдікке ие және ай­рық­ша бірлікке ұмтыла­ды» (87). Яғни, шектеулі Эго (Мен) – Шектеусіз әрі Шек­сіз Эгоға (Менге), ислам терминологиясына салсақ, Құдайға (Аллаға) ұмтылады» (50) (М.Иқбал, 86).

Діни философияға қанша «сын­шыл көзбен» қарап, ақылға сап, «Шариғаттың: Илан! – дегеніне бірден мойынсынбай, ила­ну үшін ойланған» Абай, «ойлан­ып барып» ақыры Хақты танып: «Ен­ді Ақихат сүйіп, шынды білмек құм­арың бар болса, адам­шылыққа лай­ықты ықыласты құла­ғыңды қой. Әуелі дін ислам­ның жолын­дағы пенделер иман­ның Ақихатын білсін. Иман – дегені­міз бір ғана иланбақтық емес, сен Алла таға­ланың бірлігіне уәə Құр­ан­ның Он­ың сөзі екендігіне уә пайғам­бары­мыз Мұхам­мед Мұс­­­­­тафа с Алла­л­лаһу ғәләйһи уә сәлләм. Оның тарапынан елші екен­дігіне инан», –  деп уағыз айтады.

Егер, «илансаң», соңғы тұра­ғыңнан –  түп мекеніңнен, арсы-күрсіден орын аласың. «Меннің» төрі, яғни шегі – сол.

«Шегі бар Эгоның (Меннің) соңғы мұ­раты – өзінің болмысын жоғалтпай, өзінің өз қалпын сақ­тай отырып «барлы­ғын қамту­шы Эгомен (Хақ деңгейіндегі Менмен) қосылу» (93-94).

Бұған Абай да мойынса. Ол «Он үш­ін­ші сөзінде» сол Хақпен дидар­ласуға ұм­тылатын «Менге» ие пен­денің назарына: «Иман деген Алла тәбәрәкәə уәə та­ға­ланың шəриксіз (серіксіз), ғайыпсыз, бірлігіне, барлығына уә әртүрлі бізге пай­ғам­барымыз с Аллаллаһу ғалай­һи уәсәлләм ар­қы­­­лы жіберген жарлығына, біл­діргеніне мойынсынып, ин­ан­­­мақ. Иманға қарсы келерлік орында, ешбір пенде құдай та­ғала кеңші­лігімен кеше­ді-дағы демесін, оны­ң үшін құдай таға­ланың ға­фуы­на, яки пай­ғам­­барымыздың шапаға­тына да сыймайды, мүмкін де емес. «Қы­­л­ыш үстінде серт жоқ» деген, «құдай тағаланың кеш­пес күнә­­­сі жоқ» деген жалған ма­қал­­­­ды қуат көрген мұндай пен­денің жүзі құрсын», – деп ескерту жа­сай­ды.

Сонымен, ислами филосо­фия­дағы «Меннің» басты мұра­ты –  Хақпен дидарласу. Ал Хаққа тиесілі ғайып дүниесі­нің мұғжи­за­лары – Ақихатқа тән. Ол – мүл­дем басқа тәфсірдің тақыры­бы. Сон­­дық­тан да «Менге» қатысты бұл талқыны Мұхаммед Иқбалдың «Меннің» соңы туралы: «Өлім – шектеулі Эгоны (Менді) Шек­­сізбен (Хақпен) кездестіретін өтпелі қақпа. Бірақ қайта тірілу: «Эгоның бұ­рынғы жетістіктері мен келешек мүм­кін­­діктерінің қорытындысы шыға­ры­латын мекеннен басқа ештеңе емес» (96). «Тір­шілігінде Эгоның (Меннің) ізгі әрекеті­мен құнар­лан­ған болмыстар ғана бұл соқ­қыдан аман шығады және бұдан кейін де өсіп-өрлеуін жалғастыра береді. «Осылайша, ажалсыздық біздің жеке құқы­ғымыз емес, бұғ­ан жеке ыждаһат арқылы қол жет­кізу кажет. Жал­ғыз ғана үміт­ті болмыс бар, ол –  адам» (95), –  деп дүниенің бар тылсымын адам­ның өзіне әкеп тірейді.

Әлем мойындаған ұлы фило­соф­т­ың өзі «Меннің» кілтін адам­ға ұстатып отырса, біздің оны мойындамауға қақы­мыз жоқ. Бұ­ған қосарымыз, Алланың өз аман­атын өзіне берер кезде айтқ­ан Абайдың: 

Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсе керек, 

Мен де – пенде, амалсыз көнсем керек.

Қызығы зор қайран дос, қайран тату,

Сендер өлдің, мен-дағы өл­сем керек! – 

деген соңғы демі ғана.

Иқбал мұны: 

«Адамның соңғы тағдыры қандай болса да, бұл оның жекелік қалпын жо­ғалтуын білдірмейді. Құран: шегі бар болмысынан тол­ық босауды ешқашан адам­ның ең үлкен бақытына ба­ла­ған емес» (93; Hassan, 2008, 166), – деп баға­лап, үзіліп бара жатқан жан иесін жұбатқандай болады.

Сөйтіп, қазақы жоралғы бо­йынша. «Біреудің кісісі өлсе – қа­ра­лы боп, қаза көрген жүрегі жаралы боп, көзінің жасын тыймай жылап жүріп, зарланып әнге сал­ған» (жоқтау айтқан) соң, «Денең –  сол Өлеңмен (жоқтау­мен) жер қойнына кіреді». Сөйтіп, «Өмірдегі қызығыңның бәрі өлеңмен» басталып, өлеңмен аяқта­лады.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ