Гастрономиялық турдан жылына 70 миллион теңге табады

Бұл оқиға табыстың көптеген жолдары бар екенін, ізденген және еңбектенген адам кәсібінен пайда таба алатынын көрсетеді. Аңызға айналған Стив Джобстың сөзін өзгертіп айтсақ, «тоқтап қалмаңыз, ұдайы ізденісте» болыңыз.

Адам қандай жағдайда да қиындықтан жол таба алатыны туралы бір оқиғаны CNBC телеарнасы жариялады. Қазақ жастарына да өнеге болсын деген оймен бұл оқиғаны Aikyn.kz америкалық телеарнаға сүйеніп ұсынады.

39 жастағы Гудфриенд 2019 жылы коммуникация саласында жұмыс істеп жүріп гастрономиялық турларын ұйымдастыра бастайды. Фото CNBC сайтынан алынды

Шілде айының бұлтты сейсенбісінде Скотт Гудфриенд (Scott Goodfriend) бес адамнан тұратын топты Нью-Йорк қаласында «Атақты тағамдар» (Iconic Foods) турына дайындайды. Тур Манхэттеннің орталығындағы үлкен азық-түлік базарының кіреберісінде басталады.

«Бұл Нью-Йорктің иммигранттар орталығы болды. Көшіп келушілер қай жерден келсе де өздерінің дәстүрлі ұлттық тағамдарын, азық-түліктерін бірге әкелетін», – дейді Гудфриенд топ мүшелеріне. 

Экскурсияға Ferrara италиялық десерт орталығы, жергілікті Baz Bagel тоқаш дүкені кіреді. Бірінші аялдама – 30 жыл бұрынғы өнеркәсіптік үлгідегі Doughnut Plant дүкені болды. Оның бетон едені мен болат үстелдері бар, бәліштер тәрелкеге салып беріледі.

Гудфриенд дүкеннің негізін қалаушы Марк Изреал екенін, ол өзінің атасының бәліш рецептін тауып, оны 1994 жылы бизнесті ашу үшін пайдаланғанын әңгімелеп береді. Сынап көру үшін турға қатысушыларға үш түрлі бәліш ұсынады: Tres leches, Brooklyn Blackout және көкжидек.

«О, олар керемет», – дейді турға қатысушы жетінші сынып оқушысы.

39 жастағы Гудфриенд 2019 жылы коммуникация саласында жұмыс істеген кезде гастрономиялық турларын ұйымдастыра бастайды. 2023 жылы Meta-дағы жұмысын тастап, барлық уақытын өзінің Ultimate Food Tours (Үздік гастрономиялық турлар) компаниясына арнауды шешеді. 2023 жылдың мамыры мен 2024 жылдың мамыры аралығында ол 145 000 доллардан астам табыс табады.

Скотт Гудфриенд: «Менің ата-анам бізді Лос-Анджелестегі әртүрлі этникалық тағамдар мейрамханаларына апарғанды жақсы көретін». Фото linkedin.com желісіндегі Scott Goodfriend аккаунтынан алынды

Ол өзінің бизнесін былайша бастайды

Этникалық тағамдар Гудфриендтің өмірінің ажырамас бөлігі болды. Гудфриенд Лос-Анджелестің Калабасас аймағында өсті, отбасындағы екі баланың үлкені. Оның әкесі ипотекалық брокер, ал анасы UCLA медициналық орталығында жұмыс істеген. Оның отбасындағы тағамдар әралуан болды. 

«Менің ата-анам бізді Лос-Анджелестегі әртүрлі этникалық тағамдар мейрамханаларына апарғанды жақсы көретін. Менің әкем парсы тағамдарын жақсы көреді. Анам әрқашан суши мен жапон тағамдарына тапсырыс беретін», – дейді ол.

Өткенді зерделеу де ол үшін қызықты болғанын, әкесімен бірге History Channel арнасын жиі тамашалағанын айтады. Гудфриенд Колорадо Боулдер университетін 2007 жылы журналистика мамандығы бойынша бітірген. Содан кейін ол алдымен Лос-Анджелесте, ал 2011 жылы Нью-Йоркте реалити-шоуда жұмыс істеуге кетеді.

«Маған реалити-шоу ұнады, өйткені мен жобадан жобаға тезірек ауыса алатынымды сезіндім», – дейді ол.

2016 жылы ол Edelman деген ірі PR компаниясына жұмысқа орналасады. Компаниядағы алты жыл ішінде ол Web3 және виртуалды шынайылық бағытында жобаларды басқарды. Ал 2022 жылдың шілдесінде оған Meta-да кеңейтілген шынайылық құрылымында жұмыс ұсынылды.

«Мен сол кезде мақсатыма жеткендей болдым. Бұл жұмыс жылына шамамен 200 000 доллар табыс әкелді», – дейді Скотт Гудфриенд. 

«Чайнатаундағы гастрономиялық турдан тапқан алғашқы долларым 2019 жылдың қазан айында болды», – дейді Гудфриенд. Фото linkedin.com желісіндегі Scott Goodfriend аккаунтынан алынды

Гудфриенд Нью-Йоркке алғаш көшіп келгенде, қаланың әртүрлі аудандарын, ондағы әртүрлі асханаларды зерттей бастайды. Босниялық тағамдарды іздеу оны Astoria-ға (Queens), орыс халқына деген қызығушылық Sheepshead Bay (Brooklyn) шығанағына алып келді. Ақырында достары оның турлары туралы біліп, оларға да сондай турларды ұйымдастыруды сұрайды.

«Олар маған осы гастрономиялық турларға өтініш бере бастады», – дейді Гудфриенд.

Ол достары мен таныстарын хасид тұрғындары тұратын Borough Park ауданына, қытайлық қауымдастық тұратын Sunset Park сияқты Бруклин аудандарына апарады. Осылайша Гудфриенд бұл турларын шамамен сегіз жыл бойы жүргізеді, бірақ оларды достары үшін ұйымдастыру ұнағандықтан және бизнес пен веб-сайт құрудың қиындықтарын қаламағандықтан, оларды монетизациялаудан бас тартады. Яғни, ақысыз тегін ұйымдастырып жүреді.

Бірде оған досы Airbnb арқылы немесе сайт арқылы жергілікті турларды сату мүмкіндігі туралы кеңес береді. 2019 жылдың күзінде ол бір турын жариялайды.

«Чайнатаундағы гастрономиялық турдан тапқан алғашқы долларым 2019 жылдың қазан айында болды», – дейді Гудфриенд.

Гудфриенд Iconic Food турларын ашып, бизнесіне Ultimate Food Tours (Үздік гастрономиялық турлар) деген атау береді. Фото royalcaribbean.com сайтынан алынды

2021 жылы ол өзінің Iconic Food турларын ашып, бизнесіне Ultimate Food Tours (Үздік гастрономиялық турлар) деген атау береді. Ол осындай ауқымы мол және көңілді көрінетін атауды арнайы таңдайды және 2021 жылдың желтоқсанында өзінің веб-сайтын жасап, сервиске көбірек турларды қоса бастайды. Гудфриенд бұл кезде Meta-да толық уақыт жұмыс істеп, тек демалыс күндері экскурсиялар өткізіп жүреді.

«2021 жылдан 2022 жылға дейін мен аптасына 10 сағат, аптасына екі тур жүргізіп жүрдім», – дейді ол. Осылайша гастрономиялық турлардан (негізгі жұмысынан тыс) ғана 2022 жылы 30 000 доллардан астам табыс табады.

2023 жылдың ақпанында, Meta-ға жұмысқа тұрғанына сегіз ай өткен соң, Скотт Гудфриенд Meta-дағы жұмысын тастайды. Көп ұзамай ол барлық уақытын Ultimate Food Tours-ке арнап, өзінің стартапына жұмыс істей бастайды. Ол енді турларды ұйымдастыруға аптасына 80 сағатын арнайды.

Бұл уақытта Ultimate Food Tours әр адамға тамақты қосқанда 90 доллар болатын алты түрлі гастрономиялық турларын ұсынады. Орташа алғанда, олар 6-8 адамнан тұратын топтарға қызмет көрсете бастайды. Компания Broadway Bites және Famous Sites және танымал еврей тағамдары сияқты турлар өткізеді. Әрбір турды Гудфриенд өзі құрастырады және олардың екі-үшеуін жеке өзі жүргізеді, қалғандарын штаттан тыс бес гидке тапсырады.

Ultimate Food Tours компаниясының әлеуметтік желілердегі аккаунттарында гастрономиялық турлар туралы контент жариялайды. Фото cntraveller.com сайтынан алынды

Жақында Ultimate Food Tours (Үздік гастрономиялық турлар) Нью-Йорктің мейрамханаларымен серіктестік орнатып, жеке аспаздық сабақтарды да өзінің қызметіне қоса бастады. Бірегей тәжірибені іздейтін корпоративті клиенттер үшін бұндай турлар бір адамға 150 доллар тұрады. Сондай-ақ Гудфриенд компанияның сайтында аспаздық өнімдер сатады.

Алдағы уақытта Гудфриенд туристік гидтерге Сан-Диего мен Жапонияда ұқсас турлар жасауға көмектесу арқылы компанияны жаһандық деңгейде танытқысы келеді. Олар жұмыс істей бастаған соң Ultimate Food Tours «өзінің бірнеше пайызын» алмақшы.

Гудфриенд компанияның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында гастрономиялық турлар контент жариялайды. Origin Stories сериясы арқылы жазылушыларды Нью-Йорктің кейбір әйгілі тағамдарының тарихымен таныстырады. Серия болашақта «ұзақ мерзімді ағындық шоу ретінде» қызмет көрсететін болады.

Компанияның жалғыз қызметкері ретінде Гудфриенд аптасына 80 сағат жұмыс істейтінін айтады. Ол бұрынғы Meta-дағы жұмысына қарағанда айтарлықтай аз табыс табады. Бірақ өзінің кәсібі ұнайтынын айтады.

«Бұл менің армандаған жұмысым», – дейді Гудфриенд.

Әркімнің қабілеті мен қызығушылығына қарай өзіне ұнайтын кәсібін табуға қазір жақсы мүмкіндіктер бар. Тек бір орында «тоқтап қалмай, ұдайы ізденісте» болу ғана табыстың кілті екенін ұмытпайық.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.