Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Alarko Holding түрік компаниясының президенті Йылдыз Умит Нури «Бозарық» индустриялық аймағында қызанақ өсіретін ірі жылыжай кешенінің құрылыс алаңына капсула салу рәсіміне қатысты. Инвестициялық жобаның құны 650 миллион АҚШ долларын, оның жалпы аумағы 650 гектарды құрайды.
Жылыжай кешені жылына 155 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жобаның бірінші кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, толық іске қосылғанда 5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Өндірілген ауылшаруашылық өнімдерімен негізінен, қала тұрғындары қамтылып, тауарлар еліміздің өзге де аймақтары мен шет мемлекеттерге жөнелтілетін болады.
Қала әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және өсімдік шаруашылығында суды үнемдейтін озық технологияларды енгізіп, дамыту тапсырмасын іске асыру барысында бұл жобаның рөлі зор екеніне тоқталды. Әкімдік ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда дайын.
«Жобаны жүзеге асыру мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және бағаның тұрақталуына ықпал етеді», – деді қала әкімі.
Компания құрылыс уақытын қысқарту мақсатында Шымкентте жылыжай салуға арналған конструкцияларды шығаратын зауыт ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар жоба аясында халықаралық стандарт бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын мамандандырылған академия ашу жоспарлануда. Ауқымды жобаны жүзеге асыру жылыжай шаруашылығын дамытуға ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы