Ауыл тынысын ашқан жоба

Жамбыл облысы – қай кезде де өндірісімен танылған өлке. Сондай-ақ аймақ ауыл шаруашылығы саласын да алшаң бастырып, толайым табыстарға жетуде.

Оған дәлел, 2019 жылы Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасына жан бітіп, шаруалар баянды бастаманың шарапатын көрді. Жобаның бүгінгі бағыты қандай? Сынақ ретінде сүзгіге түскен тың жоба өз өміршеңдігін дәлелдей алды ма?

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінде жоба жаңаша түрлене түсіпті. Несие алуға ниеттілердің де саны күн санап артып келеді екен. 

– Әуел баста жобаны іске асыру үшін барлық округ зерделеуден өткізілді. Аудан мен ауыл әкім­дерінің арнайы жұмыс алгоритмі бекітіліп, жауапты мамандар оқытылды. Жұмыс топтар құрылып, әрбір елді мекендердегі аулалардың әлеуеті мен тұрмыстық жағдайы таразыланды. Округтерде бірнеше кездесу ұйымдастырылып, кооператив төрағалары анық­талды. Осылайша, жобаны жандандыруға біз жан-жақты дайындықпен келдік. Нәтижесінде, баянды бастама өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Атап айтсақ, жобаны жүзеге асыру барысында ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген екі үлкен мәселе шешімін тапты. Біріншіден, 2,5 пайыздық ең төмен несиеге халық­тың қолы жетті. Екіншіден, ауылдық жерлердегі мүліктер кепілдікке қабылданды. Бұрындары екінші деңгейлі банктер елді мекендердегі үйлерді кепіл­дікке алмаған болса, жоба осы түйткілдің түйінін тарқатты, – дейді Ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Төлебек Құлекеев. 

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы алғашқы жылы-ақ көптің қызығушылығын тудырғаны рас. Тіпті, өзге өңірлерден аймаққа азаматтар ағылып, жобамен жан-жақты танысуға ниет танытты. Сол тұста облысты басқарған Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен үлкен шара ұйымдастырылып, аймақтардан келген сала мамандары мол тәжірибе жинақтап қайтқан. Артынша «AMANAT» партиясы өкілдерінің ұсынысымен жоба «Ауыл аманаты» атауымен айдарланып, екінші тынысы ашылды. Міне, осы 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен жобаға 42,2 млрд теңге бөлініп, 62 ауылдық округтен 8 028 жоба несиелендірілді.  

2019-2022 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округтерде  мал басы  113 241 басқа жетсе, ет өндірісі  2 110 тоннаға, сүт өндірісі 3050 тоннаға ұлғайды. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1 254 адамға қысқарды.

2023 жылы 24 млрд теңгеге 10 ауданнан  4 076 жоба қаржыландырылып, бұл сомаға  252 мың басқа жуық мал сатып алынған. Сондай-ақ  ауыл шаруа­шылығы техникаларының санын арттыру, коопера­тивтерге айналым қаражат беру және өз кәсібін ашу сынды бағыттарда жұмыстар жүргізілді. 

Тағы бір айта кетерлігі,  2019-2023 жылдары  62 ауылдық округте  бір-бірден ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Аталған кооперативтерге жергілікті бюджет есебінен 3,5 млрд теңгеге 500 данадан аса ауыл шаруашылығы техникасы лизинг жүйесімен берілді. Бұл жұмыстар бүгінде жалғасуда. 

Ең қуанарлығы, 2023 жылы жоба аясында 1 597 адам жұмыспен қамтылды. Оның 945-і жұмыс іздеп жүргендер болса, 604-і жұмыссыздар санатына енгізілгендер. Ал 48 адам атаулы әлеуметтік көмек алушылар. Осылайша, жоба орта және шағын кәсіп­керлікті дамытып қана қоймай, тұрғындардың да «екі қолына бір күрек» тауып берді. Жобаның бас бармақпен бағалайтын тұсы да – осы. 

Биыл да жоба өзінің жемісті жолын жалғастыруда. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республика­лық бюджеттен 10,5 млрд теңге қаралса, бұл қаржыға 1 200 өтінімді несиелендіру арқылы 1 672 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Сондай-ақ  Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан қосымша кәсіпкерлік бағытында іске асырылатын 11,5 млрд теңгеге 1 476 жоба тізімі нақтыланып отыр.  Нәтижесінде, 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік тумақ.      

Ауыл шаруашылығы бағытында көкөніс қой­масы, жеміс-жидек өндірістік өнімдері, сүт цехын жабдықтау, құрама жем цехы, жылыжай, биогумис, бал өндірісін шығаруға өтінім берген 420 азаматқа 3,2 млрд теңге несие беру жұмыстары жүргізілуде. 

Кәсіпкерлік және өнеркісіп бағытына келсек, тігін және жүн өңдеу цехы, туристік глэмпинг, демалыс қызмет көрсету орындары, ауылшаруа­шылық дрондар, балабақшаны жабдықтау және құрылыс материалдарын дайындау сияқты 873 жоба  6,5 млрд теңгеге қаржыландырылуда. Ал 43 ауыл шаруашылығы кооперативі 1,1 млрд теңгеге жоба­ларын несиелендіріп жатыр.

Иә, бұл – жанға жылу беретін ақпар. Ал «Ауыл аманаты» жобасы 2029 жылы толықтай іске асады. Ол кезде 25 мыңнан астам жаңа жеке кәсіпкер пайда болып,  жылына 3,7 млрд теңге көлемінде бюджеттік түсімдер түсіп,  10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп межеленуде. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 8 мыңнан астам адамға төмендеп, соның салдарынан бюджеттік үнемдеу жылына 1 млрд теңгені құрамақ. Ресми тіркелмей өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 7 мыңнан астам адамға қысқарса, 1,5 есеге ет пен сүт өнімдері ұлғаяды. Үй іргесіндегі егіс көлемі 109,8 мың аулаға дейін жетіп, 2 есеге  көкөніс пен бақша дақылдары көбейеді. Бұдан бөлек, 2,5 есеге дәнді дақылдар мен мал азығы өнімін арттыру күтілуде.

Міне, осылайша «Ауыл аманаты» ауылдықтардың асыл арманын орындауда. Енді бес жылдың беде­­рінде жоспардағы меже жүйелі жүзеге асады деген үміт зор. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы